Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауданда не жаңалық?

0 334

Тоғызкентте Сапақ датқа ескерткіші ашылды

Cарысу ауданы, Тоғызкент ауылында қазақтың айтулы шешен биі әрі батыры Сапақ датқаның еңселі ескерткіші бой көтерді.
Ескерткіштің ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Сапақ датқаның ұрпағы, ескерткіштің бас демеушісі Аманкелді Зауырбеков қолдау білдіріп келген барша азаматтарға алғыс айтып, баба әруағына ас беріп, Құран бағыштады.

Ардагер ұрпағының игі ісі

Байзақ ауданы, Жалғызтөбе ауылдық округінің Аққия елді мекенінде сұрапыл соғыстың бел ортасында болған қарт майдангер Жетпіс Кембайұлының ұрпақтары мереке қарсаңында игі іс жасап, балаларға арналған ойын алаңшасын пайдалануға берді.
Ардагердің кенжесі Ахмет Жетпісұлының демеушілігімен бой көтерген алаңша отыз шаршы метрді құрайды. Онда бастырма, әткеншектер, сырғанақ, орындықтар орналасқан. Алдағы уақытта айналасын абаттандыру жүргізілмек. Ойын алаңы ауыл балаларына ыңғайлы етіліп, Ақберді көшесі бойына салынған.

Батыр Баукең атындағы турнир

Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында даңқты қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған футболдан аудандық турнир өтті. Оған 16 команда қатысып, жүзден жүйрікті анықтады.
Шараның қорытындысы бойынша, 1-орынды «Мыңбұлақ» командасы қанжығасына байласа, 2-орынды «Жуалы жас» командасы жеңіп алды. Ал «Қайрат-86» командасы 3-орынды місе тұтты. Сондай-ақ жарыста үздік ойынымен көзге түскен ойыншылар да марапатталды.

Таластағы тартысты бәйге

Талас ауданында ұлттық ат спортының тай, құнан және аламан бәйге түрлерінен жарыс өтті. Додаға Шымкент, Тараз қалалары мен Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Қордай, Сарысу, Тұрар Рысқұлов, Шу және Талас ауданының шабандоздары қатысты.
Алдымен 7 шақырымдық тай бәйгеде 20 айғыр бақ сынады. Сарысу ауданы, Жаңаталап ауылының «Ханзада» есімді тайға мінген Рамазан есімді жас шабандоз өзгелерді шаң қаптырып, бас бәйге 150 000 теңгені жеңіп алды.
Құнан бәйгеге барлығы 18 құнан тіркелді. Ұзақтығы 13 шақырымды Тұрар Рысқұлов ауданынан келген «Береке» есімді айғыр (шабандоз – Нұрқиса) басқалардан бұрын бағындырып, топ жарып, 300 000 теңгені иеленді.
Ат жарысының көркін қыздырған 25 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесі Сарысу ауданының «Ақ қолтық» атына (шабандоз – Нұрсұлтан) бұйырды. Бас жүлде – 500 000 теңге.
Аламан бәйгеге 7 орын, құнан бәйгеге 5 орын, тай бәйгеге 5 орын тағайындалып, демеушілер есебінен арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Тағы бір мәдениет үйі ел игілігіне берілді

Жамбыл ауданында тағы бір мәдениет ошағы пайдалануға берілді. Клубта 6 азамат жұмыспен қамтылып, домбыра мен ән үйірмелері, кітапхана келушілерге есігін ашты.
Жалпы бұл өлкеде бес мәдениет үйі және он бір ауылдық клуб тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Шуда 889 тұрғын жер теліміне ие болды

Биыл Шу ауданының тұрғындарына 2500-ға жуық жер телімі беріледі деп жоспарлануда. Солардың алғашқысы ретінде Төле би ауылдық округінен жер телімдері тұрғындарға үлестіріліп, көпшіліктің қуанышымен аудан әкімі Сәкен Арубаев бөлісті.
– Жер телімдері орналасқан алқапты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да толық жүргізілгенін айта кеткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деді аудан басшысы салтанатты шарада.

Отардағы Отбасылар аллеясы

Қарулы Күштердің 30 жылдығы қарсаңында «30 игі іс» акциясы аясында Гвардейск гарнизонындағы танкистер құрамасында Отбасылар аллеясы ашылды. Шараға қатысқан әскери қызметшілердің отбасы мүшелері бөлім аумағында ағаш отырғызды.
– «30 игі іс» акциясы Қарулы Күштердің 30 жылдығына арналып отыр. Бүгін әскери бөлім аумағында ашылып отырған Отбасылар аллеясы – соның бір парасы ғана. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет жетекшісі Айна Омарова.

Дайындаған Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.