Короновирус пандамиясы әлемдік дамуға орасан зор зиянын тигізіп, барлық елдерде ілгері даму мәселесін шиеленістіріп жіберді. Объективті түрде оның орбитасына Қазақстан да ілікті, өйткені еліміз әлемдік қауымдастыққа тығыз интергацияланып үлгерген.

Пәрменді және терең ойластырылған саясатты табанды жүзеге асырудың нәтижесінде короновирус пандемиясы еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне басқа елдердегідей аса қауіпті зардабын тигізген жоқ, жылдың бірінші жартысында экономикалық рецессия 1,8 пайызды ғана құрады (Ресей Федерациясында 3,6-4пайыз). Әлемнің біраз елдерінде елеулі рецессиялық құбылыстар орын алды, мысалы, Ұлыбританияның экономикасындағы құлдырау 2020 жылдың екінші тоқсанында 20,4пайызды, ал Экономикалық Ынтымақтастық пен Даму Ұйымына мүше 37 елдерде – 9,8пайызды құрады. BBC News ақпараттық агенттігінің мәлімдеуінше , Ұлыбританиядағы құлдырау бақылаудың бүкіл тарихындағы ең үлкен экономикалық құлдырау болып отыр. Ал Қазақстандағы жағдай тұрақты деп бағаланады, алаңдауға негіз жоқ. Renaissance Capital инвестициялық компаниясының эксперттері мұнайдың бағасы барреліне 20 долларға дейін құлдырағанның өзінде Қазақстанның өсу қарқыны биылғы жылы 2 пайызды құрап, ал 2021 жылы-5,1 пайызды қамтамасыз етініне сенімді.

Елімізде әлеуметті-экономикалық ілгерілеудің жол картасымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында таныстырып өтті. Ол қазіргі таңда шиеленісіп кеткен әдемдік жағдайды суреттей отырып, «қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. … Болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады» – деді. Бұл құжат өзекті мәселелердің терең ойластырылуымен және кешенді қамтылуымен сипатталады.

Президент Жолдауында Еліміздің дамуының өзекті мәселелері рет-ретімен жүйелі қамтылған. Жолдаудың ерекшелігі – тәжірибеде үндеу жасау барысында бірінші рет мәселелер тек қана шеңберлеп қоюмен шектелместен, оларды шешудің нақты механизмдері мен жолдары атап өтілген. Мысалы, Жолдаудың экономикалық блогын алып қарасақ, ел экономикасын дамытудағы және оны басқарудағы кемшіліктер атап өтілген, экономика мен өндірістерді диверсификациялап,өңдеу өнеркәсібін пәрменді дамыту (2025 ж дейін оның көлемін 1,5 есе арттыру), кәсіперкелікті сөз жүзінде ғана емес, нақты қолдау жасау, стратегиялық жобаларға нақты пакетті натуралдық қаржы бөлу, жеңілділіктермен қамтасыз етілген қаржыландыру, экспорттық қолдау жасау, мемлекет пен инвесторлар арасында стратегиялық инвестициялық келісім шарттар бекіту жаңа құралын ендіру, шағын және орта бизнесті пәрменді дамытып, ІЖӨ-гі оның үлесін 25 пайызға жеткізу және т.б. көптеген міндеттер шеңберленген. Міндеттердің орындалатынына толық негіз бар, өйткені Президент экономиканың локомотиві ретінде кәсіпкерлікті дамыту алғы шарт ретінде қарастырылған және басшылардың жеке жауапкершілігіне басты назар аударылған.Алға қойылған күрделі міндет – экономика мен жекеленген өндірістерді терең технологиялық диверсификациялау, қосылған құнның үлесі үлкен қайтара өңдеу салаларының өндірістерінің үлес салмағын жедел өсіру арқылы экономиканың қуатын арттырып, халықтың ақуаттылығын жақсарту. «Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды».Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру барысында Ел басшысы «біз өзіміздің артықшылықтарымыз бен нақты мүмкішіліктерімізді ескеруіміз қажет» – деп ескертті.

Жолдауда қамтылған кешенді іс-шаралар еліміздің бүкіл әлеуметтік-экономикалық өміріне жаңа серпін беріп, прогресске жетелейтіні сөзсіз.

Экономиканы қол сағатпен салыстыруға болады. Қол сағаттың ішіндегі шестеренкалар түріндегі элементтер біртұтас механизмді құрастырады. Егер бір шестеренкасы сынып қалса, немесе ақау пайда болса, онда бүкіл сағат тоқтап қалады немесе дұрыс жұмыс атқармайды. Экономика да өзара тығыз байланысқан және өзара бір-біріне тәуелді көптеген құрамдас бөліктерден тұратын аса күрделі организм. Оның бір бөлігіндегі оңды немесе кері өзгерістер экономиканың жалпы күйіне айтарлықтай әсер етіп отырады. Сондықтан қазіргі таңда нарықтық реформалар экономиканың барлық секторларын қамтитындай жүйелі және бірізді сипатта болуы тиісті. Сонымен қатар экономикаға тікелей экономикалық факторлармен қатар басқа да саяси, халықаралық, әлеуметтік, метальдік және әдет-ғұрыптық, мәдени, ішкі тұрақтылық сияқты көптеген факторлар әсер етіп отырады. Міне, осы қағида тұрғысында Жолдауда іс-шаралар кешенді қарастырылған. Осы кешенді іс-шаралар ұтымды және табанды жүзеге асырылса, Қазақстан экономикасы қайтадан үдемелі экономикалық өсу жолына түсуіне кепілдік береді.

Айгүл Ерсеитова,
Сардарбек Нарматов,
Дулати университеті, «Экономика» кафедрасы

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған