Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауғанның отты жылдары

0 2  239

1989 жылдың 15-ақпан күні Кеңестер Одағының әскері ауған жерінен шығарылды. Міне, содан бері 30 жыл өтіпті.


Арайлым Шабденова

«Интернационалдық борышын өтеу керек» деген үкіметтің өкінішті ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жерінің топырағын басып, дәмін татты. 1979 жылы осы ана сүті ауыздарынан кетіп үлгермеген балаң сарбаздар атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді. Ауғанстандағы 10 жылға созылған сол соғыстың жарасы жазылды ма? Қазақ халқы осы бір нәубет жылдардың тарихи бағасын толық бере алды ма?

Ресми деректерге сүйенсек, 22 269 қаракөз сарбазымыз Ауғанстанда қан кешіпті. Олардың 21-і із-түзсіз жоғалып, мыңға жуығына Ауған жерінен топырақ бұйырған. 1015 азаматымыз елге мүгедек болып оралған. Адамзат үшін соғыс қаралы ұғым. Өйткені қасіреті мен тауқыметі аяққа нық тұрған елдердің өзін есеңгіретіп жібереді. 10 жылға жалғасқан Ауған жеріндегі айқас солардың бірі. Бүгінде Жамбыл облысында тұрып жатқан 1136 азамат Ауған майданының ардагері болса, оның бес жүзге жуығы тараздықтар. 2238 күнге созылған соғыстан 71 жерлесіміз оралмаған. Ал оларға деген тағзым мен құрмет қашан да бөлек.

Тарих не дейді?

1989 жылдың 15 ақпанында КСРО халқы Әмудария өзеніндегі көпірдің үстінде Ауғанстаннан қайтқан 40-армияның жауынгерлерін салтанатпен қарсы алды. Кеңес әскерлерінің жекелеген бөлімшелері 1988 жылдың 15 мамырынан бастап Ауғанстан аумағынан шыға бастаған. КСРО тоғыз айдың ішінде әскерлерін бұл елден шығаруға міндеттеме алды. Бұл өте күрделі операция еді. 4 ақпан күні Кеңес Армиясының соңғы бөлімі Кабулдан шықты, ал 15 ақпанда 40-армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Б.Громов Термез қаласында «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ» деп басшылыққа баяндаған. Алайда өзеннің арғы жағында қалған шекарашылар тағы үш ай бойы Ауғанстанда жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Мәскеу тарапынан Ауғанстаннан әскерлерді шығару туралы ешқандай ақпарат болған жоқ. Америкалық баспасөздің мәліметтері бойынша осы операция кезінде Кеңес Одағының 523 жауынгері мен офицері қаза тауып, қаншама адам тұтқында қалған. 40-армия шыққаннан соң да шабуылдаушы можахедтерге қарсы қиян-кескі шайқастар болды. 1989 жылдың 23-26 ақпандағы «Тайфун» операциясы кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі он жылға созылған соғыстағы ең ақырғы ұрысы болды. Ауғанстан соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттері-нің бірі. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген айдаладағы Ауғанстан соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Сондықтан жыл сайын бұл күні табаны күректей он жылға жуық созылған соғыста қаза болған қаруластарының қабіріне барып тағзым етіп, еске алады, сүйегі шет елде қалғандарға бағыштап құран оқылады. Республика бойынша Ауған соғысы ардагерлерінің отыздан астам ұйымы бар.
Ауғанстан соғысы (1979-1989 жылдар) Кеңес үкіметінің Қарулы күштері үшін, соның ішінде қазақстандық жауынгерлер үшін КОКП ОК Саяси бюросының Ю.Андропов, Д.Устинов, А.Громыко, Л.Брежнев сияқты санаулы ғана мүшелерінің, аяқ астынан құпия түрде қабылдаған шұғыл шешімінен басталды. Сол кезде Ауғанстанда билікке таласқан ресми үкімет пен оппозиция (можахедтер) арасында қарулы қақтығыстар басталған болатын. Күрестің басты мақсаты Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. КСРО Саяси бюросы КСРО-ның ықпалын кеңейту мақсатында Ауғанстанға қол ұшын беріп, сыртқы агрессиядан қорғау керек деген шешімге келеді. Сөйтіп Ауған елін басқарып отырған шах Хафизулла Аминді алып тастап, орнына Бабрак Кармальді отырғызу туралы идеясын күш көрсету арқылы жүзеге асырды. Осылайша, Кеңес Одағының әскерлері ұзақ жылдарға жалғасқан қарулы қақтығыстардың қақ ортасынан бір-ақ шықты. Ауғанстанға әскер енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында, КОКП ОК Саяси бюросының отырысында түбегейлі қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілген екен. Бұдан бес ай бұрын 105-әуе десанты дивизиясының 111-парашютті десант полкі Баграм қаласына барып жайғасқан. Бұл Кеңес Армиясының Ауғанстанға кірген алғашқы бөлімі еді. 12 желтоқсан күні Қазақстан мен Орта Азия республикаларында жасақталған «мұсылман батальоны», артынша екі күннен кейін Баграмға тағы бір батальон кірген. Осы үш батальонның көмегімен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) жекелеген кішігірім отрядтары «Шторм» операциясына кірісетін болып жоспарланған. Осылайша, 27 желтоқсан күні Аминнің сарайына шабуыл жасалды. Бірнеше қала можахедтерден тазартылған. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП XXVII съезінде М.Горбачев әскерді кезеңге бөліп, ауған жерінен шығару жоспарын жасау керектігін мәлімдеген. 13 қарашадағы Саяси бюроның отырысында Михаил Горбачев: «Біздің Ауғанстанда соғысып жатқанымызға алты жыл болды. Егер бұл іске басқаша келмесек, әлі 20-30 жыл соғысатын боламыз» деп мәселені көлденеңінен қойған. Оның сөзін Бас штабтың бастығы, маршал Ахромеев те қолдап: «Біз Кабулды, провинциалдық орталықтарды бақылауға алдық, бірақ басып алған жерлерімізге билік орната алмадық. Біз ауған халқы үшін күресте жеңіліс таптық» деп ағынан жарылған. Сөйтіп, осы отырыста Ауғанстандағы барлық әскерді екі жылдың ішінде алып шығу туралы келісілген. Ауған соғысы аяқталған жылы «Правда» газетіне соғыстағы адам шығынының жалпы саны жарияланды. Онда қаза тапқандар 13 833 адам деп көрсетілген. Көрсетілген адам шығыны жыл сайын көбейе түсті. 1999 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша ішінде майданда өлгендер, жарадан, аурудан, оқыс жағдайдан қайтыс болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер бар, барлық қаза тапқандардың саны Кеңес Одағы Армиясынан – 14 427 адам, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен (КГБ) – 576 офицер, Ішкі істер министрлігінен – 28 адам. Барлығы – 15 051 адам. Жараланған, контузия алғандар – 54 мыңға жуық, ауырғандар – 416 мың адам. Кеңес Одағының ауған соғысынан көрген зияны осындай қасіретті болды.

Қазақтың төккен қанының
өтеуі немен өлшенбек?

Бейресми деректерге үңілсек, Ауған соғысына қатысты 800-ден астам кітап жазылыпты. Жиырмаға жуық деректі һәм көркем фильм түсірілген. Бірақ сол туындыларда бар шындық айтылды ма? КСРО мен АҚШ атты екі алпауыттың мүйіздесер алаңына айналған Ауғанстан халқының не кінәсі бар еді? Рас, ауғанның бейбіт халқының шөкімдей де кінәсі жоқ-ты. Социализм мен капитализмнің арпалысы сол кінәсіз халықтың қанын 10 жыл төкті. Сол 110 айға созылған сұрапыл кезінде 2,5 миллион ауған халқы жер бетінен жойылып кетті. 15 мыңнан аса Кеңес әскері опат болды. Бұл әділетсіз соғысқа қаншама ұлт өкілдері қатысты. Сол ұлттардың арасында біздің қазақтардың шоқтығы биік тұрды. Қазақ батыр ел екенін КСРО мен АҚШ-қа тағы да бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік алды. 2265 жерлесіміздің жоғары наградалармен марапатталуы осыны айғақтайды.

Ауған ардагерлері статусқа лайық

Ауған соғысы – әділетсіз соғыс. Ауған соғысы – мықтылардың текетіресі. Ендігі бар мәселе «тәуелсіз қазақ елі ол соғысқа қандай баға беру керек?» деген сұраққа ғана келіп тіреліп тұр. Мұндай сұрақтың қойылуында да мән бар. Мысалы, қазір «1941-1945 жылдарда болған екінші дүниежүзілік шайқасты «Ұлы Отан соғысы» деп атамайық, біздің Ұлы Отанымыз – Қазақстан» дейтін пікірлер айтыла бастады. Кейбір мамандар мұны бір дәуірдің ерлігін жоққа шығарып тастау десе, екінші біреулері мұны тәуелсіз санаға ұмтылудың белгісі санайды. Миллиондаған ата-апаларымыз қан кешкен Ұлы Отан соғысына осындай ойлар айтылып жатқан тұста, мыңдаған азамат от кешкен Ауған соғысын ақтап алу оңай емес. Бірақ, ақтауға болады. Өйткені бұл соғысқа қатысқан ардагерлердің еш кінәсі жоқ. Олар осы дәуірдің батырлары. Олар қазақ ұлтының оғландары қандай екенін әлемге танытты. Сондықтан да тәуелсіз ел ретінде Ауған ардагерлеріне арнайы статус беруге тиіспіз. Ел үшін, ұрпағы үшін Ұлы Отан соғысында от пен оқ ортасынан оралғандар мен ауған соғысында қан кешкендердің мәртебесін бөле-жара қарамауымыз керек. Өйткені соғыстың үлкен-кішісі жоқ. Қай-қайсысы да Отан үшін, мемлекет үшін басын оққа байлады. Мемлекеттің бұйрығын орындаған, Отан алдындағы борышын ерлік шежіресімен өтеген ардагерлерді ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.