Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі

0 173

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы №227 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай түрінде тағайындалып, төленеді.
Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен кедейлік шегінің арасындағы айырмасы ретінде анықталып, тоқсан сайын тағайындалады.
Сонымен қатар, АӘК тағайындалған аз қамтылған отбасылардың мектепке дейінгі жастағы балаларына – кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың орнына 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (5538 теңге) қосымша төлем төленеді.
АӘК-ті төлеудің мақсаты – шартты ақшалай көмек алатын отбасыларының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру. Өз кезегіңде, аз қамтылған отбасылардың жұмыссыз азаматтарына бағытталған жұмыспен қамту бағдарламасы аясында АӘК алушыларға бос жұмыс орындары ұсынылып, отбасының өмір сүру деңгейін жақсарту көзделген.
АӘК-ке үміткер отбасының материалдық жағдайына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, үміткер отбасының мұқтаждығын анықтайтын, яғни атаулы әлеуметтік көмек берудің қажеттілігі немесе қажеттіліктің болмауы аумақтық комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданады.
Учаскелік комиссияның құрамы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, мүлік иелері бірлестіктерінің, көппәтерлі тұрғын үйлердің жай серіктестіктерінің халықтың, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары мен уәкілетті органдарының өкілдерінен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен, 10 аумақтық округ бойынша учаскелік комиссия құрамы Тараз қаласының Әулиеата ауданы мен Жібек жолы ауданының әкімінің шешімімен бекітіледі. Барлығы 10 аумақ бойынша комиссия құрамына 82 азамат жұмылдырылған.
Шартты ақшалай көмектің еңбекке жарамды азаматтары жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда отбасының барлық мүшелеріне атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылады.
Атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген 537 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылды. Бас тарту себептері: отбасы құрамында зейнеткер ата-аналарының басқа да туыстарының бірге тұру фактілерін жасырып АӘК алушы жалған ақпарат ұсынғаны үшін, жеке меншігінде жылжымайтын мүлік немесе жер телімі, сонымен қатар бірнеше жеңіл автокөлік бар екендігі ақпараттық жүйеден анықталып және көрсетілген мекен-жайда нақты тұрмайтыны айқындалып дәлелді құжаттарымен (фото, видеоматериалы қоса тіркеліп), АӘК-ке мұқтаждығын айқындау өлшем-шарттарына сәйкес келмеуіне байланысты, еңбекке қабілетті азаматтары жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысудан бас тартуына байланысты, отбасының жиынтық табысы кедейлік шегінен асып кетуіне байланысты учаскелік комиссия қортындысымен АӘК тағайындаудан бас тартылды.
2025 жылдың сәуір айының есебімен Тараз қаласы бойынша, отбасының жиынтық табысы жан басына шаққанда кедейлік шегінен аспайтын – 1511 отбасының (7791 адамына) – 360,5 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек және 1 жастан 6 жасты қоса алғанда балаларға – 50,1 млн теңге қосымша төлем тағайындалып төленді.
Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға, көмектің тағайындалғаны немесе бас тартылғаны туралы мәліметті «Электрондық үкімет» www.e-gov.kz порталында жеке кабинетінен жүктеп алуына қолжетімді.

А.Алимбетова,
Тараз қаласы әкімі аппаратының
мемлекеттік көрсетілетін қызметті мониторингілеу бөлімшесінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.