Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ата Заң – елдігіміздің арқауы

0 293

Еліміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құрметтелетін тәуелсіз ел туралы армандарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнелейді. Қазақстан халқы осыдан 24 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, бағыт-бағдарын айқындап, алға қойған мақсаттарына жету жолында жаңа қадам жасап, жаңа Конституцияны қабылдады.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілді. Бұл оқиға сол кезде қазақ халқы үшін, біздің мемлекетіміз үшін үлкен қуанышты жағдай болды. Өйткені Кеңес одағының құрамында жүргенде, біздің республикамыздың Конституциясы Одақтық Конституцияның сарынымен жасалып, сол арқылы жұмыс істейтін.
Ал Қазақстан дербес мемлекет болып құрылған соң қабылданған, реттелген, бірізділікке келтірілген Конституцияның бірінші ерекшелігі – мемлекет басқару жүйесін толық бір жүйе ретінде қарастыруы. Яғни заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін өз алдына бөлек орган ретінде емес, тұтас құрылымдық жүйе етіп қалыптастырып, олардың міндеттері және жауапкершілігін белгілеп берген Конституция болды.
Конституция латыннан аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді. Яғни өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің, ел-жұрт болып бірігіп мемлекет құруымыздың айғағы.
Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары құқықтар жөніндегі билль деген атпен қабылданған. Жазбаша Конституция ең алғаш 1787 жылы АҚШ-та, 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келген. Қазақстанда тұңғыш рет 1924 жылы, одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды. Ал қазіргі қолданылып жүрген Конституцияға дейін, яғни Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған болатын. Бірақ 1993 жылғы Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік ережелеріне, көбінесе кеңестік демократия қағидаларына негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүзеге асыру нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген еді. Осыған орай, 1995 жылы жаңа Конституция қабылданды. Оның ерекшеліктері сол, заң шығарушы, атқарушы сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап береді. Мемлекеттік лауазымды адамдардың, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол бермейді.
Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүние жүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендіру мақсатында еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етуі үшін жағдай жасалды.
Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Ата Заңның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін білдіреді. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану халық суверенитетінің көрінісі болып табылады. Халық өз билігін тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Халықтың еркін көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан қазіргі кезде басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың ел Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту. Егер біз осы міндетті орындасақ, алдыңғы қатарлы Қазақстан мемлекетінің қалыптасқаны.
Конституция күні жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін осындай жетістіктерімізді еске алу және жоспарларды жұртшылыққа жеткізу – әр азаматтың парызы. Өйткені елдің жеткен биігі – біздің жетістігіміз.

Дәурен Дайрабаев,
Жамбыл облыстық әділет департаменті
басшысының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.