Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қатаң талап, нақты тапсырма

0 174

Қала әкімі демалыс күндері шаһардың бірқатар нысандарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.

Арайлым Шабденова. Суретті түсірген Ю.Ефимов

Шаһар басшысы бірінші кезекте Халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты. Мұнда атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар қабылдануда. Қала әкімі жұмысты оңтайлы ұйымдастыру үшін қызметкерлердің екі кезеңмен құжат қабылдауын, сонымен қатар нәтижелі жұмыспен қамтудың екінші тетігі бойынша шағын және орта бизнесін ашуға ниетті азаматтарды несиелендіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Одан кейін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде болды. Мұнда бөлім басшысы Гаухар Олжабаева қала әкімін бөлімнің жұмысымен таныстырды. Бүгінгі таңда бөлімге 4748 адам әлеуметтік көмек алуға өтініш берген. Олардың 1729-ына көмек тағайындалған. Жалпы қала бойынша 20 мыңдай адам әлеуметтік көмек алады деп болжанған. Қала әкімі бір адамның құжаттары бойынша мәліметтерді дерекқорға енгізу үшін 4 минуттай уақыт кететініне көз жеткізді. Мұнда сонымен қатар әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелеріне де қайырымдылық көмектер көрсетіледі. Мәселен, жыл басынан бері «Ниет» қайырымдылық қорымен келісімшартқа отырған бөлім 5 мың адамды қажетті киім-кешекпен қамту керек болса, оның 4 мыңнан астамы берілген мекенжайларға жеткізіліпті. Ал аз қамтамасыз етілген 531 отбасыдан 2100 адамға көмек дер кезінде көрсетіліпті.

Сондай-ақ әкім қалалық жастар ресурстық орталығының ғимаратын көріп, орталық жұмысының аяқ алысымен танысты. Сонымен қатар қала әкімі Қайрат Досаев жер қатынастары бөлімінің ғимаратына барып, жұмысымен танысты.

– Қала әкімдігінің сәулет және құрылыс, жер қатынастары бөлімдерін бір ғимаратқа орналастыру жоспарда бар. Тұрғындарға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет алуды оңтайландыру мақсатында алдағы уақытта бұл әлі егжей-тегжейлі қарастырылады. Алдағы уақытта «І-көмек» бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметін ашу жоспарда. Ол үшін облыстық бюджеттен 82 млн теңге қаражат, арнайы ғимарат қарастырылып жатыр, – деді қала әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай.

Келесі кезекте қала әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен шаһар басшысы «Талас» мөлтек ауданындағы тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы арқылы жөндеуді қажет ететін 15 үйдің тұрғындарымен кездесті. Тұрғын үй «Еңбек» пәтер иелері кооперативі құрамында. Тұрғындар өз келісімдерін беріп, таңдау жасап, «ИнтегралСтрой Life» ЖШС-ін таңдаған. Қала әкімі мердігерге көпқабатты тұрғын үйдің алдына балалар ойын алаңын салуды, есік алдын асфальттауды тапсырды. Сондай-ақ тұрғындар мөлтек аудандардағы қураған талдарды кесуді, арық-атыздарды тазалап, уақытылы су жіберуді сұрады. Ал бағдарлама бойынша күрделі жөндеуден өткен №9 үйдің тұрғындары үйдің күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілгенін, ортақ үйлік жылу есептегіш құралдарын орнатқаннан кейін жылуға 2500-3500 теңге төліп отырғандарын қуана жеткізді. Қала әкімі тұрғын үй инспекциясына №23 үйдің алдынан балалар ойын алаңшасын салып, оны 1 маусым – Балалар күніне пайдалануға берілуін тапсырды.

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қала жолдарының жағдайымен танысуға демалыс күнін арнайы арнады. Бірінші жолаушылардың наразылығын тудырып отырған «Ауыл Береке» базарына баратын жолмен жүріп өтті. Сыпатай батыр көшесі арқылы Малогвардейская көшесіне жылу құбырын жүргізіп жатқан мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС-нің басшысына екі күн уақыт ішінде базарға баратын жолды техникамен тегістеп, қиыршық тас төсеуді тапсырды. Аумақтық округтің инспекторы Е.Бұралқиевке жол бойындағы жабайы жарнамаларды алып тастау, қоқыстардан тазалау жұмыстары бюджеттен қаражат қажет етпейтіндігін нықтап айтты. Сонымен қатар жол бойында 15-ке жуық ашық люктерді көріп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Сәкен Жұманқұлға қала бойынша ашық люктерге түгендеу жұмыстарын жүргізуді, бір апта ішінде жол бойындағы шөптерді шауып, талдарды кесуді тапсырды.

Келесі кезекте «Барысхан» тұрғын аумағында су құбырын жүргізіп, жұмыстарды аяқтамаған «Сұңқар 2002» ЖШС-нің басшысымен кездесті. Мердігер жұмыстарды жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес атқарған. Жолдарға 2017 жылы қиыршық тас төселген. Алайда қалпына келтіру жұмыстары жобада қарастырылмаған. Шаһар басшысы мердігерге қоғамдық көліктер алқаптың көшесіне кіру үшін жолдардың арнайы техникамен контурын шығарып беруге тапсырма берді. Одан кейін шағал төселетінін жеткізді. Бұл алқапта «Пырақ құрылыс» ЖШС-і электр желілерін жүргізген. Екі апта ішінде көше жарығы қосылуға дайын. Шаһар басшысы «Бурыл» тұрғын алқабында да болып, мұндағы Қасымбеков, Естемесов көшелерінің тұрғындарының өтініші бойынша №54 мектепке баратын жолға шағал төсеуге тапсырма берді. Қала әкімі жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 15-ші шағын ауданның және Сабалақов көшесінің соңындағы 255 коттедждік үйлердің құрылыс жұмыстарымен де танысты.

Сондай-ақ Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қаланың түнгі жарықтандыруымен танысу мақсатында қала көшелері мен мөлтек аудандарды аралады. Түнгі рейд барысында Жансүгіров, Шестакович көшелерінде түнгі жарықтың жанбай тұрғанын «Тараз Жарық Сауда» ЖШС-нің мамандары электр сымдарын жер астымен жүргізу жұмыстарының жүргізілумен байланыстырды. Сондай-ақ Төле би даңғылының бойындағы билбордтар жарықтандырылмаған. Негізі, бұл даңғыл бойында 20 билборд, 3 плазматрон орналасқан. Қала әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарына билбордтардың иелерімен кездесіп, келісімшарт негізінде жарықтандыруға екі апта уақыт берді. «Жансая» мөлтек ауданында көше бойында түнгі жарық болғанымен, мектепке баратын, көпқабатты тұрғын үйлерге кіретін жолдар жарықтандырылмаған. Шаһар басшысы бірінші кезекте оқушылардың қауіпсіздігін ойлап, барлық мектепке барар жолдарға шамдар орнатуды қатаң тапсырды. Қала әкімінің бас инспекторларына аумақтағы мектептердің шамдарына ревизия жасап, қажетті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Қалалық мәдениет үйінің алдында серуендеп жүрген тұрғындармен тілдескен қала әкіміне көпшілік өздерінің өтініштерін білдірді. Бұл маңда жатақхана балаларының ойнайтын ойын алаңшалары болмағандықтан, Мәдениет үйінің жанындағы саябаққа ойын аттракциондарын орнатуды сұрады. Ал «Көне Тараз» тарихи-мәдени мұражайы алдындағы қоршаулардағы 300 дана декоративті шамдарды мердігер техникалық қызмет есебінен қалпына келтіруге уәде берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.