Қалалық қоғамдық-саяси газет

Атқарылған жұмыс ауқымды, алдағы жоспар айқын

0 226

Қазіргі кезде еліміздің саяси өмірінде сайлау маңызды рөл атқаруда. Мемлекеттің болашағы саяси науқанға байланысты екені де жасырын емес. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің Ата Заңында оны жүзеге асырудың ережелері мен нормаларына ерекше басымдық береді.

Соңғы жылдары әлемнің озық тәжірибесіне сүйене отырып, еліміздің сайлау жүйесіне оң өзгерістер енгізілгені белгілі. Сол өзгерістердің бірі – комиссия мүшелерін кәсібилендіру. Аталған өзгерістерге сәйкес, Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының үш мүшесі өз міндеттерін тұрақты кәсіби негізде атқаруда. Бұл өзгерістердің негізгі себебі – еліміздегі сайлау процестерінің тұрақты әрі үзіліссіз жүргізілуі. Бұл қос тараптың жауапкершілігін едәуір күшейтті. Межеленген міндеттер мерзімінде, өзекті мәселелер өз уақытында орындалады.
Әрбір сайлау комиссиясы сайлау процестерін әрдайым заң аясында және ашықтық қағидатына сай өткізуге мүдделі. Осы қағидатқа сүйене отырып, Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылы жоспарға енгізілген тиісті жұмыстарды атқарды.
Тараз қаласында 27 бірмандаттық сайлау округі, 135 сайлау учаскесі орналасқан. Олардың арасында 1 сайлау учаскесі Тараз қаласы әкімінің 2024 жылғы шешімімен жаңадан құрылып, қала әкімінің шешіміне сәйкес, 40 сайлау учаскесінің шекараларына өзгерістер енгізілді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңының 10-бабының 3-тармағына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясын қоспағанда, сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды және олардың өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды.
Осы талапқа сәйкес, қазіргі уақытта жұмыс атқарып жүрген аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11-4 шешімімен қалыптастырылған.
Жалпы, қалалық деңгейдегі 163 сайлау комиссиясында 1 219 комиссия мүшесі жұмыс атқаруда. Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің 82,5 пайызы сайлау жүйесінде екі жылдан астам тәжірибесі бар азаматтар.
Өткен жылы №4 Жамбыл облыстық және №19, №25 Тараз қалалық бірмандаттық сайлау округтері бойынша сайлауды және қазан айындағы республикалық референдумды дайындау мен өткізуге байланысты комиссия құрамдарына талдау жүргізіліп, әртүрлі себептермен комиссия құрамдарынан шығарылған 63 комиссия мүшесінің орындары Тараз қалалық мәслихатының шешімдеріне сәйкес толықтырылды.
Кәсіби өсудің кілті – біліктілікті арттыру, ал біліктілікті арттыру – өз білімін жетілдірудегі басты қадам. Осы қағидаға сүйене отырып, комиссия мүшелерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында 2024 жылы округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен 11 семинар-кеңес өткізіліп, УСК-ның 1 077 мүшесі референдум қарсаңында қашықтықтан оқыту мен тестілеуден өтті.
Сонымен қатар 2024 жылдың ақпан айында «1 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күніне» орай сайлау комиссиясы мүшелерімен Жамбыл жоғары медициналық колледжі білімгерлерінің кездесуі, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелері мен жас сайлаушылардың қатысуымен Ш.Мұртаза атындағы №30 мектеп-гимназиясының базасында «Конституциялық құқық: таңдау және сайлау» тақырыбында дебат өткізілді.
Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтудің мақсаты – еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы қоғамды ақпараттандыру, сайлаушылардың белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымды қалыптастыру болып табылады.
Осыған байланысты, биылғы жылы білім мекемелерінде арнаулы орта оқу орындарының білімгерлері мен жоғарғы сынып оқушыларына арналған сынып сағаттары, кездесулер, пікірсайыстар және өзге де іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылды.
Өткен жылдың наурыз айында Тараз қалалық мәслихатының №25, желтоқсан айында №4 облыстық және №19 қалалық бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған депутаттардың орнына сайлау, қазан айында республикалық референдум өткізілгені баршаңызға белгілі. Аталған сайлаулар мен референдум Орталық сайлау комиссиясының үлгісімен жасалған күнтізбелік жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, өткізілді. Өткізілген сайлаулар мен референдум кезінде Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының 36 отырысы өтіп, 6 шешім және 27 қаулы қабылданды.
Республикалық референдум мен №4 облыстық, №19, №25 қалалық сайлау округтері бойынша өткізілген сайлаулар барысында 761 байқаушы сайлау процесінің ашықтық қағидатына сәйкес өтуін бақылады. Орта есеппен алғанда әрбір сайлау учаскесіндегі жұмыстарға байқаушы функциясын атқару мақсатында 6 адамнан қатысты.
Тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында жоғарыда аталған науқандарды ұйымдастыру мен өткізу кезеңінде қала аумағында 57 билборд (баннер) қойылды. Сондай-ақ 15 үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған тақтайшалар орналастырылып, кандидаттардың шарттық негізде сайлаушылармен кездесуі үшін 13 үй-жай белгіленді. Үгіт-насихат материалдарын орналастыру кезінде заң бұзушылықтар орын алған жоқ және арыз-шағымдар түскен жоқ.
Өткен жылғы референдумды және №4 облыстық, №19 қалалық сайлау округтері бойынша сайлауды өткізу кезеңінде дауыс берушілерді дауыс беру орны мен дауыс беру уақыты туралы хабардар етуге байланысты арнайы дайындалған және тиісті ақпараттар QR-кодқа топтастырылған шақыру қағаздары дауыс беру құқығы бар әр азаматқа таратылып, шақыру қағаздарының таратылғаны туралы күнделікті есеп жүргізіліп отырды. Шақыру қағаздарына QR-кодты енгізу дауыс берушілерге референдумды өткізу кезінде референдумға шығарылған мәселемен танысуға және сайлау кезінде кандидаттар туралы ақпараттарға қол жеткізуге мүмкіндік берді.
«Jambyl-Taraz» газетіне сайлау комиссияларының жұмысы бойынша 84 материал, Тараз қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы «Сайлау» парақшасында 89 хабарлама және аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желідегі парақшасында 30 материал жарияланды. Сонымен қатар сайлаушылардың жедел ақпарат алып отырулары үшін сall-орталық жұмыс істеді. Келіп түскен өтініштерге дер кезінде, яғни өтініш берілген күні жауаптар беріліп отырды.
Учаскелердегі жұмыстардың сапалы ұйымдастырылуы материалдық-техникалық жағдайға байланысты екені белгілі. Осыған орай, учаскелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және қала әкімінің қолдауымен жергілікті атқарушы орган тарапынан 443 дана кабина, 70 дана дауыс беруге арналған жәшік, 162 дана ақпараттық тақта алуға және 135 референдум учаскесінің атауы жазылған тақтайшалар учаскелерге алынып берілді.
Референдумды ұйымдастыру барысында қала бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 754 сайлаушы тіркелді. Олардың арасында кресло-арбаларды пайдаланушылар – 322, зағип және нашар көретіндер – 183, саңырау және мылқау 249 азамат бар. Оларға жағдай жасау мақсатында 111 сайлау учаскесінде пандустар, 80 учаскеде кіреберістегі тактильді көрсеткіштер, 80 учаскеге баратын жолда тактильді көрсеткіштер орнатылған. Азаматтардың тіркелген жерлері бойынша дауыс беру күні 24 учаскеге қозғалмалы пандустар орнатылды.
Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан 2024 жылға жоспарланған жұмыстар толық атқарылды. 2025 жылы атқарылатын жұмыстар да жетерлік. Осыған орай, Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспары жасалып, міндеттері белгіленді.
Қала аумағында қоныстанушылардың көбеюіне байланысты сайлаушылардың саны да жыл сайын артып келеді. Сайлау учаскелері орналасқан аумақтар бойынша сайлаушылар санына аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады. Осы жылы жасалған мониторинг қорытындысы бойынша №5, №48, №496, №505, №510 сайлау учаскелеріне қарасты аумақта тұратын сайлаушылардың саны жоғарыда аталған әрбір учаскеге шаққанда 3 000 сайлаушыдан асып кету қаупі бар. Осыған байланысты, «Құмшағал», «Ұлы дала» шағынаудандары мен «Қант зауыты» аумағынан тағы 3 сайлау учаскесін ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қажетті құжаттарды дайындау жұмыстары басталды.
Сондай-ақ қаланың бас жоспарының бекітілуіне байланысты, Байзақ ауданынан – 4, Жамбыл ауданынан 11 сайлау учаскесі қала аумағына енгізілуде. Жоғарыда аталған екі ауданнан қосылған 14 елді мекендегі 15 сайлау учаскесінен 28 727 сайлаушы (Байзақ ауданы – 6 613, Жамбыл ауданы – 22 114), 117 комиссия мүшесі қалаға өтеді.
Қазіргі уақытта Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан сайлау учаскелері картасының және учаске шекараларын бекіту туралы шешімнің жобалары дайындалды. Сайлау учаскелері орналасқан нысандар әділет органдарынан тіркеуден өткеннен кейін өткізу-қабылдау жұмыстары жүргізіледі.
Аумақтық сайлау комиссиясының сайтынан АСК қызметін, сайлау процесіндегі, отырыстар мен шешімдердін, сайлау науқанының негізгі аспектілерін, сондай-ақ сайлау науқанының кезеңдері инфографикасын, фотоматериалдарды, сайлау процесінің қатысушыларын ақпараттандыру сияқты мәліметтерді көруге болады.
Сайлау – халықтың билікке деген сенімінің және азаматтық қоғам деңгейінің көрсеткіші. Еліміздегі сайлау өткізу әдісі қоғам сұранысына сай бейімделіп келеді. Енді тек сайлаушылардың белсенділігін, сайлау мәдениетін арттыру бағытында жұмыстар атқаруымыз қажет.

Уәлихан БАЙДУАНОВ,
Тараз қалалық аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.