Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғасыр әжеге құрмет

0 190

Білім саласының ардагері, ардақты ана, Тараз қаласының тұрғыны Мәриям Әбужүсіпқызы 100 жасқа толды. Ардақты ананы мерейлі мерекесімен құттықтауға қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Уәлихан Байдуанов арнайы барды.

Сәндібек Піренов
Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қонақтар әжейге әкелген сыйлықтарын табыстап, ұрпақ тәрбиесіндегі ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін алғыстарын білдірді. Ал Мәриям әжей қаланың тыныс-тіршілігіне етене араласып, халық үшін еңбек етіп жүрген қонақтарына батасын беріп, жұмыстарына табыс тіледі. Одан кейін Мәриям әжейдің балалары анасының денсаулығы жақсы екенін, әлі күнге дейін жадында жатталып қалған әңгімелерін айтып отыратынын тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті.

– Ғасыр жасайын деп құдайдан сұрамадым. Өміріме ризамын. Текті әкенің тәрбиесін, арыстандай азаматтың аялағанын көрдім. Ұрпақ сүйдім, еңбек еттім. Басы жұмыр пенденің қолында не бар? Өмірімнің жалғасы – немерелерім мен шөберелерім. Тұяқтарым аман болсын! Жамандық көрсеңдер, тарылмаңдар. Жер бетінде жақсы адамдар көп, әйтпесе бұл дүние баяғыда-ақ төңкеріліп кететін еді, – деген әжейдің өмірден түйгені көп.

Әжейдің есте сақтау қабілетінің жақсы болуының бір себебі – ұстаздық еңбектің жемісі болса керек-ті. Ол ЖенПИ-ге оқуға түскен жылдары сұрапыл соғыс басталып кетіп, оқуы аяқталмай жатып мектепте балаларды оқыта бастаған. Күндіз балаларды оқытып, түнде айдың жарығымен егістікте жұмыс істеген. Міне, нағыз еңбек!
Мәриям Әбужүсіпқызының жолдасы Мәжит Мұқанов майдангер болған. Батыр тұлғалы атамыздың дүниеден өткеніне 40 жыл болса, әжей әлі күнге дейін арысын аузынан тастамайды. Міне, ғибратты ғұмырында өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып, 100-ге келген әжейдің еңбегі көпке үлгі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.