Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арыс, біз біргеміз!

0 316

Tүркістан облысы, Арыс қаласының әскери бөлімінде орын алған төтенше оқиғаға байланысты Жамбыл облысы тарапынан арнайы автокеруен жасақталып, кеше 40 тонна тұрмысқа қажетті тауар жөнелтілді.

Толғанай АТАБАЙ, Суретті түсірген Ю.КИМ

«Арыс, біз біргеміз!» акциясы аясында қаладағы «Nur Otan» партиясының облыстық, қалалық филиалында гуманитарлық көмек жинау орталығы ашылған болатын. Игі іске жұмылған жамбылдық жамағат тарапынан Арыс қаласына 180 тонна азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық қажетті заттар жеткізу жоспарланған.
– Біз қиын уақытта өз бірлігімізді көрсетуіміз керек. Осыған орай, облыс орталығында 5 көмек көрсету орталығы ашылса, аудандар да бұл үрдістен қалыс емес. Көпшіліктің көмегімен қазіргі уақытта 180 тоннадан астам азық-түлік жиналды. Алғашқы лекпен 10 тонна ұн, 10 тонна қант, макарон, шұжық, сүт, көкөніс секілді қажетті өнімдер жөнелтілді. Ал мұнда жалпы құны 12 миллион теңгені құрайтын тауар бар. Сондай-ақ Шу, Жамбыл станциясында жолаушыларды өз бағыттарына жіберу туралы ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдай болған аймақтан облыс орталығына 108 адам келіп орналасты. Олар жатын орындармен, тамақтану пункттерімен толық қамтамасыз етілді. Олардың 69-ы ересек адамдар болса, қалғаны жасөспірім балалар, – дейді облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев.
Сонымен қатар аймақтағы құрылыс компаниялары да жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс заттарын беруге даяр болса, бір күндік жалақысын аударуға әзір мекемелер көп. Айта кетейік, ең жақын өңір болғандықтан, Арыс қаласына аймақтан 4 медициналық бригада жасақталып, тиісті дәрі-дәрмектерімен аттанған болатын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.