Тарихы терең Тараз қаласы – өркениет ошағы ғана емес, табиғатпен үндестік тауып, өмір салтына айналған су мәдениетінің де алтын діңгегі. Көне шаһардың әр бұрышы, әр көшесі кезінде арықтар арқылы тыныстады. Дана халқымыз «Су бар жерде береке бар» деп бекер айтпаған. Себебі, су – тек егіннің ғана емес, елдің де ырысы.
Бұрын қаладағы арық жүйелері үйлердің арасынан, жол жиегі мен бақшалардан ағып, шаһарды көгалдандыру ғана емес, ауаның ылғалдануына да үлкен үлес қосты. Өкініштісі сол, бүгінде облыс орталығын ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Тіпті, соңғы 25-30 жылдың бедерінде мүлдем қараусыз қалған десек, артық емес. Бұған тұрақты түрде бақылаудың болмауы, инженерлік жүйелерді қалпына келтіруге тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуі өз салдарын тигізді. Сонымен қатар кей кәсіпкерлердің арықтың үстінен құрылыс нысандарын салуы мен тұрғындардың қоқыстарды бейберекет шашып тастауы да ағын судың көзін бітеп, мәселені одан сайын күрделендіре түскені белгілі.
Дегенмен, игіліктің ерте-кеші жоқ. Қазіргі таңда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің тапсырмасымен шаһардағы арық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Қаланы дамытудың үш жылға арналған жоспарында да бұл мәселеге баса мән берілген.
Осы мақсатпен 2023 жылы шаһардағы жалпы ұзындығы 30,2 шақырым арық жүйесі жаңартылды. Атап айтсақ, «Ақбұлақ», «Салтанат», «Қарасу», «Талас», «Самал», «Алатау», «Мыңбұлақ» шағынаудандарында құрылыс жүргізілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар былтыр да өз жалғасын тауып, 12 шақырым лоток жүйесі орнатылды. Ал биыл жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайтын арық жүйесін жаңғырту жоспарланып отыр. Аталмыш жұмыстар қаладағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Ы.Сүлейменов көшелері және «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары мен «Химаудан» аумағында жүзеге асырылады. Жалпы бұл ауқымды жоба 2027 жылға дейін жалғасын табады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде су тапшылығы сезіліп жатқаны туралы жиі айтып, халықты тіршілік нәрін үнемдеп пайдалануға шақырып келеді. Президент айтқан осы мәселені шешудің бір тармағы – арық жүйелері екені еш талас тудырмайды. Себебі арықтар – қала ішіндегі табиғи су айналымының қантамыры. Олар болмаса, ағаш та көктемейді, ауа да құрғап, шаң-тозаңға айналады. Ал арық бойымен сарқырап аққан су қаланың тынысын ашып, тіршілік нәрін үнемдеуге де мүмкіндік береді.
Бұл маңызды жоба көне шаһарға сән беріп қана қоймай, тұрғындар мен қонақтарға да жайлылық сыйлайды. Сол себепті қолға алынған ауқымды жобаның ойдағыдай жүзеге асырылуы баршамызға тікелей байланысты.
Осы ретте қала тұрғындарын өз аулаларын, арық жүйелерін күтіп ұстап, қоғамдық орындарда тазалық сақтап, ортақ мүлікке жанашырлықпен қарауға шақырғым келеді. Өйткені, таза қала – әрбір азаматтың жауапкершілігі мен мәдениетінің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығы – ортақ игілік, ал оған қол жеткізу үшін бәріміздің белсенді атсалысуымыз қажет.
Нұрдос СЕМБЕК,
Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі