Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

0 186

Қайрат Рысқұлбеков саябағында Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік шара өтті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков алғашқылардың бірі болып құттықтау тілегін жеткізді.
– Қадірменді қариялар, қымбатты ардагерлер! Облыс әкімі атынан сіздерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгін бүкіл әлемде 1991 жылы қабылданған ЮНЕСКО шешімімен осындай мереке ретінде аталып өтуде. Жамбыл облысы бойынша 120 мыңнан астам ардагер бар. Оның ішінде ҰОС ардагері – 67. Ата-бабамыздан қалған үлкенді сыйлап, жол беріп, сіздерді ең қиын уақытта атқарған жұмыстарыңызды бағалай отырып, сіздердің облыстың әлеуметтік даму қорына қосқан үлестеріңіздің жақсы білеміз. Бәріңізге денсаулық тілеп, бала-шаға қызығына тоймай, әрдайым осындай мерекеде бас қосуымызға тілектеспін. Мерекелеріңізбен!–деді Бекболат Серікбекұлы.
Сонымен қатар жиында мерекеге орай облыстың бірнеше азаматы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Ал «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ салтанатты жиын барысында Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, мерекеге орай өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Ақ дастарқан жайылып, ән шырқалып, би биленген мерекелік кездесу барысында қарттарға құрмет көрсетілді.

Сәндібек Піренов,
ТарМУ студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.