Таң шығындай тұп-тұнық, күн шуағындай жып-жылы, гүлдің жұпарындай тазалығы аңқыған Ұлыстың ұлы күні мейірімнің қайнар бастауы екені анық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суретті түсірген Юрий КИМ

Наурызда «Самарқанның көк тасы да жібиді» деген аталы сөзге мән берсек, көктем жүректегі ренішті кешіріп, жанардағы мұңды сейілтіп, жанның бір тамшы өкпеге қиюға келмейтін дүниәуи кемшілігін ысырып, уақыттың уысында ізгіліктің нұрына ғана малынатын мейрам екенін ұғамыз. Сондықтан Наурыз қастерлі, қасиетті.

Әр шаңырақ есігін айқара ашып, ескісін жаңалап, жаңасын әспеттеп, қара қазанда жеті дәмнен дайындалған наурыз көжені бұрқ-сарқ қайнатып, алыстан ат артып, сағынып жеткендерді құшақ жая қарсы алып, әр үйден ән әуелеп, ерекше көңілге бөлейтін аяулы күн туған. Жүзі бал-бұл жайнаған көпшіліктің көкейінде күй күмбірлеп, бір-біріне құшақ жайып, төс қағыстырып, көктемнің келгеніне, таңның атқанына, қыстан аман шығып, көктемге есен жеткеніне шаттанып, мәре-сәре күй кешері анық. Сауапты амалдың бірі – ағаш отырғызу үрдісі де осы күні жалғасын табады. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі сынды ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.

Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ. Ежелгі гректер – патрих, тәжіктер – гүл гардон, бәйшешек, хорезмдіктер – наусарджи, татарлар – нардуган, буряттар – сагаан сара, армяндар – навасарди, чуваштар – норис ояхе деп түрліше атаған екен.

Ұлыстың ұлы күні батасыз болмаған. Ендеше:
Үй-іші, ауыл-аймақ аман болсын,
Тыныштық баршамызға заман болсын.
Күніміз ұлысты болсын,
Жеріміз ырысты болсын.
Өрісіміз малға бай, дүбірлі болсын,
Халқымыз жанға бай, үбірлі-шүбірлі болсын!

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған