Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қарлығаштар мекені»

Ғайни Әлімбекқызының шығармашылық кеші өтті

0 70

Тараз өңірлік университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызының «Қарлығаштар мекені» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық кештің шымылдығы жас өнерпаздардың композициялық қойылымымен түрілді. Дулати университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының ұл-қыздары көпшілікке ақынның өмірге ғашық болмысын, сезімі мен ұшқыр қиялын барынша шынайы жеткізді. Ғайни ақынның өлеңдерінен құрылған композиция жастық шақтан басталып, махаббат қызық мол жылдар, одан әрі туған жер, өмір туралы ұшқыр оймен ұштасты. Бұл өлеңдер «Мәдениет және өнер» кафедрасының жоғары курс студенттерінің қойылымымен тіпті әсерлі шыққаны рас.
Ғайни ақынның кешіне филология ғылымдарының докторы, профессор, публицист, ақын Бауыржан Жақып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай және елге белгілі аға буын ақын-жазушылар мен журналистер қатысты. Келелі кездесуде сөз тізгінін алған Бауыржан Жақып Жамбыл жерінен шыққан талантты ақындардың ізін басқан шығармашыл жандардың шоғыры көп екенін айтты.
Бұдан соң Бауыржан Өміржанұлы ақын қызға арнауын оқып, Жазушылар одағының құттықтау хатын құрметпен табыстады. Сондай-ақ кездесуде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай Ғайни ақынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын табыс етті. Артынша ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова, көрнекті ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов және облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Ғайни Әлімбекқызының шығармашылығы туралы үзік сыр айтып, сыйлықтарын тарту етті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.