Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қариясы бар үйдің шаңырағы биік

0 61

   1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Қазақ халқымыз «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп қарттарға аса құрметпен қарап, парасаттылық пен даналықтың үлгісі тұтқан. Бала кезімізде ақ сақалды, шапаны мен тақиясын тастамайтын аталады көріп, қария болып тұрған дидарына қарап тамсанушы ек. Кім-кім болса да қарияны көргенде танысын, танымасын келіп амандығын сұрап, құрметін аямайтын. Әлбетте, бұл құрмет халқымыздың қанына сіңген инабаттылық. Алайда бүгінгі таңда қариясын қазынам деп білмей, қарттар үйіне шығарып салатын азаматтар көбейді.

Әбухурәйрадан жеткен хадисте: «Алла барлығын жаратып, жұмысын бітіргенде, туыстық қарым-қатынас яғни жақындық дейтін мақұлық тұрып: «Жақынынан безінетіндер болады содан сыйынамын» деп, Аллаға шағынады. Ұлы жаратушы: «Жақынына жақсы қарым-қатынас жасағандарға мархамәт етуіме, туысынан безінгендерге мархамәт етпеуіме разы бол!» дейді. Жақындық: «Раббым, ризамын» дейді. Алла Тағала: «Міне, бұл сенің хақың» деп бұйырады. Міне, дүние жаратылған сәтте Алла мен «Жақындық  һәм туыстық-қатынас» дейтін мақұлық  арасында жоғарыдағыдай сұхбат болған. Яғни, әлем жаратылған тұстан бастап жақындыққа, туыстық қатынасқа осылай мән берілген. [1]

Дана халқымыз «атаңа не істесең басыңа сол келер» деп бекер айтпаған. Қарттық Алла нәсіп қылса, әрбір адамның өмірінде болар кезең. Өзіңді бағып-қағып, аялап өсірген ардақты ата-аналарымыздың еңбегін еш етіп, бір-ақ күнде қарттар үйінің тұрғына айналдырып жібергеніміз дұрыс емес. Алла алдында жауап беретін күн туғанда не дер едіңіз?

Құранның «Исра» сүресінің 23-24 аяттарында Алла Тағала: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық етпеулеріңді және ата-анаға ізгілік жасауларыңды бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, екеуіне «түһ» деп те айтпа. Оларға дауыс көтерме, тек жақсы сөз сөйле. Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға Сен де рахым ет» деп айт», – деген. Құранның «Исра» сүресінің 23-24 аяттарында Алла Тағала: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық етпеулеріңді және ата-анаға ізгілік жасауларыңды бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, екеуіне «түһ» деп те айтпа. Оларға дауыс көтерме, тек жақсы сөз сөйле. Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға Сен де рахым ет» деп айт», – деген.[2]

Қариясы бар үйдің өзіндік берекесі болады, ата-әженің тәрбиесін алған бала зерек болып өседі. Мәселен, қазақ халына өнеге болған Құнанбайдың шешесі Зере Абайдай дана тұлғаны тәрбиеледі. Халқымыз шаңырағының төрін үлкендер үшін дайынап, қария кетсе, «бақ-дәулет, ырыс кетеді» деп, қайтыс болған соң нәзір беретін болған. (Нәзір деген – Алла разылығы үшін көпшіліктің басын қосып, құрбандық шалып, батасын алу үшін жасалатын шара). Филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақ қазақта қариясын қаңғыртып жіберу бүкіл бір ру үшін ұятқа саналған дейді. Қазақ елі тіпті жақын туған-туысы болмаса да қарияларды жалғыз қалдырмаған, ағайынның ортасында өмір сүрген. Өйткені, кәрілікті жалғыз қарсы алу – үлкен қасірет.

«Әр бейсенбінің жұмаға жалғасатын кешінде адам баласының амалдары Алла Тағалаға ұсынылады. Бірақ жақынынан безген адамның амалы қабылданбайды». [3]

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығасақ, қариядай қазына барлық отбасыға бұйыра бермейді. Жанымызда жүрген ақылшымыздың қадірін біліп, қызметін жасап, сауабын алуға ұмтылайық.

 

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.