Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарбыз-қауын пісті, базарға түсті

0 376

Жеміс-жидектің пісіп, бақша өнімдерінің рахатын көретін жаз мезгілінің берекесі мол. Дәл қазір көктемгі бейнеттің зейнетін сезінетін шақ. Маусым айы бастала ертерек пісетін Ташкенттің қауын-қарбызын еріксіз сатып алатынымыз рас. Дегенмен мамандар, әсіресе, қауын мен қарбызды тек тамыз айында ғана тұтынуға кеңес береді.

Арайлым Шабденова

Нитрат нейтрон бомбасынан қауіпті

Ұлттың саулығын сақтау – әрбір мемлекет үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан халық денсаулығының дұрыс болуы үнемі назарда. Қазақта «Ауру – астан» деген сөз бар. Яғни деннің сау болуы үшін дұрыс тамақтана білу маңызды. Сондай-ақ тағам қауіпсіздігін ескеру керек. Әсіресе, жаз мезгілінде астан улану оқиғалары жиілейді. Мұның бірден-бір себебі – бау-бақша өнімдерінің бақылаусыз саудаға өтіп кетуі. Оның үстіне мұндай өнімдердің көпшілігі сырттан тасымалданады. Ал сырттан келетін бақша өнімдерін сынамадан өткізу ісі біраз кенжелеп тұр. Қысқасын айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері қатаң бақылаудан өтпестен тұтынушыға жеткізілуде.

Қазіргі уақытта бақша өнімдері арасындағы қауын мен қарбыздан улану фактілері жиі кездеседі. Қарбыздар саудаға маусым айынан бастап түсуде. Бірақ тұрғындар бұл кездегі қарбыздардың көпшілігі қауіпті екендігін есінде сақтағаны жөн. Өйткені ерте піскен қарбыз құрамында нитрат мөлшері шамадан тыс болады. Мамандардың айтуынша, ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының өзі шілде айының соңына қарай пісуге тиіс. Сондықтан қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңы мен тамыз айы. Бұл – өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады. Тағы бір ескертетін жайт, ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністерді тек қана арнайы дүкендер мен базарларда сатылған жағдайда тұтынған дұрыс. Себебі ол нысандарды қадағалау органдары үнемі тексереді.

Айта кетейік, нитратсыз бұл дақылдардың өсуі қиындау. Сол себепті де шаруалар мұндай қоспаларды пайдалануға мәжбүр. Талап бойынша нитраттың негізгі жарамды көрсеткіші қауында 90 мг/кг, қарбызда 60 мг/кг болу керек. Ал артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке және жүрек-қан тамыры ауруларына алып келіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Қарбыздан уланған адамның 1-2 сағаттың ішінде қызуы көтеріліп, басы ауырады және жүрегі айниды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге хабарласқан жөн. Жедел ішек инфекцияларының алдын алу үшін бау-бақша өнімдерінің сапасы мен оның дұрыс сақталғандығына ерекше мән беру қажет. Нитраттар қарбыздан бөлек, қырыққабат, қияр, сәбіз және көкшөптерде де жиі кездеседі.

Ал қарбыз құрамындағы нитраттарды анықтаудың бірнеше халықтық тәсілі бар. Егер өнімді қақ ортасынан бөлгеннен кейін бетінде ақ немесе сары талшықтар көзге көрініп тұрса, оны жеуге асығудың қажеті жоқ. Екінші тәсіл бойынша қарбыздың мәйегін алып, ыдыстағы суға салған жөн. Су алқызыл түске боялса, бұл өнімнен мүлде бас тартқан абзал. Қарбыз бен қауындарды таңдау кезінде қателеспес үшін, ең бірінші, заңсыз ұйымдастырылған базарларда сауда жасамауды әдетке айналдыру керек. Сондай-ақ қарбыздарды жол шетіндегі сауда орындарынан сатып алуға болмайды, өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады. Мұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сұрауды да естен шығармаған жөн. Алайда елімізде мұндай талаптарға назар аударатындар шамалы. Бүгінде жеміс-жидек сатушылар үлкен базарларды ғана емес, көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын да, мөлтек аудандардағы көше бойын да жағалап, ісін дөңгелетуді әдетке айналдырған. Олардың барлығында бірдей зертханалық тексеріс қағазы мен рұқсат құжаты жоқ десек те болады. Тұтынушы үшін ең қауіптісі де осы. Мұндай сауда орындарында қауын-қарбыздың басым бөлігі жерде домалап жатады. Ал бұл сауда талаптарына мүлдем қайшы. Десек те, тұтынушылар құқығын қорғайтын мекеме жабайы сауда нүктелерінің барлығына бірдей тексеру жұмыстарын жүргізе алмайды. Яғни тек шағым түскен орынға алдын ала ескерту беру арқылы ғана тексеруге мүмкіндік бар. Тыңайтқыштардың күшімен өсетін қауын-қарбыздардың болатынын сатушылар да жасырмайды. Бірақ сатушылар «дәріленген» өнімдердің көбіне сәуір-мамыр айларында кездесетіндігін айтады.

Базар және баға

Маусым айынан бастап бақша өнімдері қаламызға оңтүстік өңірлерден келе бастады. Оның ішінде сауда орындарында тау болып үйіліп жатқан қауын-қарбыздардан көз сүрінеді. Сатушылар да бірінен-бірі өтіп, жарнамасын көтеріп-ақ тұр. Қасына жақындағаннан-ақ өнімдерін мақтай жөнеледі. Бірі «красное мясо» қарбызын алыңыз, іші қып-қызыл» десе, екіншісі «балшекер», «тас қауын», «торпедо» деп аталатын қауындарын алдыңа тартады. Базарда қарбыздың келісі 100-80 теңге болса, жол жиегіндегі дүңгіршектер мен мөлтек аудандарда 70-90 теңгеден саудалануда. Ал қауынның бағасы әлі түсе қоймапты. Мәселен, «торпедо» деп аталатын ұзын қауынның келісі 180 теңге болса, балшекер мен тас қауынның бағасы 200-250-ден сатылуда. Базар маңында бақша өнімдерін алушылар көп. Олардың бірқатарымен тілдесіп көріп едік, көпшілігі қауын-қарбыздың сапасына көңілдері толмайтынын айтса, енді бірі қауын-қарбыз сатылымға шыққалы бері өнімді тұтынып жүргендерін айтады. Иә, әркімнің өз таңдауы, десек те, ең алдымен сақтық шараларын ұмытпаған абзал.

Сақтықта қорлық жоқ

Сатылымға маусым айында шығарылғанымен, қауын-қарбыздың нағыз пісетін уақыты – шілденің соңы. Жалпы тамыз айынан бастап жеміс-жидектің саудасы бұрынғыға қарағанда қыза түседі. Дегенмен нитраттармен улану қаупінің де бар екенін қаперден шығармаған абзал. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, базардағы сенімсіз өнімді балаларға берерде барынша абай болу керек. Осы ретте қарбыздың құрамындағы нитраттың қауіптілігін үй жағдайында анықтаудың бір жолы бар екен. «Ол үшін су құйылған ыдысқа бір тілім қарбызды салсаңыз болғаны. Аз уақыт өткен соң судың беті лайланып, түсі өзгерсе, ағзаға еш қауіпсіз, жей беруге болады, ал су ақшыл қызыл түске айналса, нитраттың мөлшері шамадан артық екенін білдіреді», – дейді мамандар.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.