Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қарбалас шақ, қауырт жұмыс

0 141

Жыл басында қалалық әкімдіктің тарапынан қала аумағын абаттандыру, көркейту және санитарлық тазалау жұмыстары сондай-ақ жол мәселесін ретімен шешуге басымдық берілген-тін. Енді күз айында осы бағыттағы жұмыстар қаншалықты жүйелі атқарылуда? Біз осы сұрақ бойынша қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиевпен тілдесіп, жұмыс қызу жүріп жатқан бірқатар аймақты бақылап қайттық.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген автор

Қала тазалығы – басты назарда

Жалпы қала бойынша абаттандыру, көркейту және санитарлық тазалыққа 1 млрд 976,1 млн теңге қарастырылыған. Осы қаржыны тиімді пайдалану мақсатында «Жасыл Ел Тараз» ЖШС мен қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан келісім-шарт жасалған. Сәйкесінше, қала аумағындағы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жоспар бойынша орындалып жатыр екен. Соның ішінде кездейсоқ қалдықтарды шығару 83 пайызға орындалса, саябақтар мен скверлерді күтіп-ұстау, 5950 талды бұталау, көгалдарды қырқу және суғару жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Иә, «тындырымды тірліктер атқарылып жатыр» дегенмен де қала тұрғындары әлеуметтік желі арқылы жұмыстарға көңілі толмайтынын білдіруде. Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа нақты тапсырма жүктеген. Сәйкесінше, 32 189 м3 қоқыс шығарылып, күз мезгілінің ызғарына қарамастан қала көшелерінің жолдарын жуу, жаяу жүргінші жолдары мен көше бойларын сыпыру жұмыстары үздіксіз атқарылуда. Бүгінде 60 қоқыс алаңшасын жөндеу жұмыстары 50 пайызға орындалып, 700 дана қоқыс контейнері сатып алынған. Мұнымен қоса, қосымша 1000 дана қоқыс жәшігін алу да жоспарда бар екен. Бұдан бөлек, кездейсоқ күл-қоқыстарды жоюға «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нен 2 бірлік трактор, 3 бірлік жүк тиегіш техника жұмылдырылған. Сонымен қатар саябақтарда, алаңдарда және қала сыртында шашылған күл-қоқыстарды жинап шығаруға қоғамдық жұмысшылардан 3 топ құрылған. Әр топта 15-20 жұмысшы бар. Олар көше бойын сыпыру, талдарды әктеу, сырлау және тағы басқа жұмыстарға тартылған. Сондай-ақ, қаланың барлық 11 округін қоқыстан тазарту үшін 11 бірлік жүк көлік техникасы жалға алынып, округтің бас инспекторларына күнделікті беріліп жатыр екен. Бұл жұмыстарға ағымдағы жылы 36 440 690 теңге бөлініпті. Қала әкімдігі тарапынан тазалық жұмыстарына ерекше көңіл бөлінгендіктен, алдағы уақытта бұл мәселенің оңынан шешілетініне сенім мол.

Ирригация жүйесі жаңғыртылуда

Тараз қаласында 8 канал бар болса, оның жалпы ұзындығы – 82,55 шақырым, ал, ирригациялық арық жүйелері – 164 шақырым, оның ішінде арық-науа жүйелері – 21,4 шақырым. Құбыр өткелдер – 560, каналдағы шлюз саны – 71 дана екен.
–Ағымдағы жылы қаланың ирригация жүйелерін тазалау жұмыстарына бюджеттен 150 млн теңге бөлінді. Оның ішінде арық жүйелерін тазалауға – 40 млн, құбыр өткелдерін тазалауға – 40 млн, каналдарды механикалық тазалауға – 60 млн теңге, сондай-ақ «Қант зауыты», «Төрекелді» каналының арнасын тазалауға – 6 млн, «Қант зауыты», «Қарасай» алқаптарындағы арық жүйелерін, құбыр өткелдерін тазалауға – 4 млн теңге қарастырылды. Осы бойынша мемлекеттік сатып алу шараларында бірыңғай ұйымдастырушы болып табылатын «Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» КММ конкурс өткізіп, жеңімпаз мердігер «Тараз-Ирригация» ЖШС-мен келісім-шарт жасалды. Келісімшарт құны – 148 199,9 мың теңге болды. Ал Айша бибі және Тәуке хан көшелері бойындағы дренаж каналдарын тазалауға жергілікті бюджет есебінен жалпы 61 277,0 мың теңге қаржы қарастырылды.
Қалада науа жүйелерін, құбыр өткелдерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Келісім сомасы 381 209 939 тенге. Қазіргі кезде жұмыстар 75 пайызға аяқталған, –дейді қала әкімінің орынбасары Асхат Қамқабайұлы.

Жол мәселесі қашан да өзекті

Тараз қаласында 1330 көше жолдары бар, оның ішінде: 805 көше, 3 даңғыл, 440 бұрылыс, 40 тұйық, 42 өткел. Жолдардың жалпы ұзындығы – 1831,3 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы қала көшелерін және жаяу жүргінші жолдарын (тротуар) орташа жөндеуге жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы аясында 100 жобаға 3,334 млрд қаржы қарастырылған. Қазірде жалпы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын жолды, шұңқыр жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы жол мәселесіне айрықша мән беріліп, көшелерді жөндеуге қалалық бюджеттен 200 млн теңге бөлінгені тағы бар.
Күз айларында жыл сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, қала тазалығына тұрғындар атсалысатын. Биыл да қала әкімдігінің 24 тамыздағы №2526 қаулысына сәйкес, «Тараз қаласы аумағын абаттандыру және санитарлық тазалық жөніндегі күзгі екі айлық өткізу туралы» жұмыс жоспары бекітілген-тін. Күзгі екі айлықты ұйымдастыру мақсатында қаладағы саябақтар, скверлер мен аллеялар және ирригациялық арық жүйелері облыстық басқармалар мен департаменттерге, ірі кәсіпорындар мен мекемелерге бөлініп те қойған. Дейтұрғанмен, елдегі жағдайға байланысты сенбіліктер ұйымдастырылмады. Тек, күзгі екі айлықта қаладағы «Түйте су», «Тараз Ирригация» серіктестіктеріне меншігіндегі арықтар мен құбыр өткелдерін тазалау жұмыстарын жүргізу тапсырылыпты.

Қалдықтарды жою уақыт күттіретін мәселе емес

Қалдықтардың қоршаған ортаға қаупі қаншалықты орасан болса, оны дер кезінде тазартып, жою да үлкен жұмысты қажет етеді. Бүгінде Тараз қаласының тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтауға арналған полигоны Жамбыл ауданы, «Көлқайнар» ауылдық округінде орналасқан. Қаладан ара-қашықтығы – 15 шақырым аумақтың ауданы – 30 гектар. 1985 жылдан бастап пайдалануға берілген полигон «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС теңгерімінде. Оның орналасқан жері темір бетонмен қоршалған. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тығыздауға «Раскат» және «Бульдозер-130» техникалары жұмылдырылған. Полигон экологиялық талаптарға сай жасалған. Жобаға сәйкес, қоршаған ортаны ластайтын шығынды нормативтеріне рұқсат алынған. Әрі атмосфераға бөлініп шығатын зиянды заттары, жерасты сулары мен топырақ құрамының нормалары арнайы аккредиттелген лабароторияларда тексеріліп тұрады. Ағымдағы жылы 1 шілдедегі жағдай бойынша аумаққа 3,9 мың тонна тұрмыстық қалдықтар төгілген. Әрине, қалдықтарды шығару бойынша тұрғын үйлердің үлесі басым болатыны айтпаса да түсінікті. Десек те нақты мәліметке сүйенсек, қалдықтардың 60 пайызын тұрғындар, 30 пайызын коммерциялық мекемелер, 10 пайызын бюджеттік ұйымдар шығарады екен. Осы жұмыстармен қала бойынша 8 мекеме айналысады. Негізгі қызмет көрсетуші мекеме «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС болып табылады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарына жалпы 52 бірлік техника жұмылдырылған. Аталмыш 8 мекеме 150 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді.
Қала аумағындағы ПЭТ қалдықтарды жинау, шығару, қайта өндеуге жіберу қызметімен қала бойынша «Kaz Ecology» ЖШС және ЖК «Бахыт» айналысады. Бүгінде осы қалдықтарды жинау мақсатына кәсіпкерлер тарапынан 620 сеткалық жәшік орнатылған. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексіне сәйкес 2016 жылдан бастап құрамында сынабы бар шамдар мен құрылғыларды, металл сынықтарын, қалдық майлар мен сұйықтықтарды, батареяларды, электрондық қалдықтарды полигондарға көмуге тыйым салынған. Осыған байланысты тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған алаңшаларда құрамында сынап бар шамдарды жинау үшін 30 дана арнайы контейнерлер орнатылған. Жиналған қалдықтар бүгінде мердігер «Алди и К» ЖШС тарапынан кәдеге жаратылуда. Осы орайда қала бойынша 14 мекеменің тұрмыстық, техникалық, медициналық, құрылыс қалдықтарын жинау, өндеу және кәдеге жарату қызметтерімен айналысатынын айта кеткен жөн.

Жұмыстар жыл соңына дейін аяқтала ма?

Ағымдағы жылы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан конкурс өткізіліп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Тараз қаласы бойынша 163 аула алаңдарын абаттандыру жұмыстарына Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тапсырыс берушісі ретінде толығымен мемлекеттік сатып алу рәсімдерін аяқтап, осы жұмыстарға – 2 289 671,0 теңге қаржы қарастырылған. Соған сәйкес, бірнеше серіктестіктің жұмыла бастаған жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталмақ. Айта кету керек, бағдарлама аясында жұмыссыз жүрген 506 азамат қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 16 мердігер компанияның құрамында жұмыс істеген.
Қала бойынша атқарылған жұмыстардың жай-жапсарымен танысқан соң, №1 аумақтық-округке барып, қызу тірліктің барысын бақылап қайттық. Әуелі Сүлеймен көшесінде арық науалары орнатылып жатқан орыннан аймақтық округ инспекторы Нұржан Жұмағұловты жолықтырдық. Белгілі болғандай, көшеде науаларды орнатуды қолға алған «Энерджи-Тараз» серіктестігі екен. Жамбыл даңғылынан Сүлеймен көшесінің соңына дейін 4 шақырымды қамтитын аумақта қазірде 3 бригадада 16 адам жұмыс жасайды. Рахимова көшесінде де бұл жұмыстар жалғасын табуда. Жалпы, аталмыш серіктестіктің құзырына қала бойынша 36 шақырымға науа орнату жүктелген. Енді компания басшылығы жұмыстарды қазанның соңына дейін бітіреміз деп отыр. Бұдан бөлек, Ниетқалиев көшесіндегі былтыр басталған жаяу жүргінші жолы аяқталды. Ал биыл Сүлеймен, Жуанышов, Ұлбике ақын көшелерінің тұрғындары да жаяу жүргіншілер жолына қарық болды. Атап өту керек, биыл Рысбек батыр көшесінен Сүлеймен көшесінің соңына дейінгі жол жөнделген. Сүлеймен көшесіндегі жұмыспен танысқан соң, асфальт жол төселген Ұлбике ақын көшесіне баруды жөн көрдік. Ондағы тұрғындар жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдың салынғанына дән риза.

– Уақыт сәтімен қала аумағы кеңейіп, көркейіп келеді. Өңірде сонау химия өнеркәсібі қолға алынған тұста пайда болған «Химиктер қалашығына» биыл 60 жыл толып отыр. Дәл осындағы Химиктер көшесіне соңғы рет 1960 жылдары асфальт төселген екен. Осы уақытқа дейін көше тұрғындарымен қалалық әкімдікке бірнеше рет қайрылдық, хат жолдадық. Бірақ мәселеміз оңынан шешілмеді. Биыл біздің көшенің жағдайын жақсы білетін қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали депутаттық сауал жолдап, қала әкімінің қолдауымен жолымыз жаңартылды. Бұған ең бірінші кезекте осы көше құрылған сәттен бастап тұратын азаматтар үлкен алғысын айтып жатыр,–дейді қала тұрғыны Натали Гончарова.

Осы округте биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 9 аула абаттандырылған. Әрине бұл жұмыстар жыл басында қолға алынғандықтан жыл соңына уақтылы аяқталатыны түсінікті. Бірақ, «Осы округке қарасты Ұлбике ақын көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуды 29 қыркүйекте қолға алған «Кожалим» серіктестігі жыл соңына дейін жұмыстарды толықтай аяқтай ма?» деген сауал тұрғындарды алаңдатады. Десе де компанияның осы аумаққа жауапты маманы Денис Чупиннің сөзіне сенсек, бұл жұмыстар қараша айында толықтай аяқталады.
Байқағанымыздай, биыл қала бойынша барлық аумақтық-округте атқарылған тындырымды тірліктер аз емес екен. Жауапты мердігерлер жұмысты қысқа дейін толықтай бітіреміз деп отыр. Біз де бұған сенім білдіреміз. Себебі маңызы жоғары саналатын жұмыстардың барлығы қала әкімдігінің бақылауында.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.