Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арқырап өткен арда ақын

0 301

Биыл өмірден ерте озса да, соңында отты өлеңдері қалған адуынды ақын, Таластың тарланы Серік Томановтың туғанына 65 жыл.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тағдыр жолы қысқа болғанымен де, өршіл жырларымен жалғанның жүзіне қасқая қарап, өмірден озған ақынның шығармаларын тұтас оқырман бүгінде іздеп жүріп оқиды. Ғұмырының соңғы сәттерінде:
Маңдайымда мың қатпар,
Таңдайымда түрлі ақпар.
Мұңдарыммен мың батпан,
Сырларымды тыңдап қал, – деп кеткен ақынның есімін тараздықтар әрдайым ардақтайды. Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қабырғасында өткен кездесу – осының дәлелі. Өмірдің өзіндей ақиқатқа бойлаған өлеңдері оның ақындық болмысын тереңірек айқындайды. Аталған кездесуге шайырды еске алуға жары Бибігүл Оразбаева мен ұлы Еркін Жапаров қатысты. Сондай-ақ тума талантпен бір сыныпта оқып, жастық дәуреннің жалынды шақтарын бірге өткерген Үртай Сапақова, ақынның жырларына ән жазған белгілі сазгер Сәрсенбек Бәкір, ғұмырының соңғы сәттерінде бүкіл Тараздың өлеңсүйер жастарын жиып, ақынға шығармашылық кеш ұйымдастырып берген Сейсекүл Исматова, белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы, әнші Мадина Сағынбекова, Талас ауданының құрметті азаматы Пернебек Оспанов жылы жүздесуге арнайы келіп, шайыр хақындағы жылы естеліктерімен бөлісті.

Ғұмыр жолы қысқа болса да, ақын өзін жоқтаушы оқырманға мол мұра қалдырып кетті. Ақынның «Пәруана», «Жұлдыздан терем өлеңді», «Тығырық», «Адасып жүрген ақбөкен едім» атты басқа да өлеңдер жинағы уақытында оқырманынан биік баға алған. Ақынның туған күнінде ұйымдастырылған рухани кешті Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Хамит Есаман ашып, жүргізді. Жылы жүздесудің алғашқы сөзі ақынның сыныптасы, өз ғұмырының ұзақ жылдарын мемлекеттік қызмет саласына арнаған Үртай Сапақоваға берілді.

– Серік Томановпен Талас ауданының бұрынғы Амангелді, қазіргі Тамабек ауылында бір мектепте, бір сыныпта оқыдым. Бала кезінде ол тұйық болатын. Десе де, көп ортасында оның тарапынан айтылатын пікір нық еді. Оның жас ақын ретінде өлең жазғанын білмейді екенмін. Бірақ физика, математика сынды жаратылыстану пәндеріне жүйрік болды. Жасыратыны жоқ, барлық сабақты «5»-ке оқиды деген озат оқушылардың өзі есепке келгенде Серікке жол беретін. Кейіннен ол туған ауданындағы қазіргі «Талас тынысы» газетіне жұмысқа тұрды. Алматы қаласында республикалық «Балдырған» журналында еңбек етті. Жан қалауымен туған жерге оралғанда, жақын араласа бастадық. Сыныптасы ретінде мені жұмысқа іздеп келіп, өлеңдерін оқитын. Бірге поэзия тақырыбында ой тербеп, шер тарқататынбыз. Оның кез келген туындысы, әр өлеңі, әр шумағы салмақты, адамды тебірентпей қоймайды. Негізінен Серік ақын ретінде әлі өз бағасын алған жоқ. Уақыт сырғып жатқанымен, ақынның лайықты бағасын беруге келгенде, біз баяу қимылдап жатырмыз. Тіпті ешқайсысымыз ол туралы әлі ештеңе тындырған жоқпыз. Мұндай таланттардың кеші облыстық деңгейде, керек болса, бюджеттен қаржы қарау арқылы кең көлемде аталып өтуі тиіс, – деді ол.

«Ақынға жар болу – азапты іс» дейді білетіндер. Десек те, арқалы ақын Серік Жапарұлына жар болған Бибігүл Оразбаева оның ақжүрек, аңқылдаған, бойында бір тамшы арамдығы жоқ азамат болғанын айтып еске алды.
– Өзі өмірден өтсе де, ізінде өшпес өлеңдері қалған Секеңнің есімі аталғанда толқымай отыра алмаймын. Бірақ Аллаға шүкір деймін. Қол ұстасып сүрген ғұмырымызда ешкімнен кем болған жоқпыз. Секеңнің ұл-қыздары бүгінде азамат болып, өсіп-өніп, халқына адал қызмет етіп жатыр. Серік – тірісінде үлкен қызметкер болып, атақ-даңққа ие болмаса да, ізінде іздеушілері бар бақытты ақын. Жас ақындар әрдайым шаңырағымызда қонақ болып, ақын ағаларының жырларын немесе арнауларын оқып жатады. Секең талантты ақын екенін өзі де білді. Жанымда отырып әрдайым: «Мені жүз жылдан кейін болса да, халқым биікке көтереді. Өлеңдерімді бар қазақ оқитын болады», – дейтін. Бүгінде осы сөзі шындыққа айналып отыр. Өзінің балаларына тек кітап оқуды, білім жолына түсуді өсиет етті. «Кітап оқыған адамнан ешқашан жамандық шықпайды» дейтін. Алланың берген балалары көз алдарыңызда бақытты отбасыға айналды. Тірісінде Серік қартайған шағында кішкентай ғана сары шал болып, осы Тараздың орталық алаңына немересін жетектеп келіп, өлең оқуды армандайтын. Өкінішке орай, бұл мұратына жете алмады. Отбасында адал жар, ардақты әке бола білген ақынның бүгінде арамызда жоқтығы болмаса, әрқашан шүкір етіп отырамын, – деп ағынан жарылды ақынның жары.

Шайырдың туған күніне арналған рухани кездесуге домбырасын алып арнайы келген сазгер Сәрсенбек Бәкір Серік Томановпен танысқан шақтағы қызықтарын баяндады.

– Жамбыл мәдени-ағарту училищесін, одан қалды Шымкент қаласындағы мәдениет институтын аяқтаған соң, еңбек жолын өзім туған Талас ауданы, Ойық ауылына қарасты Сейілбек елді мекенінде клуб меңгерушісі болып бастадым. Сонымен қатар өзім оқыған мектепте музыка пәнінен сабақ бердім. Ұстаздық жолда жүріп, кітап оқу ісіне ден қойып, жамбылдық ақындардың өлеңіне ән жаздым. Ақын, сазгер Тынышбай Рахымның өлең кітаптарын іздеп жүріп оқыдым. Өлеңдеріне ән жаздым. 1994 жылы Асылхан Сапаевпен танысып, ол кісі маған бірнеше шығармаларын таныстырып, «Не пайда?» өлеңін ұсынды. Ақын бойындағы толғанысқа толы мәтінге мен тебірене ән жазып, оны институт қабырғасында бірге оқыған «Нұр-Мұқасан» дуэті орындап, әннің бағын ашты. Жарыққа шыққаннан кейін ән менің ауылдан қайта қалаға қоныс тебуіме себеп болды. Сонымен 1996 жылы алғашқы концертімді туған жерім Таласта өткіздім, одан кейін Таразда ұйымдастырылды. Жүректі жарып шыққан әндер қатары артып, сол уақыттан бері жыл сайын жұртшылықпен жүздесіп, концерт беруді дәстүрге айналдырдым. Жеке шығармашылық кештерімнен соң, мені ақын Серік Томанов ағамыз да тани бастаған көрінеді. 1997 жылы екеуміз базарда кездесіп қалдық. Базардан бастау алған таныстықтан соң, екеуміз қалада тұратын жездемнің үйіне келіп, сонда ақын маған өзінің өлеңдерін оқып берді. Бірақ сол туындылардың ішінен мен ән жазуға лайығын таппадым. Сөйтіп, Серік ақын сиясы кеппеген бір өлеңі барын айтып қалды.
Дертімді қалай емдермін,
Не амал, оған не істерміз?!
Арманым болдың сен менің,
Аузынан айдың түскен қыз, – деп бір шумақ өлеңді қағазға жазды да, қалдырып кете барды. Мына шумақты қайта-қайта айта бастадым. Сол кездерде маған да ыңылдап бір ән келіп жүретін. Ақырын ғана осы мәтінді әуеніме салдым. Бір күннен соң Серік ағам өлеңнің толық мәтінін әкеліп берді. Ән де, сөз де бір-біріне тура құйыла кетті. «Апырай» дедім мен. Араға жыл салып «Сезімді қайтем тулаған?», «Соғады сен деп жүрегім», «Әкені аңсау» деген өлеңдерді тапсырыспен жаздырдым. Дарынды ақынмен байланыса жүріп, бес жылда 5 өлеңіне ән жазыппын, – деді сазгер.

Кездесу барысында бүгінде жас таланттардың шын жанашырына айналған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Сейсекүл Исматова да Серік Томановпен таныстығы туралы әңгімелеп берді. Әсіресе, өмірден өтеріне екі жеті қалғанда ақынның кешін дүркіретіп өткізіп, арқырап өлең оқыған шайырдың жыр мерекесінде тараздық әдебиетсүйер қауымның қошеметі ерекше болғанын тебірене жеткізді. Сондай-ақ ақынмен қатар жүріп, көзін көрген Талас ауданының құрметті азаматы Пернебек Оспанов та шайырмен бірге бастан кешкендерді ортаға салды. Талас ауданынан арнайы келген аудандық мәслихаттың хатшысы Қадырбек Садубаев шайыр шығармашылығына тоқталып, ақынның жарына сый-сияпатын табыс етті. Кездесуде әнші Мадина Сағынбекова ақын сөзіне жазылған О.Әбжаппаровтың «Аққулар» әнін орындаса, ақынның рухани інісі Азамат Есалы, бірге өскен досы, ақын Асқарбек Айдаров, жас ақын Елдар Боранбек өлең оқыды. Белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы бала кезінен бірге өскен, үй арасында үй жоқ көршісі әрі ағайыны болған ақынды еске алу ауыр соққанын, өмірде оны аға тұтқанын айтты. Ақын ағасының өзінен үш жас үлкендігін білдіріп, кітап оқуға, білімді болуға кеңес бергенін, шығармашылық адамы болуға Серік Томанов әсер еткенін тебіреніспен жеткізді. Бұдан кейін сөз алған ақынның ұлы Еркін Жапаров әкесі туралы тереңінен ой тербеп, аты алты алашқа танымал ақынның ұлы болу үлкен жауапкершілік жүктейтінін, кезінде әкесінен алған тәлім-тәрбиесі бүгінгі өміріне бағдар болғанын сөз етті. Ақын атын ардақтауға арналған басқосуды Хамит Есаман қорытындылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.