Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0 424

Халқымыз әрдайым «Тазалық табалдырықтан басталады» деп отбасындағы балаларын айналасын жиып, таза болуға баулиды. Тазалық – тәртіптің де бастауы.

Өз тұрғын үйіңіздің маңын, ауласын, көшесін жинап, шашылған қоқыстарды контейнерлерге тастау арқылы қоршаған ортаның тазалығына атсалысу баршамыздың айнымас міндетіміз десек, қателеспейміз. Бұл тұрғыда жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязына қарамастан, шаһардың айнадай жарқырауына өлшеусіз үлес қосып жүрген «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-ін ерекше атап өтуіміз қажет.
Қыстың бірінші айына жаңа қадам басқанда, қалаға алғашқы қар да түсті. Бүгінде шаһарда қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Жасыл ел-Тараз» ЖШС мекемесіне арнайы барып, қызметкерлерімен кездесті.
– Қыстың алғашқы айы қытымыр аязымен, қалың қарымен қатар жетті. Соған қарамастан күн-түн демей, жолды қардан тазартып, тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуі үшін жағдай туғызып келесіздер. Бұл тұрғыдағы қызметтеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. «Тазалық сақшысы» атанған «Жасыл ел-Тараз» мекемесі жұмысшыларының еңбегі қашанда ерен, өзгелерге үлгі. Бүгінде мемлекет қолдауының нәтижесінде мекеме жаңа техникалармен толығуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қызметкерлермен тілдесіп, олардың жағдайына қанықты.
Мекеме жұмысшылары да өз кезегінде қала басшылығына алғыстарын жеткізді.
Айталық, Тараз қаласына күніне орта есеппен 12 мм қар түскен. Соған орай шаһарда қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда шаһар көшелеріндегі қарды күреуге және тұз аралас құм шашу жұмыстарына серіктестік 50-ге жуық техниканы жұмылдыруда.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.