Ел арасында Абылайдың арманына байланысты айтылатын: «Үш арманым бар. Біріншісі – елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екіншісі – халық жер емшегін еме алмады, қала, кент сала алмады. Үшіншісі – елдің басын біріктіре ал¬мадым», – деген аңыз бар. Абылайдан кейінгі кезең әммеге аян. Қазақ өз жеріне қожа болудан қол үзді, патшалық Ресей, Кеңес үкіметі құрсауында қалды.
Дегенмен өткен ғасырдың 90-шы жылдары алып империяның шаңырағы шайқалып, 1991 жылы Қазақстан өз егемендігін алды. Тәуелсіздік таңы атқан алғаш күннен бастап мемлекетіміз көптеген саяси қадамдар жасады. Солардың бірі – ерке есілдің жағасында бой көтерген Астана қаласы. Бұл –Абылай армандаған қала еді. Дегенмен, қазақ тарихы күні кеше қалыптасқан жоқ. Халқымыз басып өткен жолға зер салсақ, сонау түркілік дәуірдің өзінде елдігінің айғағы болған Суяб, Баласағұн, Тараз, Отырар, Жанкент қалаларының да тарихта маңызы зор. Ендеше, біз Елорда күніне орай Қазақ елінің астаналары болған шаһарларға шолу жасап көрген едік.
Қозыбасына қонған көш
Қозыбасы тауының маңында, Шу өзенінің жоғары жағында қазақ сұлтандары алғаш салдырған әрі тарихта «құпия қала» деген атпен белгілі Шар шаһарын алғашқы астанамыз деп айта аламыз. Осы сәтте «Ол неге құпия қала болды?» деген заңды сұрақ туындауы бек мүмкін. Бұл жаңадан керегесін керіп, шаңырағын көтерген Қазақ мемлекетінің сыртқы және ішкі қауіпсіздігі, іргесінің бүтін болуы үшін жасалған қадам еді. Әбілхайыр ханнан бөлініп, Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне ерген халықты бастап, Моғолстанның иелігіндегі Жетісу жеріне қоныс аударған тұста, яғни 1465-1466 жылдары осы қаланы тұғыр етеді. Сол үшін де аталған шаһар Қазақ хандығының алғашқы табан тіреп, толыққанды мемлекет болып қалыптасуына негіз болған бірінші мекен саналады. Сондықтан да біз Әулиеата жерін Қазақ астанасының алғашқы қазығы қағылған жер деп мақтана айтуымызға болады.
Сырлы Созақтан Түркістан төріне дейін…
Әбден ірге бекітіп, елдік құрылымға көтерілген соң Керей мен Жәнібек хандар ел астанасын Созақ деп жариялайды. Қаратау мен Мойынқұмның Бетпақдаламен шектесетін тұсында іргесі 1465-1469 жылдары қаланған көне Созақ қаласының тарихта алар орны ерекше. Кейін Әбілқайыр ханның өлімінен кейін таққа талас қайта басталғанда астана мәртебесіне айырылады. Бізге жеткен кей деректерде XVI ғасырда Шығай хан билегенде Созақ қаласы Қазақ хандығының астанасы болып қайта аталған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында Созақ деген аудан бар. Оның ортасында ортағасырлық бекіністердің қалдықтары сақталған. Қала аумағындағы «Хан мазарында» Алашқа аты мәлім Әбілқайыр мен Жәнібек хандардың сүйегі жатыр.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, бір кезде сауда мен қолөнер орталығына айналған Сығанақ қаласы – 1469-1511 жылдары қазақ астанасы болған. Аталмыш қалада XV ғасырдың 80-жылдары қазақ ханы Бұрындық билік жүргізді. Шаһар туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы шығармаларда кездессе, XI ғасырда түркі ғалымы Махмұд Қашқари оны оғыздардың қаласы деп атаған. «Қызылорда-Шымкент» тас жолын бойында орналасқан шаһарға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, қыш тақталары мен күйдірілген кірпіштердің қалдықтары бар биік емес дөңдер ежелгі сәулеттік құрылыстарды айғақтайтын көне қаланың орнын көре аласыз.
Сығанақтан кейін, 1511-1521 жылдары кей деректерде 1523 жылдар аралығында ел астанасы аталған Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан стратегиялық маңызды қала – Сарайшықтың тарихтағы рөлі өзгеше. Қасым хан өз уақытында ел астанасын Сығанақтан Сарайшыққа көшіреді. Қала Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Іргесі XI ғасырда қаланған көне шаһардың жалпы аумағы 100 гектарды құрайды. 1558-1559 жылдары ағылшын көпесі Антоний Дженкинсон қалаға саяхаттап келеді. Ол өз естеліктерінде шаһардың мәдениеті мен құрылысына, қолөнері мен базарларына таң қалғандығы жөнінде жазған. Қала аумағында 12 әулиенің, 7 ханның сүйегі мен бір ханның басы жерленген. Ал 1521-1599 жылдар аралығында Сығанақ қайтадан қазақ астанасы болып құрылады. Бұл шаһар жалпы алғанда 120 жыл еліміздің бас қаласы аталған.
Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың жырына арқау болған Түркінің бесігі – Түркістан да бір жылдары мемлекетіміздің елордасы болған. Мұнда Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке, Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хандардың тұсында ел өміріндегі маңызды оқиғалар болып, халқымыздың тағдыры шешілді. 1582 жылы таққа отырған Тәуекелдің тұсында түрленген 2000 жылға жуық тарихы бар Түркістан қазақ хандығына 200 жыл астана болған екен.
Ақмешіттен Алматыға дейін
ХVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап халқымыз үшін қиын кезең басталды. Ресейдің қол астына өтіп, егемендігінен айырылған еліміз «генерал-губернаторлық – облыс – округ – болыс – ауыл» болып, бес сатылы әкімшілік басқару жүйесіне көшті.
Кейін 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылып, саяси-әкімшілік орталық ретінде Семей қаласын таңдады. Автономиялық үкіметтің төрағасы болып саясаткер, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов сайланады. Алайда алашордалықтардың талап-тілегін Кеңес үкіметі қолдамай, автономия құрамыз деген асыл арман келмеске кетті. Сөйтіп, 1920 жылы қазанның 4-інде Орынборда Қазақ (Қырғыз) АКСР Кеңестерінің І құрылтайы өтті. Осы жиын Қазақ Автономиясы құрылып, орталығы Орынбор қаласы болды деген шешім шығарды. Алайда Орынбор қазақ даласындағы өзге аймақтарға өте шалғай болды. Оның үстіне 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң Сырдария және Жетісу облыстары, Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасының құрамына енді. Сол жылы сәуір айында Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде «Киргиз» деген атау алынып, еліміздің аты «Қазақ АКСР-і» деп өзгертілді. Сондай-ақ сол жылы республика астанасы Ақмешіт қаласына ауысып, шаһар атауын Қызылорда деп атау туралы Қаулы қабылданды. Дәл осы жылы тұңғыш рет қала үшін ғажайып құбылыс болған электр жарығы іске қосылды. Алайда Қызылорданың астана болу тарихы ұзаққа созылмады. Климаты жайсыз, аса құрғақ болғандықтан ел астанасын Алматыға көшіру туралы шешім қабылданды.
Азаттықтың алтын бесігі
Қызылордадан астананы әсем Алатаудың бауырына көшіру жоспары ерте қолға алынғанымен Түркісіб темір жолының Алматыға жете қоймауы салдарынан кешігіп жүзеге асты. Осылайша 1929 жылы Алматы қаласы толықтай елорда мәртебесіне ие болды. Шаһардың халқы да тез өсіп, 50-ші жылдары Үкімет үйі, Ғылым академиясының бас корпусы, Орталық стадион, Абай атындағы опера және балет театры сынды еңселі ғимараттар бірінен кейін бірі бой көтере бастады. 9-12 қабатты көпқабатты үйлер де шаһарға сән берді. 1986 жылғы жалындаған жастарды алаңға бастаған Желтоқсан оқиғасын былай қойғанда, осы шаһарда ел тарихындағы ірілі-ұсақты көптеген жайттар болды. Әсіресе, 1991 жылы осы жерде еліміздің Тәуелсіздігі жарияланып, ақ түйенің қарны жарылды. Сондықтан да Алматыны Тәуелсіздікке жол ашқан алып шаһар деуге толық негіз бар.
70 жылдан астам Алты Алашты ұйыстырған Алматы осылайша 1997 жылы елорда мәртебесімен қоштасты. Халық қолдауымен еліміздің астанасы сол жылы Ақмолаға көшірілді.
Бейбітшілік белгісіне айналған
Егемендікті еншілеген 1991 жылдан бастап ел астанасын оңтүстік-шығыстан республиканың орталық бөлігіне көшіру мәселесі күн тәртібіне жиі-жиі шығып тұрды. Әрине, алғашында бұл лайықты жерді табу оңайға соққан жоқ. Республиканың бүкіл аумағы жан-жақты зерделеніп, соңғы таңдау Есілдің жағасына тоқтады. Біраз уақыт тірлігі тұралап қалған Ақмола осылайша елордаға айналып шыға келді. Сөйтіп, ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Ақмола еліміздің астанасы болып ресми жарияланды. 1998 жылы 6 мамырда шаһар атауы «Астана» деп өзгертіліп, сол жылы халықаралық таныстырылымы өтті.
Бүгінде Алты Алаштың айбынын асырып, сұлулықтың символындай болған еңселі елордамыз береке мен бірліктің алтын арқауына айналды. Арқа төсінде орын тепкен айшықты шаһардың қазіргі өркендеу жолындағы бейнесіне сүйсінбейтін жан кемде-кем. Егемендікті еншілеген 1991 жылы небәрі 300 мыңға жуық қана халқы болған қала қазіргі таңда еліміздегі миллионнан астам тұрғыны бар 3 мегаполистің көшін бастап тұр. Осылайша бас қаламыз – Астана іргетасы қаланған ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде Қазақстанның қонақжай ел, бейбітшілік пен келісім мекені және әлемдік спортта жетекші орталықтардың бірі ретінде халықаралық аренадағы беделінің арта түскенін айқындап көрсетіп келеді. Әлі де алты құрлыққа Алаш атын әйгілей береріне сенім мол.
Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ