Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Апандағы адамдар» – заман шындығы

0 197

Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 83-ші маусымы Спандияр Мұқышевтің «Апандағы адамдар» трагикомедиясының премьерасымен жабылды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Көркем шығармада өмірдің шындығы зерлі сөзбен, түрлі оқиға иірімдерімен көрініс тапса, ол – автор мен режиссердің жеңісі. Көрерменге ұсынылған жаңа «Апандағы адамдар» трагикомедиясы сол шындықты уытты әзілмен, жанды жұлмалаған қасіретті оқиғамен баяндаған. 83-ші маусымның шымылдығын жапқан туындыға режиссер, көпшілікке танымдық жанрдағы рөлдерімен етене таныс Рүстем Жаныаманов режиссерлік етті.
Маусымның жабылуына театр ұжымының дәл осы шығарманы сахналауында өзіндік мән бар. Туынды авторы Спандияр Мұқышев көзі тірі болғанда биыл 65 жасқа толар еді. Өзінің саналы ғұмырын аталмыш ұжымның шығармашылық әлеуетіне арнаған актердің туындысын сахналау – көркемдік кеңестің бірлесе отырып шығарған шешімі. Жанры айтып тұрғандай, драмада комедия мен трагедия қатар өрбіп, өмірдің боямасыз сәттері көрерменге айна-қатесіз ұсынылған.
Қиын-қыстау заманда қарапайым еңбек адамдары ерлі-зайыпты Бәку мен Айым алдарында кезіккен қиындықтарға, жоқшылыққа қарамастан, өздеріне тапсырылған міндетке адалдық танытады. Табиғаттың тосын мінезіне де төтеп береді, түздің тағыларымен де бетпе-бет келіп, жан алыса күреседі. Озбыр саясаттың салқыны тиген жанұя өздеріне тапсырылған малды аман алып қалу үшін боранды түнде сабан іздеп шығады. Жолда сүйек қарыған суықпен қоса аш құрсақ қасқырларға кезігеді. Үйлерінде науқастанып жатқан ұлдары Қайсарды Әбдин есімді кейіпкерге аманаттап, үкіметтің тапсырмасын орындауды парыз санаған екеуі айдалада адасып, ақырында Айым қасқырлардың жемтігіне айналады. Ал ұлдары Қайсарды Әбдин орталыққа жеткізе алмай, бала орта жолда жан тапсырады. Қос бірдей туғанынан айырылған Бәку өзін осындай халге душар еткен зорлықшыл биліктен баз кешіп кетеді. Айта кету керек, Бәку рөлін бірнеше отандық сериалда көрерменнің көзайымына айналып үлгерген тәжірибелі актер Мәмбет Қожалиев, ал жары Айымды актриса Индира Мұстафаева ойнап шықты.
Бір сахнада сипаты бөлек екі түрлі оқиғаны байланыстыру – суретші мен режиссердің білгірлігі һәм шеберлігінің айқын көрінісі. Бұл ретте мамандар дәлдік пен тапқырлықты негізгі қару етіп пайдаланды деуге болады. Әп-сәтте трагедиядан комедияға ауысқан оқиға желісінде сауық-сайраншыл Зілзала Қуықбаев есімді ауыл басшысының рөлін актер Жандар Қырықбаев асқан шеберлікпен сомдап шықты. Оның көмекшісі өте жағымпаз, нағыз суайт кейіпкердің рөлі театрға былтыр ғана қадам басқан жас талант Азамат Шакенбаевқа бұйырды. Актер бұл рөлді сомдау ол үшін үлкен тәжірибе болғанын айтады.
– 83 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қызмет етіп келе жатқаныма небәрі бір жыл болды. Осы аралықтағы бұл менің екінші үлкен рөлім. Кейіпкерім саясаттағы сайқал тірліктің бәрін әбден меңгерген, өте қу, жағымпаз адам. Тек биік мансапты, байлықты мақсат тұтқан. Өзінің діттегені үшін ешкімді аямайды. Негізі кейіпкердің жасы 40-та. Бірақ рөлді жоғары дәрежеде алып шығу үшін барымды салдым. Көрерменге ұнады деген сенімдемін, – деді жас өнер иесі.
Биліктің еңбекші адамдардың ауыр трагедиялық жағдайын көріп, біле отырып қасақана сауық-сайран салып, бақталастыққа, тақталастыққа түсуі, арзан күлкіге құмарлануы, түрлі таптар арасындағы текетірес пьесаның өзегі болды. Ең соңында жоғары жақтың нұсқауымен ауылдың басшылық креслосына қалт-құлт еткен 90 жастағы шал Киізқазық Шудабаев келеді. Осылайша, бәрі таласқан билік «саған да жоқ, маған да жоқ» күйге түсті. Киізқазықтың рөлін театрдың ардагер актері, дүйім қазаққа белгілі Әбиірбек Тінәлиев шебер ойнап, көптің ықыласына бөленді.
Премьера соңында театр директоры Болат Бекжанов ұжымды және көрермендерді 83-ші маусымның салтанатты жабылуымен құттықтады. Өз сөзінде ол премьера авторы, өнер майталманы Спандияр Мұқышевті еске алып, көпшілік алдында ұжымда ұзақ жылдар қызмет етіп келе жатқан актердің жары Галина Қойшыбаеваға ұжым атынан қамзол кигізіп, орамал жапты.
– Егер көзі тірі болғанда Спандияр бауырымыз осы қойылымдағы басты рөлдердің бірін өзі сомдап шығар еді. Марқұм көзі тірі болғанда 65 жасқа толып, арамызда өз өнерімен жарқырап жүрген болар еді. Спандияр осы театр қабырғасында жүріп, үлкен белестерді бағындырды. «Құрмет» орденінің иегері, бірнеше халықаралық фестивальдердің жеңімпазы атанды. Осы ұжымда ол 1976 жылдан бастап өмірінің соңына дейін табан аудармай 33 жыл қызмет етті. Сатиралық шығармалардың хас шебері болатын. Бүгін, мінекей, қаламынан туған қазыналы мұрасын сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз, – деді ұжым басшысы.
Өз кезегінде үлкен құрметке ие болған өнер майталманының жары Галина Қойшыбаева да жарына тірі кезінде шығармашылық қолдау көрсеткен Болат Бекжановқа да зерлі шапан жауып, қазақы дәстүрмен құрмет көрсетті.
Биылғы жыл аталмыш ұжым үшін жемісті де жеңісті болды. Театр өнерпаздары Татарстанның Қазан қаласында өткен «Наурыз» фестивалінде өнер көрсетіп, «Қыз Жібек» саунд-драмасын сахналады. Сондай-ақ бірнеше халықаралық байқаулардан жеңіспен оралды. Әулиеаталық көрерменнің ықыласына бөленген ұжым келесі 84-ші маусымға тың туындылармен оралуға уәде етті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.