Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қант қызылшасын өсіруге қолдау артады

0 199
Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек жамбылдық қызылша өсіруші шаруашылықтармен кездесуінде айтты.
– Келесі жылдан бастап қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының тоннасының құнын субсидиялау нормасын 15-тен 25 мың теңгеге дейін ұлғайтудың нәтижесінде 40 мың теңгені құрайтын болады. Атап айтқанда, шаруашылықтардың қант қызылшасын өсіруге жұмсаған шығындары жыл сайын өсіп отыратыны және биылғы жылы 1 гектарға жұмсалған шығындар 900 мыңнан 1 млн теңгеге дейін жетті. Қызылша өсірушілердің мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау жөніндегі өтініштерін ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялар нормаларын ұлғайтты. Осылайша шикізатты қабылдау құнын бұрынғы 30 мың теңгенің орнына 40 мың теңгеге жеткізді. Соның арқасында қант қызылшасының рентабельділігі жүгері, рапс және соя сияқты дақылдардың деңгейіне дейін теңестіріледі, – деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы вице-министрі мемлекет қызылша өсірушілерге қолдау көрсетуді жалғастыратынын, қант саласын дамыту жөніндегі жоспар әзірленгенін тілге тиек етті.
– Қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасын субсидиялауды ұлғайтуға келесі жылы шамамен 11,5 млрд теңге бюджет қаражатын бөлу көзделуде. Сондай-ақ, бүгінде тұқым, гербицидтер, тыңайтқыштар құнының 50%, техника құнының 25% субсидияланады, бұл ретте субсидиялаудың жаңа қағидаларында техниканың рұқсат етілген ең жоғары құнының белгіленген лимиттерін өзектендіру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша жұмыс шеңберінде қызылша жинайтын комбайндарды сатып алуға өтеу нормативін 50% дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Мемлекеттік қолдаудың жаңа ережелері 2023 жылдан бастап күшіне енеді деп күтіліп отыр, – деді Әбілқайыр Тамабек
Жиын барысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов
өңірде қант қызылшасы дақылының өндіріс көлемін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жалпы облыста тәтті түбір өсірумен 82 шаруа қожалық айналысады. Биыл аймақта 5,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылса, бұл алқаптан 214,4 мың тонна өнім жиналып, орташа өнімділігі 350,0 ц/га құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ, жиналған өнімнің 122,5 мың тоннасы қант зауыттарына өткізіледі деп жоспарлануда. Ал, келесі жылы тәтті түбір алқабын 10 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.
Кездесу соңында қант қызылшасын өсіруші шаруашылықтар саланы дамыту перспективалары туралы өз пікірлерімен бөлісіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарға тұщымды жауаптарын алды.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.