Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қант бағасы бақылауда

0 500

Қанттың бағасы шарықтағалы ел ішінде дүрбелең туды. Құмшекердің құны аспанға бір-ақ шыққаны шымбайына батқан жұртшылық сол бір түйір тәттінің құны үшін уайымдауда. Бір жағынан тосап қайнату мезгілі болғандықтан да алаңдаушылықтың орын алуы да заңды.

Осыған орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстағы қант тапшылығының алдын алу шаралары туралы баспасөз конференциясы өтті. Оған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев пен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров қатысты.
Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта ел аумағында көршілес мемлекеттердегі геосаяси ахуалға байланысты қант өніміне баға біршама көтеріліп отыр екен. Бұған қоса елімізде қант өндіруге қажетті шикізат – қант құрағының шет мемлекеттерден сатып алынуы да бағаға едәуір әсер еткен.

– Ресей Федерациясына санкция салынбай тұрып Қазақстанға қант құрағы теңіз көлігімен Латын америкасынын Ресей порттары арқылы ешбір кедергісіз және қосымша шығынсыз келген. Ал қазіргі таңда қазақстандық қант зауыттарына шикізат Грузия еліндегі Батуми порты арқылы жеткізіледі. Бүгінде облысымыздың қантқа айлық қажеттілігі 1800 тоннаны құрайды. Оның ішінде 1 600 тонна облыс халқының, 200 тонна кәсіпорындардың қажеттілігі саналады. Бүгінгі күнде құмшекердің барлық қоры – 208,9 тонна. Атап айтқанда, тұрақтандыру қорында 70 тонна, қоймаларда 58,2 тонна, сауда объектілерінде 80,7 тонна бар. 1000 тонна қантты 450-485 теңгеге сатып алу шешімі қабылданып, конкурс жарияланды. Қазіргі кезде арнайы құрылған жұмыс топтары апта сайынғы негізде сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар жуық арада Үндістан мемлекетінен квота арқылы 800 тонна ақ қант келеді. Оның бағасы 600 теңге шамасында болады, – деді Аспандияр Мұраталыұлы. Сондай-ақ ол өңірде сауда үстемесін бақылау тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын да жеткізді.
– Сауда үстемеақысы бойынша облыста 5 сауда нүктесіне хаттамалық ескерту берілді. Сонымен қатар сауда орындарына делдалсыз тікелей отандық тауар өндірушілермен келісімшарт түзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 8 тауар түріне 86 сауда орнымен келісімшарт жасалды, – деді басқарма басшысы.
Келесі кезекте сөз алған Дәулет Мақсұтұлы бағаны тұрақтандыру бойынша қолға алынған шаралар туралы кеңінен баяндады.
– Облысымыздың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өңірлік тұрақтандыру қоры жыл басынан бері 1000 тонна кристалды қант сатып алды. Жоғары бағамен сатып алудан келген шығын 20 миллион теңгеден асты. Тараз қаласы бойынша 18 әлеуметтік дүкен бар. Оларға бір уақытта 10 тонна тәтті өнім жеткізілді. Қазіргі уақытта 1000 тоннаға жоспарланған түйіршіктелген қант сатып алынуда. Оның бір келісі 450 теңгеден зауыттық бағамен сатылатын болады. Арнайы құрылған жұмыс топтары апта сайынғы негізде сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізуде. Азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың барлығы облыс аумағында базарларда өткеріледі. Осы бойынша халыққа заманауи оңтайлы базар жасау үшін, модернизациялау жұмыстары жүргізіліп, қант бағасының тұрақтылығы және тапшылығын болдырмау мақсатында алдыңғы жылы наурыз айында тұрақтандыру қорынан барлық ауданға 5 тоннадан 1 келісі 290 теңгеден қант берілген. Сонымен қатар кондитерлік фабрикалармен кәсіпорындарына жергілікті қант зауыттарынан тікелей қант сатып алу жұмыстары ұйымдастырылған, – деді Дәулет Әбілқайыров .
Осылайша мамандар қант бағасы бақылауда екенін айтады. Ләйім, жауаптылардың жоспары жүзеге асып, жақын арада құмшекердің құны тұрақталады деп сенеміз.

Құралай Сейсенбекқызы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.