Өзімізге және өзгеге зиянымыз тимесін десек…

Сәндібек ПІРЕНОВ

Жұқпалы індеттің таралу аймағы әлі де саябырламаған соң, елдің саулығы үшін барлық өңірлерде карантин режимі жарияланған-тын. Соған қарамастан, жаназа намазы мен астарға қалың көпшіліктің жиылғанын естіп те, көріп те жүрміз. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкіл имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің қатысуымен өткен конференцияның орны бөлек.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің барша азаматтарына пандемия кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырып жатқанын осыған дейін де естігенбіз. Жағдайды ушықтырып алмас үшін жерлеу рәсімінен кейін дастарқан жаймай, марқұмдарға арналған астарды уақытша тоқтатып, азалы күнде тек әр шаңырақ иесі өз отбасы мүшелерімен шектелуге мәжбүр болып отыр. Дейтұрғанмен ескертуді елемейтіндер де жоқ емес. Конференция барысында Бейбіт Мырзагелдиев тұрғындардың басым көпшілігінде туындайтын сұрақтар жайында баяндады.
– Ислам – адам баласының өміріне, денсаулығына, сеніміне, отбасына және абыройына аманат ретінде қарайтын дін. Жаратқан Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерткен. Сондықтан әрбір адам баласы өз өмірі мен денсаулығына дұрыс күтім жасауға және қауіп-қатерден сақтануға міндетті. Өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алла Тағаланың бізге берген аманаты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Мұсылман кісі өзіне және өзгеге зиян келтірмейді», – деген. Мұндай індет тараған кезде оның алдын алу үшін өзіндік талаптарын орындау, оған бойұсыну – әрбір азаматтың ортақ міндеті, – деді Бейбіт Мырзагелдиев.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекіткен талаптары толық айтылған соң, діни рәсімдер мен діни сұрақтарға қатысты ақпарат алуды көздеген азаматтар үшін де жағдай қарастырылғанын білдік. Яғни қала және аудандық мешіттерде таңғы 09:00-ден кешкі 18:00-ге дейін телефон арқылы ақпарат беруге жауапты қызметкерлер бекітілген. Мұның барлығы – ел саулығы үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан тұрғындар түсіністікпен қарап, індет кезінде бекітілген талаптардан аспаса дейміз.

Comments (0)
Add Comment