Жыр алыбын ұлықтады

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармалары қазақ қоғамының темірқазығы іспетті. Себебі жүз жыл жырлаған ақынның өмірінде өшпес өлеңі өз заманының шындығымен қабысып тұр. Қазақ руханияты әлемінде өз биігі бар жыраудың 175 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде тойлануда.

Дәрмен ЕРБОЛОВ

Сондай шараның бірі облыстық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен «Жаһанға мәшһүр жауһар жыры» тақырыбында өтті. Басқосуға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Мәлік Ақүрпеков пен облыстық мемлекеттік архивтің директоры Көсемәлі Сәттібаев қатысты.

Жиынды алғы сөзімен ашқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева өңірде жыр алыбының мерейтойына арналған шаралар басталып кеткенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, алдағы күндері ақынның шөбересі Мұхтархан Жанболатпен кездесу өтеді. Сондай-ақ «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы кең көлемде ұйымдастырылмақ. Айта кетерлігі, аймақта ғасыр жасаған ақынның мерейтойына арналған шаралар жыл соңына дейін жалғаса бермек.

Шарада облыстық мемлекеттік архивтің директоры Көсемәлі Сәттібаев ақынның неліктен «Жолбарыс» атанып кеткендігіне тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттік архивтің бөлім басшысы Сағындық Зейнуллаұлы мұрағатта сақталған ақынның 100, 130, 150 жылдық мерейтойларына орай шығарылған мақалалар, ескерткіштері мен суреттерін таныстырды. Мұнан соң, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушылары ақынның «Мұғалімдерге сәлем», «Бесік жыры», «Жамбылдың халық үшін қалған жасы» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Жамбылдықтар Мұратхан Жамбыловпен кездесті

Әйгілі ақын, ұлы жырау Жамбыл Жабаевқа арналған іс-шаралар кезегі Жамбылтану орталығында жалғасты. Онда ақынның шөбересі Мұратхан Жамбылов өңір тұрғындарымен жүздесті.

Жамбылдықтар үшін тарихи сәтке бергісіз кездесуге жиылғандар әуелі Жамбыл Жабаевтың өмір жолы мен шығармашылығы әсерлі суреттелген деректі фильмді тамашалады. Ізінше айтыскер ақын Дидар Апбасов арнауын айтып, көрерменнің ықыласына бөленді. Келелі кездесуді ардагер журналист Қалыбек Атжан жүргізді. Сөз басында қаламгер Жамбылдың өмірі мен өміршең шығармашылығының қуаты жайында толғанды. Бұдан соң облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай облысқа арнайы келген Мұратхан Жамбыловқа алғыс білдірді.

Кездесуде жазушы-драматург Елен Әлімжан ақынның мұрасы қазақ қоғамымен бірге жасайтынын айтты. «Жамбыл есімін біз бала кезден-ақ «апа», «ана» сөздерімен қатар естіп өстік. Сол үшін де ұлы тұлғаның аты біз үшін ыстық», – деді ол тебірене. Өңірдің мәдениет-әдебиет саласында өзіндік орны бар азаматтар жиылған басқосуда ардагер журналист Байтанғали Төлентаев Жамбылға арнап шығарған арнауын оқыды. Артынша ақынның ұрпағы Мұратхан Жамбылов ақынның естеліктерін айтып, ой бөлісті.

– Қыс мезгілінде дүниеге келген баба есімін неге Жамбыл деп қойғанын білесіздер. «Әруақты жерден ат үркеді» деген сөз бар. Қасиетті Жамбыл топырағында қаншама ұлы адамдар туған. Бабамыздың атымен аталған өңір халқына амандық тілеймін, – деп тілегін төкті.

Осы кездесуде Жамбылдың тағы бір шөбересі Бекмұрат Жамбылов та ағынан жарылып сөз сөйледі. «Жамбыл бабамыздың тоқсаннан асқан шағында да жыр жүйрігі болғанын ел жақсы біледі. Ол жыр оқығанда, хатшылардың өзі жазып үлгере алмаған деседі. Мені бабамның жырларымен әкем таныстырды. Сол кезде бабамның мақамын мейлінше меңгеріп алғанмын», – деп ізін суытпай Жамбыл Жабаевтың мақамына салып «Алатаудан, Арқадан, ақындарым, келіпсің» деп әуелете жөнелді. Бекмұраттың өнеріне тәнті болған жұрт қол соғып, қошемет көрсетті. Осылайша өткен заманға көз тастап, ақынның жүрген жолын қайта еске алдырған Жамбылдың шөберелерімен өткен кездесу көптің жүрегінде қалатын тарихи сәт деп айтсақ та болатындай.

Comments (0)
Add Comment