Жылыжай шаруашылығына жаңа серпін

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған делегация Нидерланд Корольдігінде өткен «GreenTech Amsterdam-2023» көрмесіне қатысты. Көрменің мақсаты – жылыжай шаруашылығының ең озық технологиялары мен жаңалықтарын дүйім жұртшылыққа ұсыну, саланың бизнес мүмкіндіктерін көрсету.

Биылғы көрмеге 300 компания мен 12 мыңға жуық көрермен қатысқан.
Жамбылдық делегацияның жұмыс сапары аясында Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Жұмағалиев пен ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің қатысуымен өткен кездесуде жылыжай саласының үздік компанияларымен келіссөздер жүргізілген.
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен Нидерланд елінде жылыжай жүйесін қалай дамытып жатқандығын көрдік. Мұндағы бірнеше нысанды аралап, жылыжай желісіндегі қолданылып жатқан жаңа технологиялармен таныстық. Жамбыл облысы климаттық жағынан алып қарағанда, жылыжай желісін дамытуға өте қолайлы. Біз бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен осындай жылыжай желісін дамытуға арналған арнайы жер учаскесін белгіледік. Сол жерлерде өзіміздің алған тәжірибелерімізді пайдаланатын боламыз. Осы елден инвесторлар келіп, жұмыс жасайды деген сенімдемін, – дейді облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
Делегация Нидерландының жылыжай кешендерінің 80 пайызы шоғырланған Вестлэнд провинциясына барып, жылыжай шаруашылығын дамытудағы мемлекеттік органдардың қызметімен танысқан.
Жылыжай шаруашылығының ең соңғы инновациялық технологияларын шоғырландырған «Koppert Cress», «Certhon», «Tomatoworld» компанияларының жұмысындағы басты ерекшелік – жоғары өнімділік, өндірістің ғылыммен үйлесімділігі.
Аталған жылыжай кешендерінде 1 шаршы метрден 80 келіге дейін қызанақ алынуда.

Айдар Айнабала

Comments (0)
Add Comment