Жылыту маусымына дайындық – жіті назарда

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен жылыту маусымына дайындық бойынша штаб отырысы өтті.

Ең әуелі қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков жауапты кезеңге әзірлік бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Қазіргі таңда шаһарда жылыту маусымы барысында 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар арқылы 1 780 көппәтерлі тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу кезеңінде «Таразтрансэнерго» мекемесі қызмет көрсететін жылу құбырларында 71, «Жамбыл-Жылу» мекемесі қызмет көрсететін жылу құбырларында 3 ақау анықталып, уақытылы қалпына келтірілді. Бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымын қалыпты жағдайда өткізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «QAZAQGAZ AIMAQ» кәсіпорнының ақпаратына сәйкес қала аумағында газдандырылмаған 2 006 жеке тұрғын үй бар. Осыған байланысты 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына қала тұрғындары үшін қажетті көмірдің көлемі 10 030 тоннаны құрап отыр. Қазіргі таңда, зерделеу нәтижесінде көмір сатылатын теміржол тұйықтарында 1170 тонна көмір бар екені анықталды.
Сонымен қатар жылумен қамтамасыз етуші кәсіпорын және қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандары тарапынан зерделеу нәтижесінде ішкі жылу жүйелерінде жөндеу жұмыстарын қажет ететін 114 көппәтерлі тұрғын үй анықталған болатын. Осыған орай үйлердің тұрғындарымен жиналыстар ұйымдастырылып, тиісті нұсқамалар (предписание) берілді. Бүгінгі таңда, 98 көппәтерлі үйге тұрғындар өз қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізсе, 16 көппәтерлі үйдің тұрғындары қажетті қаражатты жинап, жөндеу жұмыстарын бастады, – деген Нұрсұлтан Арқабайұлы бұл жұмыстар алдағы жылыту маусымы басталғанға дейін толығымен аяқталатынын жеткізді.
Келесі кезекте қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова оқу ордаларының жылыту маусымына дайындығына тоқталды. Оның айтуы бойынша, шаһарда қалалық білім бөліміне қарасты жылу берілетін мемлекеттік 138 мекеме бар. Оның 132-і жылу тасымалдаушы кәсіпорындар тарапынан жылытылады екен. Жылыту маусымына дайындық ретінде 70 мектеп пен 48 балабақшада жылу жүйелерін гидравликалық сынақпен тексеру (опрессовка) жұмыстары толығымен жүргізілген.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, коммуналдық мекемелер қазан айының басына дейін жылыту маусымына толығымен дайын болуы қажеттігін атап өтіп, бұл бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Comments (0)
Add Comment