Жылыту маусымы мерзімінен бұрын басталды

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен штаб отырысы өтті. Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті.

– Қазіргі таңда шаһарда жалпы 5 жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар бар. Аталған кәсіпорындар арқылы жылыту маусымы кезеңінде 1 780 нысан жылумен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні өтінім берген барлық кәсіпорынға әзірлік паспорттары берілген. Мекемелер жылыту маусымына 100 пайыз дайын.
«QAZAQGAZ AIMAQ» кәсіпорнының ақпаратына сәйкес қала аумағында газдандырылмаған 2 006 жеке тұрғын үй бар. Осыған байланысты 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына шаһар тұрғындары үшін қажетті көмірдің көлемі 10 030 тоннаны құрады. Бүгінде қала аумағындағы көмір сатумен шұғылданатын 7 оператордың теміржол тұйықтарында 2 630 тонна көмір бар. Сонымен қатар шаһар аумағында жалпы 138 мемлекеттік білім мекемелері бар. Оның 133-і жылу өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар тарапынан жылытылады, – деді Нұрсұлтан Арқабайұлы.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы ауа райының күрт суытуына байланысты жылыту маусымын ертерек бастау қажеттігін баса айтты. Нәтижесінде штаб мүшелерінің шешімімен Тараз қаласында жылыту маусымы 6-қазан күні басталды. Атап айтсақ, 6-9 қазан аралығында білім беру, денсаулық сақтау мекемелері секілді әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілсе, 9-15 қазан аралығында көпқабатты тұрғын үйлер жылуға қосылады.

«JT-ақпарат»

Comments (0)
Add Comment