Жылы-жұмсақтың барлығы жәрмеңкеде

Қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен халықтың күнкөріс деңгейі тұтыну тауарларының қолжетімділігіне тікелей байланысты. Әсіресе, азық-түлік өнімдерінің бағасы ел экономикасының аса маңызды көрсеткіштерінің бірі екені белгілі.

Қазіргідей үйдегі есепті базардағы баға бұзатын заманда қымбатшылық қос бүйірден қысқаннан кейін халық арзан дүние іздейтіні анық. Алайда, көп жерде көптің көкейіндегісі бола бермейді. Осыған орай Тараз қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналып келеді.
Сол игі дәстүр сенбі күні Орталық алаңда өз жалғасын тапты. Кезекті жәрмеңкеде облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласы тауар өндірушілерінің және тұрақтандыру қорының өнімдері ұсынылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, шарада жалпы құны 108,5 миллион теңгені құрайтын 85,4 тонна ауыл шаруашылығы тауары сатылымға шығарылған. Оның ішінде 23,5 тонна ет, 3,0 тонна шұжық, 8,5 тонна сүт, 0,6 тонна кондитер, 3,9 тонна макарон, 0,5 тонна тұз, 4,2 тонна балық, 7,0 тонна ұн, 2,6 тонна бал, 31,6 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері және 12 мың дана жұмыртқа бар. Сондай-ақ тауарлардың бағалары нарық құнынан 10-20 пайызға төмен өткерілген.

Осы ретте жәрмеңкеге шығарылған өнімдердің бағаларына біз де зер салып көрген едік. Мәселен, қой етінің бір келісі – 3400, сиыр еті – 3400, жылқы еті – 3100, қазы – 3800, үй тауығының еті – 2200, үй сүті мен айраны – 300, құрт – 1300, бал – 2200, алма – 350, картоп – 130, сәбіз – 150, қызылша – 200, қырыққабат – 200, қияр – 300, қызанақ – 150, пияз – 100, асқабақ – 150 теңгеден саудаланды. Расында, көптеген сауда нысандарындағы бағамен салыстырғанда мұндағы тауарлардың құны біршама арзан екенін аңғару қиын емес. Бұл ойымызды жәрмеңкеге келген қала тұрғыны Гүлжәмила Тілемісованың пікірі де растай түседі.
– Азық-түлік бағасы қазір тұрғындар үшін басты мәселе болып тұр. Әсіресе күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы кейде қалта көтермейді. Сондықтан бүгінгі жәрмеңке біз сияқты қарапайым халыққа үлкен демеу екені анық. Жәрмеңке болатынын естіген соң, таңертең ерте келіп, қажетті деген барлық өнімді сатып алдым. Көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт өнімдері – барлығы ауылдан әкелінген, бағалары базармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мысалы, пиязды 100, картопты 130 теңгеден алдым. Қала дүкендерінде немесе базарда дәл осы өнімдердің құны 150, 180 теңгеге дейін барады. Бағалардың айырмашылығы осыдан-ақ білінеді. Бұл – бір қарағанда болмашы сома секілді көрінгенімен, бір айлық азық-түлігін алатын адамға үлкен үнем. Ең бастысы – өнімнің сапасы жақсы әрі барлығы табиғи. Сондықтан осындай жәрмеңкелер жиі өткізіліп тұрса, тұрғындар үшін тиімді болар еді. Себебі мұнда делдал жоқ, өнімдер тікелей өндірушіден келіп жатыр. Оның үстіне, ауылдағы ағайын да өз еңбегін ақтай алады, яғни қос тарапқа да пайдалы, – дейді зейнеткер.
Расында, бұл жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға да мүмкіндік берді. Солардың қатарында байзақтық кәсіпкер Ержан Бақтыбаев та бар.
– Қазіргі таңда қалада отандық өнімге деген сұраныс өте жоғары. Бірақ біз секілді ауылдағы шаруалар көп жағдайда өнімімізді тікелей сата алмай жатамыз. Егер делдал арқылы өткізсек баға өседі, сөйтіп халықтың қалтасына да салмақ түседі. Ал осындай кездерде біз өз өнімімізді тұрғындарға тікелей ұсынып, нақты бағамен саудалаймыз. Бүгін жәрмеңкеге сүт өнімдерін алып келдік. Қазір мал бағып, одан өнім алудың өзі машақатқа толы. Себебі жем-шөп бағасы жыл өткен сайын шарықтап барады. Оның үстіне төрт-түлікті күтіп-баптап, қора-жайын сайлау да үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан тауарларымызды тікелей сатылымға шығару тұтынушыға да тиімді, әрі бізге де үлкен көмек болып отыр. Таңертеңнен бастап жәрмеңкеге ағылып келіп жатқан халықтың қарасы қалың. Ең бастысы, сатып алушылар дән риза, алған өнімдері де көңілдерінен шығып жатыр. Біз үшін де бұл – үлкен мәртебе. Себебі өзіңнің маңдай теріңмен баптаған өніміңді халықтың ықыласпен алғанын көру – еңбегіңнің жанғаны. Сондықтан осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса ауылдағы ағайынның еңбегі еленіп, кәсібін кеңейтуге де жол ашылады. Бұл – шағын шаруашылықтарды қолдаудың да нақты жолы. Кәсіпкерлікті қолдау тек қаржылай жағынан ғана емес, осындай жәрмеңкелерді ұйымдастырудан да көрінеді. Себебі өнім бар да, оны нарыққа шығарып, пайда табу бар. Бір жағынан қала мен ауылдың арасында осылай тікелей байланыс орнаса, бәріне жақсы. Мәселен халық таза, табиғи өнімдерді тұтынады, ал біз секілді шаруалар өз кәсібін әрі қарай дамыта алады, – дейді кәсіпкер.
Мұндай жәрмеңкелер желтоқсан айына дейін Жамбыл даңғылындағы «Әлеуметтік базар» алаңында өз жалғасын табады.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Comments (0)
Add Comment