Жылу мәселесін жедел шешуді тапсырды

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласында-ғы №15 «Ұлы Дала» ықшам-ауданына ат басын бұрып, жылу жүйесін кеңейту жұмыс-тарымен танысты.

Айта кетейік, бұған дейін аталған ықшамаудандағы кейбір көпқабатты тұрғын үйлердегі жылытуға қатысты мәселелер әлеуметтік желілерде көтерілген болатын. Нақтырақ айтқанда, тұрғындардың пәтерлердегі жылу температурасының төмендігіне байланысты шағымдары жиілеген. Соған сәйкес, қалалық құрылыс және тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің қызметкерлері «ТаразТрансЭнерго» мекемесінің мамандарымен бірлесіп тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі жылу тораптарын тексеру жұмыстарын жүргізген.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, тексеру кезінде беру құбыры мен қайтару құбырындағы қысым бірдей екендігі, яғни салқындатқыштың айналым қозғалысы жоқтығы анықталған.
Осыған байланысты «Тараз-ТрансЭнерго» кәсіпорнына жылу трассасында айналымды арттыру үшін магистральдық кері жылу желісіне сорғылар орнату ұсынылған.
«ҚұрылысИнвестЖоба» ЖШС жобалау ұйымына сорғы станциясын орнату орнын таңдау және сорғылардың қуатын есептеу бойынша тиісті тапсырмалар берілген.
Облыс әкімі қыс мезгіліндегі жылу деңгейінің төмендігіне қатысты тұрғындардың шағымы орынды екенін атап өтіп, бұл мәселені бір апта ішінде шешуді тапсырды. Жауаптыларға жан-жақты жұмыстар жүргізіп, жедел шаралар қабылдау бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Comments (0)
Add Comment