Тараз қаласы әкімінің 2025 жылғы 3 қазандағы №54-Ө өкіміне сәйкес, ағымдағы жылдың 6-қазанынан бастап қала бойынша жылыту маусымы басталды. Осыған байланысты тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Нақтырақ тоқталсақ, 1-кезең 2025 жылғы 6 қазаннан бастап, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік нысандар (1-санаттағы объектілер) жылуға қосылады.
2-кезеңде, яғни 9-13 қазан аралығында 5 күнтізбелік күн ішінде 1165 көппәтерлі тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Осыған орай пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК), мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ), қарапайым серіктестіктер (ҚС) тиісті кезеңдерде жылу пункттерін және білікті персоналды алдын ала дайындап, жылу тораптарына уақытылы қол жеткізуді қамтамасыз етулері қажет.
Естеріңізге сала кетейік, жылу желілері тұрғын үйлерге кіреберіс бөлігіндегі пайдалану қызметінің шекарасына дейін параметрлері бар жылу жеткізгішті ұсынады және элеватор тораптарын қосады. Одан әрі ПИК, МИБ, ҚС білікті мамандары үйішілік жүйені іске қосып, өздерінің жауапкершілік аймағында ішкі желілерді реттейді. Яғни тік құбырлар мен радиаторлардағы ауаны шығару секілді жұмыстарды жүзеге асырады. Ал кондоминиумға кірмейтін тұрғын үйлердің тұрғындары көтергіштер мен радиаторлардағы ауаны өз күштерімен шығарады.
Анықтама үшін «Таразтрансэнерго» МКК тәулік бойы диспетчерлік қызметінің телефоны: 34-37-28.
Тараз қаласы әкімдігі