Жылу бағасы өседі ме?

Жыл сайын жаз айларында қала тұрғындарын ыстық су мәселесі алаңдатады. Құбырларды жаңарту жұмыстары кезінде сол жағдай биыл да қайталанды. Түйткілді мәселені оңынан шешу үшін кәсіпорындар қондырғы мен ескі құбырларды жаңартуы керек. Мәселен, «Жамбыл-Жылу»мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 2018 жылдың қарашасындағы келісімшартқа сәйкес, «Арайстрой-GROUP» ЖШС қаржыландыруымен бірнеше жылыту қазандықтары модернизацияланды.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Кәсіпорынның қала аумағында орналасқан №1 қазандығынаТабиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ерболат Дүйсенбиев барып, жұмыстардың жай-жапсарымен танысты. Модернизациядан өткен өндіріс ошағында мекеме басшысы Мүслім Қасымов та болды. Онда кәсіпорынның бас инженері Бөріхан Ниязқұлов жаңартылған қазандықтардың мүмкіндігі жайында айтып, жалпы жұмыстармен таныстырды.

–2018 жылы мемлекеттік сатып алу арқылы 266,2 млн теңгеге қуаты 11,2 МВт құрайтын «Bosch» (Германия) фирмасының су қыздыру қазандығы орнатылып, қазандықты қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Сонымен өткен жылы қазандық іске қосылды. Артынша 150 млн теңгеге «Viessmann» «VitoMax LW16000» 16 МВт-тық қазандықты сатып алуға келісім-шарт жасалған. Биыл 40 млн теңгеге ДКВР бу қазандығын бөлшектеу (демонтаж) жұмыстары жүргізіліп, «VitoMax LW16000» германдық қазандық орнатылды. Ағымдағы жылы 58 млн теңгеге осыған қосымша ретінде аталған фирмадан қуаты 6 МВт құрайтын қазандық сатып алынды,–дейді Бөріхан Өменұлы.

Сонымен қатар модернизация арқылы орнатылатын үшінші қазандыққа 30,2 млн қарастырылыпты. Қазірде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек қазандықтарды орнату барысында аккумулятор, мазут багы, химсудайындау сүзгілері, канализациялық және ағынды суды тазарту жүйелері ауыстырылыпты. Бұл жұмыстар 53,3 млн теңгеге жүргізіліп, жылыту қазандықтарында атқарылған жұмыстардың жалпы құны 597,7 млн теңгеге жеткен. Енді шығындар біршама азайып(газ 30 пайызға үнемделді), кәсіпорынның қуаты да артқан. Модернизация толықтай «Арайстрой-GROUP» ЖШС қаржыландыруымен жүзеге асқан. Компания мұнымен қоса «он күнде өндіріс аймағына жол төсеп береміз» – деп отыр екен.

Қала аумағындағы №1 аудандық қазандығында жұмыстар жүйеленген. Бұрын осы қазандықтан 91 нысан ыстық сумен қамтылса, биыл бұған қосымша тағы 5 нысан беріліпті. Сала мамандарының айтуынша, мекеме биыл жаз мезгілінде де тұтынушыларды ыстық сумен қамтамасыз еткен. Мекеме балансында қала аумағында – 43, Жамбыл ауданында – 22, Байзақ ауданында – 7 сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында – 4 қазандық бар.

«Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан инвестициялық бағдарламаға жалпы 116,2 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы Т.Рысқұлов ауданындағы «Валиханов», «Ворашилова» қазандықтарын ауыстыруға, қала аумағы, Чехова көшесіндегі «Механикалық жөндеу шеберханасының» құрылысына, Бейбітшілік көшесіндегі «Диб» қазандығын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалған. Мұнымен қоса, түтін сорғыш қондырғы, «Флоугаз» газ көлемін реттегіш блогтары, «Газель» фирмасынан екі автокөлік сатып алынған.

«Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында бірқатар жұмыстар атқарылыпты, енді бұл тарифтерге әсер ете ме?» деген сауал туындайды. Коммуналдық кәсіпорындар 5 жылда бір рет қана тарифтерді көтереді екен. Соған сәйкес, мекемеде тариф бағасы соңғы рет 2015 жылы көтерілгенін ескерсек, келер жылы баға өседі. Мамандардың айтуынша, ыстық су бағасы мекемелерде 36 пайызға, ал тұрғын үйлерде 10 пайызға артуы мүмкін. Бес жылда «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнындағы шығындар да артады. Коммуналдық қызметтің бағасы өсетіні қалыпты жағдай болса, жыл соңына дейін тарифтердің неше пайызға дейін өсетіні белгілі болады.

Comments (0)
Add Comment