Жыл жаңашылдықтарын жұрт қалай қабылдады?

Әне-міне дегенше Жылан жылының алғашқы тоқсаны түгесілді. Бұл бір қарағанда қас-қағым сәт қана болып көрінгенімен, осы уақыттың ішінде-ақ еліміздің дамуына әсер ететін көптеген заң қабылданып үлгерді. Осылайша, мемлекетіміздің заңнамалық жүйесі бірқатар тың өзгерістер мен маңызды реформаларға куә болуда. Мұның нәтижесінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан жаңғыру үдерісі заң шығарушы орган – Парламенттің жұмысында да өз көрінісін табуда. Ендеше, бүгінге дейін қандай маңызды құжаттар қолданысқа енді және оларды қоғам қалай қабылдап жатыр?

Маңызды өзгерістердің бірі – 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңгені құрады. Қазақстанда айыппұлдар АЕК мөлшерімен есептелетіндіктен, олардың сомасы да қайта есептелді. Бұл қатарда қазақстандықтарға жақсы таныс 12 әкімшілік құқық бұзушылыққа салынатын айыппұлдар сомасы артты.
Атап айтқанда, бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тiркеусіз тұрғандарға – 7 АЕК (27 524 теңге), ал мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеген жеке тұлғаларға 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар заң бойынша сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 19 660 теңге, бір жыл ішінде қайталанса 39 320 теңге айыппұл салынады. Ал көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде подъезде ішімдік iшкен немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келген адамға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде, ал 18 жасқа толмаған адам болса, оның ата-анасы дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді. Бұзақылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК (39 320) мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22:00-ден 6:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 11 796 теңге мөлшерінде, 18 жасқа толмаған бала 23:00-ден 6:00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер аталған әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге, ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл көзделген.
Осы жылдан бастап қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлемегендерге – 7 864 теңге, сондай-ақ жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл көзделіп отыр.
Сонымен қатар тұрғындардың ортақ пайдаланатын орындарды ластауға қатаң тыйым салынады. Мәселен, қоқысты терезеден лақтыру, соның ішінде темекі тұқылын лақтыру, баспалдаққа немесе аулаға, балалар алаңына қоқыс пакеттерін тастап кету, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау секілді бұзушылық жасаған адамдарға 19 660 теңге айыппұл салынып, бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, 39 320 теңге айыппұл көзделген.
Баспалдақ аумағына ескі жиһаз, қораптар мен басқа да заттарды қою өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деп естептеледі. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалып, содан кейін 19 660 теңге, тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 58 980 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұлдың көлемі 20 АЕК-ке дейін өседі. Ал ұшақта темекі шеккені үшін 196 600 төлеуге тура келеді. Жалпы, автобус аялдамалары, балалар алаңдарында да темекі шегуге тыйым салынған және темекі бұйымдарына қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтар жатады. Әрі көлік салонында кәмелет жасқа толмаған балалар отырғанда темекі шеккені үшін 39 320 теңге көлемінде айыппұл көзделіп, заңсыз әрекет бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері екі есеге артады.
Сонымен қатар Жылан жылынан бастап жолды кесіп өтпеуге тырысыңыз. Себебі жаяу кесіп өтуге рұқсат етілмеген жолды кесіп өткен адам 2 АЕК (7 864 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалайды. Бұл әрекетті тағы қайталасаңыз немесе бұдан біреу зардап шексе, 39 320 теңге мөлшерінде айыппұл төлейсіз.
Ал пәтер мен үй-жай ішіндегі қабырғаларды рұқсат беретін құжаттарсыз бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынса, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл желекті жою және бүлдіру үшін жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 78 649 теңге мөлшерінде айыппұл көзделіп отыр. Бір жыл iшiнде қайталанса, айыппұл сомасы 117 960 теңгені құрайды. Сонымен бірге ортақ пайдаланатын аумақта шлагбаум, автотұрақ кедергілері мен үй жиегіндегі учаскелерді басып алу заң бұзушылық саналады.
Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамау, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттерге 78 649 теңге айыппұл салуға не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді. Құқық бұзушылық бiр жыл iшiнде қайталанса, 15 тәуліктен 30 тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алынасыз. Ал қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл арқалайсыз, әрекет қайталанса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлейсіз.
Бұрынғы ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Үкімет отырысында Министрлер Кабинетінің келесі жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын ұсынған болатын. Басқосу барысында ол Әділет министрлігі Мемлекет басшысының, Үкімет басшылығының тапсырмалары, стратегиялық құжаттар, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспарының жобасын дайындағанын атап өткен еді.
– Жоспар жобасы бойынша 2025 жылы денсаулық сақтау және медициналық сақтандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу, баламалы энергетиканы, телекоммуникация нарығын дамыту және басқа да өзекті бағыттар бойынша 19 заң жобасын әзірлеу көзделген. 19 жоспарлы заң жобасының алтауы жаңа редакциядағы заң жобалары, 13-і қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізуді көздейді, – деген болатын экс-министр өз сөзінде.
Атап айтқанда, экономикалық белсенділікті ынталандырудың және осы саланың одан әрі серпінді дамуының өзекті міндеттеріне жауап беретін банктер туралы жаңа заң мен ілеспе заң жобасын әзірлеу жоспарлануда.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесінің тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтардың кез келген нысандарына қарсы күрестің инновациялық және цифрлық әдістерін дамыту және олардың алдын алу, сондай-ақ құқық қолдану практикасын оңайлату үшін «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасын жаңа редакцияда және оған ілеспе заң жобасын әзірлеу көзделген.
Бұдан бөлек, жоспардың жобасында келесі жылы бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелерін ескере отырып, базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін, сондай-ақ осы саланы дамыту мақсатында телекоммуникациялар мен деректерді өңдеу орталықтары мәселелері бойынша заң жобаларын әзірлеу көзделген.
– Сондай-ақ сайланбалы заңнаманы жетілдіруге және баламалы энергия көздері саласын дамытуға бағытталған заң жобаларын әзірлеу жоспарлануда. Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде жоспар жобасында «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасын жаңа редакцияда және оған ілеспе заң жобасын әзірлеу көзделген. Заң жобасы сервистік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген, түпкілікті нәтижеге бағдарланған мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыруға, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін пайдалана отырып, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталған, – деген еді А.Есқараев.
Жоғарыда айтқанымыздай қазіргі таңда министр тілге тиек еткен заң жобалары қолданысқа еніп үлгерді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Бюджет кодексі. Кодекстің бірінші блогы мемлекеттік қаржы туралы ережелерге сай салық-бюджет, ақша-несие және фискалды саясатты байланыстыруға бағытталған.
Екінші блок мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыра отырып, бюджет процесін оңтайландырды. Бюджет процестерінің мерзімдері мен кезеңдері қысқартылды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өкілеттіктері мен жауапкершілігін едәуір кеңейту есебінен блоктық бюджет элементтері енгізілді.
Мемлекеттік органдарға бюджеттік бағдарлама шығыстарының 15 пайызы көлеміндегі қаражатты дербес басқару құқығы берілді. Мемлекеттік органдар биыл жұмсалмаған бюджет қаржысын келесі жылдың қаңтар айынан бастап пайдалана алады. Бұл шығыстарды үздіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Үшінші блок парламенттік бақылауды күшейтуге арналған. Мемлекеттік кепілдіктерді, мемлекет кепілгерліктерін беру лимитін, үкіметтік борыш лимитін және жергілікті атқарушы органдар борышын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыз лимитін Парламент қарастырып, бюджет туралы заңмен бекітеді.
Төртінші блок бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау сапасын арттыру және бюджет қаржысын тиімді пайдалану жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды көздейді. Кодексте квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты мемлекеттік дивиденд саясатының негізгі ережелері белгіленген.
Бесінші блок жинақ функциясына баса назар аудара отырып, Ұлттық қорды пайдалану шарттарын белгілейді. Ұлттық қорды пайдалану Президент бекіткен мақсатты бағдарлармен шектеледі. Қордың қаражатын ішкі қаржы құралдарына салуға рұқсат етілмейді. Бұл ақшаны бюджеттен тыс пайдалануға жол бермейді. Ұлттық қордың нысаналы трансферті тек жалпыхалықтық маңызы бар нысандар мен жобаларды қаржыландыруға ғана пайдаланылады. Ол үшін тиісті критерийлер енгізілді.
Алтыншы блок квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышын қоса алғанда, мемлекеттің қарыз саясатына бақылауды кеңейтуге бағытталды.
Уәкілетті органдар мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелеріне болжау, мониторинг және бағалау жүргізу шараларын жүзеге асырады. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы борыш лимиті республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.
Түзетулердің жетінші блогы бюджетаралық қатынастарды жетілдіре түсті. Азаматтарды бюджет қаражатын бөлу процесіне белсенді тарту үшін халық қатысатын бюджет тәртібі заңнамалық негізде бекітілген.
Тағы бір маңызы зор заң – Қазақстан Республикасының Су кодексі. Кодекстің бірінші блогы су үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге және су нысандарын қорғауға бағытталған.
Заңнамаға алғаш рет «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді. Бұл азаматтар мен ел экономикасын су тапшылығынан, ал су нысандарын ластанудан қорғауды, сондай-ақ трансшекаралық су нысандарын қорғау мен пайдалану саласында Қазақстан Республикасының мүддесіне қызмет етеді.
Екінші блок саланы басқару тәсілдерін қайта қарастырады. Онда су ресурстарын қорғаудың басым бағыттарына, шешім қабылдауға жұртшылықты кеңінен тартуға және су шаруашылығы бассейндері негізінде басқаруға мән берілген.
Үшінші блок су тасқынының, судан келетін зиян мен залалдың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
Төртінші блокта су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу және бақылау қатаңдатылды. Бассейндік су инспекцияларына мемлекеттік бақылау функциясынан бөлек, жедел әрекет ете отырып мемлекеттік қадағалау жөніндегі өкілеттіліктер берілді.
Бесінші блок гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, ел Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға да қол қойды. Аталмыш заң кәмелетке толған азаматтарға қатысты. Қызметке қабылдау ерікті түрде жүргізіледі. Іріктеу кезеңдерінен өткен азаматтармен Қорғаныс министрлігі 3 жылға келісім шарт жасасады. Соның негізінде олар ай сайын бөлімдерде қысқа мерзімді оқудан және ведомствоның бұйрығы бойынша 30 күндік жиындардан өтеді.
Резервшілерге денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады және жас шектеулері белгіленеді. Атап айтқанда, офицерлер үшін – 60 жасқа, сержанттар мен сарбаздар үшін – 18-ден 50 жасқа дейін. Жалпы резервшілерге қару-жарақ пен жауынгерлік техника бекітіледі. Олар тек өз облысының аумағында қызмет етеді.
Сонымен қатар ағымдағы жылы ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, республикалық бюджет есебінен бала тууына, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне, бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде 18 жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін, сондай-ақ кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы өсті. Сонымен бірге мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы, азаматтардың жекелеген санаттарына, асыраушысынан айырылу жағдай бойынша және мүгедектігі бар адамдарға, жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды әрі ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы да артты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еліміздегі жәрдемақы мен төлемдердің өсіміне қатысты берген түсініктемесінде: «Жәрдемақылар мен төлемдердің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына және айлық есептік көрсеткішке байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан аталған жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға артады. ҚР Президентінің 2014 жылғы 18 маусымдағы № 841 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін 2030 жылға дейін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес, ынтымақты зейнетақы мөлшерін қолайлы деңгейде ұстап тұру үшін олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға озып индекстеледі. «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес, жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 8,5 пайызға арттыру жоспарланып отыр, базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты өседі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жыл сайын 5 пайызға индекстеледі», – делінген.
Сонымен қатар «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-дан еңбекке қабілеттіліктен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 6,5 пайызға артты.
Бұл өзгерісті қоғам жылы қабылдады. Қала тұрғыны, көпбалалы ана Айгүл Қалиеваның айтуынша, мемлекеттің қамқорлығы осындай қолдаулар арқылы айқын сезілуде екен.
– Мен – көпбалалы анамын. Жыл сайын күнкөрістің қиындап бара жатқанын өз басымнан өткеріп жүрген жайым бар. Балаларымның киімі, тамағы, оқу құралдары – бәрі ақша. Бұрын жәрдемақы аздау болғандықтан кейде коммуналдық төлем мен азық-түліктің арасында таңдау жасауға тура келетін.
Ал биыл мемлекет тарапынан жасалған өзгерістер біз сияқты отбасыларға үлкен демеу болды. Жәрдемақының көбейгені – бір сәттік жеңілдік ғана емес, ел ертеңіне деген сенімнің нығаюы. Әрине, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруы мемлекет тұрақтылығының негізі екені сөзсіз. Бұл бастамалар арқылы Үкімет қоғамның барлық мүшесін назардан тыс қалдырмайтынын көрсетті.
Тағы бір қала тұрғыны, еңбек ардагері Сәуле Тұрсынованың да пікірі осыған саяды.
– Мен – отыз бес жылдық еңбек өтілі бар қарапайым ұстазбын. Еліміздің әр қиырында сансыз шәкірт тәрбиеледім. Енді қартайған шағымда бейнеттің зейнетін көріп отырмын. Шынында, зейнетақы мөлшерінің артуы көңілге сенім ұялатты. Бұл жаңалықты естігенде қуанып, өмір бойы тер төккен адамның еңбегі ескерілгендей сезімде болдым. Енді дәрі-дәрмек алуға, немерелеріме сыйлық жасауға, тіпті өзімді де аздап қуантуға мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қамқорлық – үлкенге деген құрметтің жарқын үлгісі, – дейді зейнеткер ағынан жарылып.
Осы жылдың тағы бір маңызды өзгерісі биылдан бастап сегіз медициналық анықтама электронды нұсқада беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов айтқан болатын.
– Қазір біз азаматтарға ең қажет деген сегіз анықтаманы белгіледік. Былтыр және биыл бірқатар анықтама цифрландырылды. Алайда мұнда да мәселелер бар. Анықтаманы цифрлық форматқа ауыстырғанымызбен, мұны талап еткен мемлекеттік орган немесе мекеме осы форматта қабылдауға дайын ба? Осыны ескере отырып, серіктестермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олардың қатарында мамандандырылған ХҚКО, мейрамханалар, медициналық ұйымдар, білім беру саласындағы мекемелер бар. 2025 жылы бұл жоба толыққанды жүзеге асады. Ал жалған құжат жасаған мекемелер заң аясында жауап береді. Тіпті министрлік олармен келісім шарттарды бұзуы да мүмкін, – деді ол.
Министрлік дерегіне сәйкес, «Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы», «Медициналық анықтама», «ДКК қорытындысы», «ТҚ басқаруға рұқсат туралы анықтама», «Санаторийлік-курорттық карта», «Баланың денсаулық паспорты», «Қаруға рұқсат алу» және «Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы» анықтамалар 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды форматта берілуде. Бұл өзгерісті жылы қабылдаған тұрғындардың қатарында Айгүл Садуақасова да бар.
– Бұрын бір медициналық анықтама алу үшін емханаға бару, кезек күту, дәрігерден қол қойдыру – біраз уақыт пен жүйкеңді талап ететін. Енді сол анықтамалардың электронды түрде берілетіні үлкен жеңілдік болып отыр. «eGov» немесе емхана порталынан бірнеше минуттың ішінде қажетті құжатты алып, жұмыс орнына, оқу орнына немесе басқа мекемеге ұсына аламыз. Қағаз тасымайсың, кезек күтпейсің, дәрігердің соңынан жүгірмейсің – бәрі бір жүйеде, цифрлы түрде реттелген. Бұл – заман талабына сай дұрыс қадам. Уақытты үнемдейді, адами қателіктерді азайтады, әрі медициналық қызметке деген сенімді арттырады. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай жаңашылдықтар өмірімізді барынша жеңілдеп отыр, – дейді шаһар тұрғыны.
Биылдан бастап Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету (АӘҚК) жүйесін трансформациялау шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында елеулі өзгерістер енгізілді. Негізгі өзгерістердің бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу. Қазіргі уақытта мұндай ұйымдар мемлекеттік ұйымдар үшін жоспарлы қаржыландыру және үкіметтік емес ұйымдар үшін мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландырылады. Енді о осы жылдан бастап АӘҚК көрсету жүйесі жан басына шаққандағы норматив негізінде жұмыс істейді. Бұл мұқтаждарды, әсіресе ауылдық жерлерде қамтуды едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Жан басына шаққандағы норматив ұйымның түрін, қызмет алушылар контингентін және аумақтық ерекшеліктерін ескереді. Қосымша қызметтер қажеттіліктерді бағалау негізінде қаржыландырылып, бұл қызметтерді күшейтілген күтімді талап ететін азаматтардың жеке қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Екінші маңызды жаңалық – арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді лицензиялау. Бұл шара көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге және процесске кәсіби ұйымдарды тартуға бағытталған. Меншік нысанына қарамастан мемлекеттік және жеке ұйымдар лицензиялауға жатады.
Осы жаңашылдықты іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына АӘҚК саласындағы қызметті лицензиялау туралы нормалар енгізіліп, тиісті заңға тәуелді актілер қабылданды және ұйымдарға біліктілік талаптары белгіленді.
Лицензиялау процессі ғимараттардың санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы нормаларға сәйкестігі, қажетті жабдықтар мен жиһаздардың болуы, сондай-ақ кадрлардың біліктілігі сияқты талаптардың сақталуын жедел бақылауға және бақылауға мүмкіндік береді. Бұл талаптарды сақтамау қызмет алушыларға қызмет көрсетудің жоғары сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін қызмет көрсету құқығынан айыруға әкеледі.
Лицензия алу процессін сынақтан өткізу үшін мемлекеттік Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталықтарына белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беретін «Имитациялық модель» іске қосылды.
Бұл өзгерістер көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, олардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялаудағы маңызды қадам болмақ.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment