Мемлекет басшысы биылғы жылғы Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет»,-деген болатын.
Бүгінгі күні Президентіміз бен Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімдігінің тікелей қолдауларының арқасында білім нысандарының материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа ғимараттар соғылып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі лайықты шешімін табуда.
2023 жылы Жамбыл облысының білім беру жүйесін қаржыландыруға 284,8 млрд. теңге қаржы бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға артты.
Биыл 20 мектеп пен 8 мектептің жапсарлас құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күні 1950 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді, жыл аяғына дейін 4 мектеп пен 3 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында соғылатын 12 мектептің 7-нің құрылысы басталды. 4,4 млрд. теңгеге 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілуде.
2023 жылға 90 жаңа үлгідегі химия, физика, биология кабинеттері, 5 STEM, 5 работотехника кабинеттері сатып алынды.
Жыл басынан 3197 орындық 15 жекеменшік балабақша ашылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 11326 бала, 1-4 сыныптың 86327 оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Балаларды жайлы және қауіпсіз ортамен қамтамасыз ету мақсатында барлық білім беру ұйымдары 100% бейнебақылау, дабыл түймесі жүйелерімен қамтамасыз етілген. 328 мектеп жедел басқару орталықтарына қосылған.
Педагогтардың біліктілігі білім сапасына тікелей байланысты болғандықтан, олардың кәсіби өсуі де маңызды. 2023 жылы 10753 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Инклюзивтік білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді. Биыл Тараз қаласынан №3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, Шу ауданынан 2 инклюзивті қолдау кабинеті ашылды.
Облыстағы барлық білім беру ұйымдарына «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізілді. Сонымен қатар ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. 9332 жуық педагог оқудан өтті.
Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі, HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі облыс мектептеріне енгізіліп, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкаяның «Бестерек» жобасы арқылы облыс психологтарының білімін көтеру қолға алынды.
Биыл Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне 6 350 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 616 орынға артты. 350 студент кәсіпорындардың өтінімдеріне сәйкес нысаналы оқыту мемлекеттік тапсырысы бойынша оқытылуда. 2 колледжге алғаш рет 10-11 сынып оқушылары үшін жұмысшы мамандықтары бойынша эксперименттік білім беру бағдарламасы енгізілді.
Ағымдағы жылы Республикалық «Үздік педагог» байқауында 6 педагог жүлдегер атанды. Педагогтармен тиімді ұйымдастырылған жұмыстардың нəтижесінде халықаралық, республикалық байқауларда биылғы жылы 68 педагог жеңімпаз атанды. Халықаралық академик Асқар Жұмаділдаев атындағы және IMPACT ашық шығармашылық байқауларында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 8 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада I орынды иеленді.
Жасалған жағдайлар оқушылардың бірқатар жетістіктерге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 14-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Республикалық олимпиадада қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша І орынды иеленді.
2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша Республикалық, халықаралық байқаулардың нәтижесінде Жамбыл облысының оқушылары 359 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 65-і Халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың үлесі.
Сондай-ақ, облысымыздың Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Шарел Марғұлан Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO) қола медаль иеленген болатын. Бұл жетістігі үшін Марғұланға Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы мен Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, дарынды математикті дайындаған педагогке қола үшін – базалық лауазымдық жалақының 8,5 еселенген мөлшерінде төленді.
2023 жылғы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 100 үздік мектептердің ресми рейтингінде Жамбыл облысының 7 мектебі енгізілді.
Облыс әкімінің қолдауымен биылғы оқу жылынан бастап 43 оқушыдан жасақталған Жамбыл облысының құрама командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән олимпиадасына дайындық мақсатында оқу-жаттығу жиындарына қатысып келеді.
Сондай-ақ, «WorldSkills» республикалық чемпионатына 23 құзыреттілік бойынша 25 студент қатысып, 16-ы жүлделі орынға ие болды. Оның 2-і алтын, 2-і күміс, 12-і «Үздік маман» медальон иегері атанды.