Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің азаматтары ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын», деген еді. Сол сияқты, Президент өзі үшін ел амандығы мен жер тұтастығынан артық ештеңе жоқ екенін баса айтқан болатын.
Наурыз айындағы Жолдау ең алдымен, Ата Заңымызға өзгерістер енгізуді көздеді. Еліміз жаңа дәуірдің бетбұрысты кезеңіне қадам басты. Сондықтан референдумда біртұтас Қазақстан халқы өз болашағы үшін дауыс берді. Осы күні Қазақстан халқының толағай тұтастығы, Президентке деген сенімі, мызғымас бірлігі тағы да айқын көрінді.Енді соның нәтижесіне сай алда болатын конституциялық реформалар – мемлекетіміз үшін, ондағы әрбір азаматтың болашағы үшін аса маңызды. Кез келген дамыған елде адам құқығы бірінші орында тұратыны рас. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген қанатты сөздің мағынасы тереңде жатса керек. Қоғамның іргесін берік қалайтын әрбір қазақстандық өз құқығының нақты қорғалатынына сенімді болмайынша, жарқын болашаққа қарыштап қадам баса алмасымыз анық. Бұдан былай, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі артады, мұндай дәрежедегі уәкіл азаматтардың құқықтары толық қорғалатынына кепілдік береді.
Ендігі жерде әкімдердің дербестігін арттыру да көзделіп отыр, яғни халық әкімдерді де өздері сайлайтын болды. Бұл енді тұрақты үрдіске айналады. Қазірдің өзінде облыс, аудан, қала әкімдерін сайлауға дайындық жүргізіліп жатыр. «Елімізде жоғары саяси жауапкершілік мәдениеті орнығуы қажет. Бүкілхалықтық референдум жаңа әділетті Қазақстанды құрудың маңызды бастамасы болмақ» деген Мемлекет басшысының сөзінен Қазақстанды алға дамытуда түбегейлі пайымы бар, аса тәжірибелі көшбасшының табанды көзқарасы тайға таңба басқандай көрінеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық ойшыл ретінде үлкен реформаның бастамасын ұсынып, оны халқымыз бір ауыздан қолдады.
Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың басым дауысына ие болып, Президент қызметіне кіріскеніне тура 3 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол кісінің ел егемендігін құрмет тұтатыны, жоғары бағалайтыны және ел мүддесін жанын салып қорғайтыны көрінді. Қаңтар оқиғасы кезінде ел тәуелсіздігіне қаншалықты қауіп төнгеніне бәріміз куә болдық. Сол кезде мемлекет мүддесі үшін нақты шешім қабылдай білген ел басшысының табандылығы мен қайсарлығын қазақстандықтар ұмытқан жоқ.
Саясатта шалт қимылға жол берілмейді, әсіресе қазіргідей күрделі геосаяси жағдайларда әр қадамымызды ақылмен, байыппен қарауымыз керек. Басқаша болғанда, оның арты орасан зор қатерге, зардапқа әкеліп соғуы мүмкін.
Кешегі Жолдау саяси трансформациясының бастамасы ғана. Бұдан былай суперпрезиденттік басқару үлгісі келмеске кетіп, ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республика орнамақ. Жолдауда айтылған бастамалар бүгінде жүзеге асып та жатыр. Күні кеше өткен республикалық референдум, ұлттық құрылтай – соның дәлелі.
Ел басшысы қоғамда орын алған ескірген стереотиптер мен жалған ғылыми идеяларға байланысты құбылыстарға сын айтып, дамудың шынайы заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан түсінетін қоғамда теріс көзқарастарға орын жоқ екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының қолға алған реформасын әр Қазақстан азаматы қолдайтынына сенемін.Қорыта айтқанда, ұлыстың ұлы күні қарсаңында болған Президент Жолдауынан жыл келгендей жаңалық сезіндік.
Ақбаян Молдашева,
№5 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің экономист-бухгалтері