Журналист болу – жүрек қалауым

Айбынды әдебиеттің төрінде өзімнің құнды сөздерім қалып, тарих бетінде қаламымнан туған әр сөйлем жан бітіріп, оқырманға шынайы бейнеммен сырласқандай әсер сыйласа деймін. Өйткені әр параққа жан бітіру – жазушының да, журналистің де жүрегінен бастау алатын тылсым өнер.

Өмірде мағынасы терең, жүгі ауыр талай мамандық бар. Бірақ солардың ішінен менің жанымды маздатып, рухымды алаулатып тұратыны – журналистика. Қолға қалам алған сәтте жүректің лүпілі де, заманның тынысы да қатар сезіліп, әрбір сөз тәтті балдай өзіне баурап әкетеді. Бізге берілген ең қымбат қару – осы қалам. Ол қоғамның жүрегін дір еткізіп, шындықтың шырағын жаға алатын құдіретке ие.
Журналистика – ерлік пен жігерді талап ететін өнер. Ол – көркем ойдың биігі, айбыны асқақ әдебиеттің нақышты өрнегі. Мен үшін журналист болу – тек ақпарат тасымалдау емес, халықтың сөзін сөйлеп, шындықтың жүзіне жарық түсіру. Осы жолдағы шабыт маған ерекше әлемдей әсер етеді. Қиялыма қанат бітіріп, самал желге бетімді тосып қалықтағандай күй сыйлайды. Рухты сөздің қас шебері Шерхан Мұртаза атамыздың «Шындық – ащы һәм ажарсыз» дегені ойыма оралады.
Қасиетті сөздің құдіретіне бас иіп, қаламды жүрек дүрсілімен ұстайтын әр журналистің бойында бір рух, бір мінез болуы шарт. Сол рухтың, сол мінездің ең биік өлшемін бізге Шерхан Мұртаза атамыз көрсетіп кеткен. Ол кісінің әр мақаласы – азаматтық айқай, әр сөйлемі – намыстың найзағайы. Шерхан атамыз «Журналист – қоғамның күзетшісі» деп бекер айтқан жоқ. Шындықты айту – батылдық, ал халықтың мұңын айту – парыз. Осы екі қасиеттің басын біріктіріп, сөзді қару еткен тұлға – Шерағаң.
Мен үшін журналистикаға ұмтылудың ең үлкен дәлелі де – осы тұлғалық өнеге. Өйткені Шерхан Мұртазаның қаламынан туған әр жол «шындық – ащы, бірақ ем» екенін дәлелдейді. Ол өмір бойы жалғандықтың бетін ашып, «тасқа басылған сөздің» құнын биіктетті. Оның «Бір кем дүние…» деп басталатын ойларының өзі бүтін бір ұлттың ар-намысына айналған жоқ па?
Журналист болу – ақпарат жеткізу ғана емес, халықтың жоғын жоқтап, жанайқайына жан беретін азаматтық міндет. Осы жолдың ауырлығын да, қасиетін де жүрегіммен сезінген сайын Шерхан Мұртаза тұлғасы көз алдыма келеді. Оның: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тұжырымы журналист атаулыға берілген өсиет секілді. Шерағаңның қаламынан туған әр жол – шындықтың шырағы. Ол ешкімге бұрылмаған, ешкімге жығылмаған, уақыт өтсе де ескірмейтін, уақыт озса да құнын жоғалтпайтын сөздің иесі болды. Сол үшін де ел оны «қазақ журналистикасының абызы» деді. Өйткені оның еңбектері – тек публицистика емес, ұлттық мінездің айнасы, халықтың намысына түскен таңбадай шындықтың айқын суреті.
Қазір шындық қазанның қақпағы секілді жабылып, сөреде қалып қояды. Ал бос сөз көбейіп, адамды өзге емес, өзін-өзі мұқатуға жетелейтіндей. Жеке бастың кірін қазбалауға құмар қоғамды көргенде маңдайымнан тер шығары хақ. Сол себепті мен өз мамандығымның шын шебері болғым келеді. Әлсіздіктен алыс, рухы мықты, шындықты ту еткен журналист болуды арман етемін. Өмірімнің әр парағын мағынаға толтырып, болашақ ұрпаққа естелік болып қалатын сөздің салмағын сезінгім келеді.

Арнат БЕКМОЛДА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Веб-журналистика» мамандығының 4-курс студенті

Comments (0)
Add Comment