«Журналист болу – ақпарат арқылы қоғамға қызмет ету»

Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан «Кәсіп – игергендікі, жұмыс – еңбектенгендікі» жобасы аясында кезекті тағылымды кездесу өтті.
Шараның мәртебелі қонағы – белгілі журналист, Aq jol газеті бас редакторы Оралхан Әбдірашұлы Дәуіт.
Бұл жолғы кездесудің ерекшелігі – жоба аясында аймағымыздың бас басылымының редакциясына арнайы барып, ұжымның тыныс-тіршілігімен тікелей танысу болды. Кездесу барысында Оралхан Әбдірашұлы заманауи журналистиканың қыр-сыры, ақпараттық кеңістіктегі бәсекелестік және сапалы контент жасаудың маңыздылығы туралы кеңінен әңгімеледі.
«Журналист болу – ақпарат арқылы қоғамға қызмет ету» тақырыбы аясында бас редактор басылымның өңір әлеуетін арттырудағы және халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізудегі рөлін жан-жақты ашып көрсетті.
Жобаның басты мақсатына сай, қонақ өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби жетістікке жетудің негізгі жолы – табанды еңбек пен өз ісіне адалдық екенін атап өтті.
Сұхбат барысында редакцияның жұмыс процесі, газеттің беттелуі мен басылу кезеңдері туралы құнды мәліметтер берілді.
Оралхан Әбдірашұлымен өткен кездесу ақпарат саласына қызығушылық танытатын жастар мен оқырмандар үшін баға жетпес тәжірибе мектебіне айналды.

Comments (0)
Add Comment