Жоспарлы жұмыс қажет

Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тұрғындар алдындағы қорытынды есебі болды. Биылғы есептің ерекшелігі сол – ұзын-сонар баяндаманы оқу емес, тұрғындардың тілегіне құлақ асу болды.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қорытынды есеп беру жиынына облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Е.Базарханов, облыс әкімі аппаратының басшысы Р.Дәулет, облыстық басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелері, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық мекеме басшылары, жергілікті полиция қызметінің басшылығы, полиция бөлімдерінің учаскелік инспекторлары, көше, квартал комитеттері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары қатысты. Сондай-ақ бұл жиынға қатысқан тұрғындардың да қарасы көп болды. Олардың ішінде өткен жылдың ішінде атқарылған жұмыстарға алғыс айта келгені де, күрмеуі қиын мәселесіне көмек сұрай қайырылғаны да жетерлік. Ең алдымен қала халқына Айтқазы Дәулетқұлұлы атқарылған іспен қатар алдағы уақытқа жоспарымен де бөлісті.

Өткен жылы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9 миллиард 996,5 миллион теңгеге «Барысхан» алқабы электрмен қамтамасыз етілген, «Арай-2» шағын ауданының жолдары мен тротуарлары, сыртқы жарықтандыру, арық желілерінің құрылысы, тұрғын үй алаңшаларын абаттандыру жұмыстары және 4-ші Тараз энерго орталығынан басталатын М-2 және М-4 жылу магистральдарының қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталған. Ал өткен жылдан өтпелі «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқаптарының жолдарына қиыршық тас төсеу, Ы.Дүкенұлы көшесіндегі екі су жүйесінің және Саңырақ батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойындағы су тартқыштың, «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабының Молдарбеков және Центральная көшелерінің су жүйесінің құрылыстары биыл толық аяқталмақ. Ал А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта 900 орындық мектеп құрылысы пилоттық жобамен ағымдағы жылы басталады екен.

Сондай-ақ қала халқын тұрғын үймен қамту мәселесі туралы: «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда шамамен 8 мың 500 отбасына арналған 190 көпқабатты үйді құрайтын 15-ші мөлтек ауданы бой көтеруде. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 80 пәтерлі 1 және 45 пәтерлі 9 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 24 тұрғын үйдің құрылысын қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге өтінім ұсынылды. Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін 403 жер телімі белгіленіп, бірінші кезекте жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге ұсынылуда. Бүгінгі таңда 255 жер теліміне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 мердігермен келісімшарт жасалып, 26 коттедждік үйдің құрылысы аяқталып, оның 20-сына әлеуетті сатып алушылар анықталды. Осы жеке тұрғын үйлер жол, су және газ желілерімен қамтамасыз етілсе, электр желілерімен қамту жұмыстары ағымдағы жылы іске асырылады», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар «Автобекет» аумағындағы 100 гектарда болашақта соғылатын 14-ші мөлтек ауданда 5 460 отбасына арналған 9 және 12 көпқабатты 49 тұрғын үй болатынын да атап өтті.

Баяндамадан соң есепті кездесуге келген тұрғындар тарапынан ауызша және жазбаша өтініштер, арыз-шағымдар мен алғыстар айтылды. Әсіресе, қала аумағындағы тұрғын алқаптарға газ, ауыз су, электр желілерін тарту, асфальт төсеу сынды мәселелер көп сөз болды. Жиында айтылған әрбір ұсыныс-пікір хаттамаға жазылып, оның әрқайсысы бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізілетінін ескертті қала басшысы.

Жиын соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов қала әкімінің жасаған жұмысына бағасын берді.

– Қала тұрғындары тарапынан қала әкімдігіне түрлі сұрақтардың көп екені жасырын емес. Шешілмеген мәселелер де әлі көп. Есеп берген кезде ескеретін бірден-бір мәселе – қолдағы мүмкіндік қандай еді, сол мүмкіндікті толықтай қолдана алдық па, туындаған мәселені шешуде жан-жақты пайдаланылды ма деген сұраққа жауап беру керек. Атқарылған жұмысқа баға берерде осындай мәселені ескерген жөн. Қала әкімдігі осыны ашық көрсетуі керек. Қала әкімі жұмысқа жаңадан келгенімен, әкімдік бұрыннан тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Сондықтан халықтың мәселесін шешуде кешеуілдету болмау керек. Жиын қорытындысы бойынша толтырылатын хаттамаға ұсыныс ретінде әлеуметтік желілерде халық тарапынан айтылып жатқан сын-ескертпелер ескеріліп, шешу жолдары көрсетілсе деген ой қосамын. Онда жасалатын жұмыстар нақты, сала-салаға бөлініп атап көрсетілетін болсын. Сондай мәлімет болмағандықтан, тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар туындайтыны заңдылық, – деген облыс әкімі тұрғындар тарапынан айтылған түрлі ұсыныстарға да үн қатты.

– Қала көркін арттыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бірақ соны күтіп ұстау, халықтың игілігіне жарата білу тек қана биліктің міндеті емес. Ол – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы мәселеге қатысты халықтың мәдениетін көтеруіміз керек. Ең алғаш біз «Жеңіс» саябағын жасақтадық. Оның тарихи, мәдени, рухани маңыздылығы зор. Соған қарамастан, сол кезде жұмыстар әлі бітпей жатып сол жердегі көптеген дүниенің сынып жатқанын, орындықтардың барлығы сызылып жатқанын, тіпті соғыста шейіт болған азаматтарымызға арнап қойылған темір гүлдердің жұлып алынғанын көрдік. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің бүгінгі күнгі рухани деңгейімізді көрсетеді. Осы турасындағы Сіздер көтерген мәселеге мен де толығымен келісемін. Қоғам болып, соның ішінде зиялы қауым өкілдері осы мәселені шешуіміз керек. Күні кеше ғана ашылған «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде де ондай жағдайлар орын алып жатыр. Осындай әрекетпен біз ол игіліктерді қалай ұзақ мерзімге ел игілігіне жарата аламыз? – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.

Облыс әкімі сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің жұмысына өз бағасын беріп: «Қала әкімі бүгінгі таңда жатпай-тұрмай таңғы алтыдан бастап жүгіріп жүріп қызмет етіп жатқанын өздеріңіз де білесіздер. Жұмысына сәттілік тілеймін!», – деді.

Есептік кездесуге келген азаматтардан ауызша және жазбаша жалпы саны 15 арыз-шағым түсіп, олардың кейбіріне жиын барысында жауап берілсе, сондай-ақ барлығы хаттамаға енгізілді. Демек, айтылған сөздің бәрі алдағы уақытта тиісті шешімін табатын болады.

Comments (0)
Add Comment