Жоспар – жұмыр, мақсат – айқын

Қала әкімі Б. Орынбеков алты айда атқарылған жұмысты баян етті

Кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізді. Жиында шаһар басшысы облыс орталығының 2023-2025 жылдарға арналған даму картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі және 6 айдың қорытындысы туралы баяндады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта қаламызда ауқымды жобалар жүзеге асырылып, нақты істер қолға алынуда.

Биыл өздеріңіз білетіндей, қалада Әулиеата және Жібек жолы аудандары құрылды. Облыс орталығының жер көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 31,8 мың гектарды құрады. Халық саны 437 мыңнан 482 мыңға жетті.

Аудандардың құрылуы қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, мемлекеттік қызметтерді, аумақтық жұмыстарды ұйымдастыру және төтенше жағдайлар кезінде құрылымдық күштерді жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.

Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған даму картасына сәйкес, қалада өзекті болып отырған біраз мәселе өз шешімін табуда. Мәселен, облыс орталығында көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту қажеттілігі туындағаны рас. Осы мақсатта екі көпір құрылысын салу жоспарланды.

Біріншісі – Абай даңғылының темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігін салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды. Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды мемлекет меншігіне қайтару үшін 1,8 миллиард теңге және нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, жұмыстар басталды. Мемлекет мұқтажы үшін қайтаруға қажетті жер учаскелерінің көлемдері нақтыланып, барлығы 61 нысан иеліктен шығаруға жататыны анықталды. Меншік иелеріне ұсыныстар жолданып, 42 меншік иесі келісім берді. Келіспеген 11 меншік иесінің құжаттары соттың қарауына жолданды. 3 жер теліміне қатысты мемлекетке қайтару туралы қаулыға өзгерістер енгізіліп, қайта бағалауға жолданды. Сонымен қатар 2 жер учаскесінің иелері мүліктерін мұрагерлікке қабылданғаннан кейін тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Екіншісі – Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салу жобасы. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Жобаның құны – 23,04 миллиард теңге. Аталған эстакада салынған жағдайда ел ішінде «Горбатый» аталып кеткен жерүсті көпіріндегі көлік кептелісі едәуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына және №14 шағынауданға тікелей қатынауға мүмкіндік туады.

Облыс орталығындағы тағы бір шешімін күткен мәселе – кәріз суларды тазарту. Шайынды сулар бүгінде көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жер асты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Жол картасына сәйкес, Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Құны 47 миллиард теңге, қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр болады деп болжануда.          Жобаны қаржыландыру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және оның еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды және ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асыру жоспарлануда, – деген Бақытжан Әмірбекұлы одан әрі қаладағы тұрғын үй құрылысы мәселесіне кеңінен тоқталды.

Шаһар басшысының айтуы бойынша, қазіргі таңда 22 мыңнан аса азамат пәтер алу кезегіне тіркелген. Сондықтан баспана мәселесі аса өзекті болып отыр. Тараздықтарды тұрғын үймен қамту мақсатымен 2024 жылы «Сәулет» (16) шағынауданында құрылысы басталған 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданған.

Сонымен қатар «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға берілсе, қалған 22 үйдің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Ал «Әулиеата» (14) шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда.

Сондай-ақ А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапта қосымша 66 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамаларының сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Оның 30-ының құрылысын биыл бастау жоспарлануда.

Одан бөлек «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынған. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 2,1 миллиард теңгеге 162 пәтер алынса, 2025 жылы әлеуметтік осал топтары үшін 140 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 1,9 миллиард теңге қарастырылған.

Облыс орталығында жаңа шағынаудандар мен алқаптардың бой көтеріп келе жатқаны көңіл қуантады. Десе де, қолданыстағы үйлердің жағдайын да бақылаудан шығармау қажет. Бұл мақсатта да атап айтарлық жұмыс бар.

Қала әкімінің айтуы бойынша, бүгінде қаланың тұрғын үй қорына 1 438 көппәтерлі тұрғын үй енген. Оның 151-і барак типтес болса, 1 287-сі көпқабатты үйлер. Оның ішіндегі 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Биылға дейін бұл тұрғын үйлердің 553-і күрделі жөндеуден өтсе, қалған 550 үй жөндеуді қажет етіп отырған көрінеді. Сол себепті өткен жылы 5,1 миллиард теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар қайтарым қаражат есебінен 870 миллион теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп отыр. Ал биыл 73 үйді жөндеу үшін Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылған екен.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделген. Ал биыл Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түспек. Қазіргі таңда үйлерді жөндеу жұмыстары басталып кеткен.

Тараз қаласында жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтардың саны да аз емес. Айталық, бұл кезекке 2005-2025 жылдар аралығында 130 479 азамат тіркелген. Аталған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында А.Асқаров көшесінің соңынан – 312 гектар, «Хамукат» алқабынан – 126 гектар және «Қарасай» алқабынан – 126,6 гектар, жалпы көлемі 564,6 гектар жер мемлекет қажеттілігі үшін алынған. Қазіргі уақытта онда инфрақұрылым тарту жұмыстар жүргізілуде.

Қазақта «қыс азығын жаз ойла» деген жақсы сөз бар. Жылыту маусымы аяқталғанда жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын бірден қолға алатынымыз да ертеңгі күннің қамы. Осы мақсатпен былтыр Сыпатай батыр, Төле би, Қаратай Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 4 602 метр құбыр ауыстырылды.

Биыл Төле би көшесінің Жамбыл даңғылынан бастап Қаратай Тұрысов көшесіне дейінгі бөлігі аяқталып, қазір Қаратай Тұрысов көшесінде құрылыс жүруде. Сонымен қатар Жамбыл даңғылының Төле би мен Қазыбек би көшелерінің аралығындағы «М-3» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жалпы 1 536 метр жылу құбырын ауыстыру жоспарланған.

Сонымен қатар «Ұлы дала» шағынауданындағы жылумен жабдықтаудың магистральдық және кварталішілік инженерлік желілерін кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын.

Жалпы қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша құны 27,3 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба республикалық бюджетке ұсынылды. Осы жобалар іске асырылған жағдайда жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді.

Қаламыздың тұрғындарын орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтар болсақ, бүгінде «Шалғай Қарасу» алқабында ауызсу желісінің құрылысы жүргізілуде.

 2024 жылы қала аумағында 9,8 шақырым 10 көшенің ауызсу құбырлары жергілікті бюджет есебінен жаңартылған болатын. Қала тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатымен жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.

 Сондай-ақ магистральдық су құбырларының тозығы жетуіне байланысты Айша бибі көшесінен Ыбырайым Сүлейменов көшесіне дейінгі, «Төрткөл» алқабы және бас су мұнарасынан ТЭО-4-ке дейінгі магистральдық су құбырларын жаңғыртуға және Абай даңғылы, Қолбасшы Қойгелді, Асанбай Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан және Ерденбек Ниетқалиев көшелеріндегі магистральдық су құбырларын қайта жаңғырту бойынша сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім берілді.

Тараз қаласындағы «Алматы теміржол су» мекемесінен қабылданған Мұхамеджан Тынышбаев, Байзақ Пірманов, Локомотив және Степан Шаумян көшелері мен «Песочный» алқабындағы су құбыры желілері мен ұңғымаларын қайта жаңғырту бойынша сараптама қорытындысы алынып, өтінім ұсынылды. Сонымен қатар «Сәулет» (16) шағынауданын ауызсумен қамтамасыз етудің екінші кезеңі аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Ал «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызылабад», «Жиделі», «Қарасай» және «Тектұрмас» тұрғын алқаптарында «Ақылды қала» жобасын ауызсу саласында дамыту үшін су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне қолжетімділікті ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылады. Бұл тұтынушылардың су есептегіштерінен деректерді тікелей «Жамбыл су» мекемесіне жолдауды қамтамасыз етеді.

Мүлдем ауызсу желісі жүргізілмеген «Новоджамбулец», «Дорожник» алқаптары және «Талас» елді мекенін орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға ұсынылып, оң қорытынды алынды, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге де баса назар аударылып отыр екен. Бұл ретте екі мәселе – түнгі жарықтандыру және жолдарды жөндеуге күш салынған. Себебі, кешкі уақытта алаңсыз жүріп-тұру және қала ішінде қауіпсіз қатынау – ең басты жайт.

Жалпы қала тұрғындарымен кездесу барысында қойылатын сауалдардың дені осы көше жарығына байланысты. Осыған орай былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылған. Ал биыл 85 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған. Оның ішінде 30 көшенің жұмыстары биыл аяқталса, 55 көшенің жұмыстары 2026 жылға өтпелі болады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, 2024 жылы қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы, 79 кіреберіс жол түнгі жарықпен қамтамасыз етілген.

 Сонымен қатар С.Сейфуллин көшесінің бойындағы және Жамбыл даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орнатылған екен.

Ал биыл қаладағы негізгі көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыру жұмыстары басталған. Олардың қатарында Жамбыл даңғылы, Николай Гамелея, Бауыржан Қойбақов, Қаныш Сәтбаев, Асанбай Асқаров, Төле би, Көшеней, Сыпатай батыр, Дмитрий Менделеев, Көшек батыр, Абай, Жүнісбек Дүрімбетов, Қазыбек би, Әйтеке би, Мәлік Жүнісәлиев, Дінмұхамед Қонаев, Байзақ батыр, Желтоқсан, Сабыр Рахимов, Рысбек батыр, Ыбырайым Сүлейменов көшелері және «Бәйтерек» (13) шағынауданы, «Қант зауыты», «Темір жолдың арғы беті» және «Солнечный» алқабындағы тұрғын үйлер бар.

 Сонымен қатар Сәкен Сейфулин көшесінің Саңырық батыр мен Дінмұхамед Қонаев көшелерінің аралығындағы бөлігінің бір жақ бетіне түнгі жарық шамдары қойылып, пайдалануға берілген.

Тағы бір атап өтерлік жайт, былтырдан бері қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында құны 8,7 миллиард теңге болатын жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталған.

Жоғарыда атап өткен екінші мәселеміз – облыс орталығындағы жолдардың жағдайын жақсарту. Жалпы, қалада 1 715 көше бар десек, оның ішінде асфальтталғаны – 1 122, шағал тас төселгені – 593. Жолдардың жалпы ұзындығы 2 214,5 шақырымды құрайды.

Олардың жағдайын жақсарту мақсатында өткен жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өткен. Биыл 61,4 шақырым болатын 95 көше, бұрылыс, тұйық және өткел жолдары орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Одан бөлек 20 саяжайдағы ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 100 көшеге шағал тас төселеді екен. Сонымен қатар ұзындығы 35,3 шақырым болатын 12 жаяу жүргінші жолы салынса, Рысбек батыр, Қолбасшы Қойгелді және Асанбай Асқаров көшелеріндегі тротуарларды жаңғырту жұмыстары басталып кеткен.

Бұл ретте «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарындағы жолдарды жөндеуден өткізу мәселесі көптен бері өзекті мәселе болып келгені баршаңызға белгілі. Осыған байланысты аталған аумақтарда жоспарлы жұмыстар қолға алынған болатын. Нәтижесінде «Бурыл А, Б, В» алқабындағы 75 көшенің 64 көшесі толық асфальтталыпты. Қалған 11 көшедегі жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр екен.

Ал «Барысхан» тұрғын алқабында 24 көшеге асфальт жабынын төсеу қарастырылған. 2024 жылы 9 көше асфальтталса, қалғанын биыл аяқтау көзделген.

Сонымен қатар «Ұлы дала» (15) шағынауданынан Асанбай Асқаров көшесіне дейін «Қапал» каналының үстінен өтетін автомобиль көпірі де тақтайдай тегіс жолдардың үлесі артуына септігін тигізбек. Осылайша қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 72,5 пайызға дейін артады екен.

– Тұрғындардың өмір сапасын арттыру жайында сөз қозғағанда тек жоғарыда аталған мәселелермен шектелуге болмайды. Бұл қатарда көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру да аса маңызды істердің бірі. Өткен жылы аулаларды абаттандыру, оның ішінде балалар ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен 500 миллион теңге қаражат бөлініп, 24 аула абаттандырылды. 225 миллион теңгеге 9 шағын футбол алаңшасы салынып, 4 футбол алаңшасы күрделі жөндеуден өтті.

Ал ағымдағы жылы 768,7 миллион теңгеге 25 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ 505,5 миллион теңгеге 11 шағын футбол алаңшасы салынып, 10 алаң күрделі жөндеуден өтуде. Одан бөлек, ағымдағы жылы «Ұлы дала» (15) шағынауданында спорт кешенінің құрылысы басталды.

Жайлылық жағына келгенде қоғамдық көлік қатынасын да атап өту қажет. Қазіргі таңда Тараз қаласында қалалық жолаушы бағытында 9 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. 2024 жылы 155 қоғамдық көлік жеткізілсе, биыл жыл басынан бері 15 автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін қосымша 82 автобус алып келу жоспарлануда.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде қоғамдық көлік саны 330-дан 437-ға дейін артты. Жолаушылар бағыттарына қосымша 11 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 43 бағытқа жетті.

Әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге 5,2 миллиард теңге субсидия қаралып отыр. Сондай-ақ биыл 75 аялдама орнатылып, тағы 5 жаңа маршрут ашу жоспарымызда бар. Яғни, Байзақ және Жамбыл ауданынан қосылған елді мекендердің мәселесі шешімін табады.

«Бір тал кессең, он тал ек» деген мақалда үлкен мағына жатыр. Сондықтан қаламыздың әр жасыл желек пен тал-дарағын күтіп ұстау тұрғындар үшін де маңызды болуға тиіс. Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылды.

Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, 2025 жылдың көктем айларында 10 мың түп ағаш егілді. Ал күз айларында тағы да 10 мың түп ағаш отырғызу жоспарымызда бар. Бұдан бөлек, қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, және басқа да аллеялар мен скверлерге жалпы саны 5 мың әртүрлі ағаш отырғызу жоспарланып, бүгінде 4 мыңы егілді, қалған 1 мың ағаш күз айларында отырғызылады.

Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінде қаланың қан тамыры – арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. 2023-2025 жылдары осы мақсатқа қала бюджетінен 1,4 миллиард теңге қаражат қарастырылып, шағынаудандарда 40,3 шақырым ескі лотоктар жаңғыртылды.

Ал биыл 17 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 600 миллион теңге бөлінген. Қазір қаладағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Ыбырайым Сүлейменов көшелері және «Қаратау» (2), «Жайлау» (3), «Аса» (10), «Жансая» (11) шағынаудандары мен «Химпоселок» аумағында құрылыс жұмыстары жүруде.

«Халықтың қатысуымен абаттандыру» жобасы аясында «Ұлы дала» (15) шағынауданы жанындағы «Түйте» каналының 1,7 шақырымына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді.

Алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауымен «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдары да жаңғыртылады. «Үшбұлақ» су арнасының бірінші кезеңде 1,2 шақырымы, ал «Қарасу» каналының 1,275 шақырымы абаттандырылады. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, дене шынықтыру, спорт алаңшалары және зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған.

Сондай-ақ «Гидрокешен» саябағын абаттандыру жұмыстары жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетімен келіссөздер жүргізілуде.

2024 жылы қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Ал ағымдағы жылы «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмыстарына 44,1 миллион теңге қаржы қаралып, жұмыстар басталды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы облыс орталығында әлеуметтік бағытта атқарылған жұмыстар жайында да толыққанды ақпарат берді.

Тұрғындардың әл-ауқаты туралы сөз қозғалғанда ең әуелі ауызға жұмыспен қамту мәселесі оралатыны белгілі. Бұл ретте қала бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейінде қалыптасып отыр екен.

 Ең төменгі күн көріс деңгейі болса 49 716 теңгені құрап, былтырғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға өскен. Жұмыспен қамту картасы дайындалып, 2025 жылы 22 243 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге нақты саны 5 522 жұмыс орындары ашылған. 404,1 миллион теңгеге 3 049 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілген.

 Әлеуметтік нысандарды жаңарту мақсатында «Қаратау» (2) шағынауданы, 39 «А» мекенжайындағы Отбасын қолдау орталығын күрделі жөндеу, А.Асқаров көшесі, 277 «Б» мекенжайындағы Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың жаңа ғимаратын салу жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ демеушілер есебінен «Төле би» даңғылы 49/1 мекенжайында бос тұрған ғимаратты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ғимараты ретінде қайта жаңғырту жұмыстары қолға алыныпты.

Тараз қаласында білім беру ісіне барынша назар аударылып отырғанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Оған жаңа білім ошақтарының ашылуы, жөндеуден өтуі және оқушылардың түрлі деңгейлердегі білім бәсекелерінде топ жаруы дәлел бола алады.

Жоғарыда қала тұрғындарының саны артып келе жатқанын атап өттік. Бұл мектептердегі орын тапшылығын туындататыны айтпаса да түсінікті. Осыған орай 2024 жылы «Казарма» алқабында – 180 орынды, «Арай» алқабында – 600 орынды, «Бәйтерек» (13) шағынауданында – 1 200 орынды және «Ұлы дала» (15) шағынауданында 1 200 орынды мектептер пайдалануға берілді. Ал биыл «Ұлы дала» (15) шағынауданында 2 000 орынды «Жайлы мектеп» есігін айқара ашты. Сонымен қатар «Шөлдала» тұрғын алқабында 600 орынды «Жайлы мектептің» құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, №15, №7 мектеп-гимназияларында – 300 орынды және №27 орта мектепке 600 орынды жапсарлас ғимараттардың құрылысы басталды.

Сондай-ақ №1, №45 гимназияларда және №25 орта мектепте жөндеу жұмыстары басталса, №13 және №54 орта мектептерді жөндеуден өткізу жоспарлануда. Тағы 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған.

– «Мәдениет – өмір мәйегі» дейді қазақ. Бұл ретте қалада туризмді дамыту мақсатында «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» қорғанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгінде қамалда аптаның әр жұмасында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырлуда. Қазіргі таңда «Құмшағал» тұрғын алқабында 140 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.

Сондай-ақ Тараз қаласына қосылған елді мекендердегі тозығы жеткен мәдениет нысандарын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, «Бектөбе», «Шайқорық» алқаптарындағы мәдениет үйлерін ағымды жөндеу және «Қоңыртөбе», «Сулутөр», «Шайқорық» алқаптарындағы кітапхана ғимараттарын ағымды жөндеу жоспарымызда бар.

Осы ретте мәдениет тек өнерді бағалаудан тұрмайтынын ескерген жөн. Қаладағы ең жоғары мәдениеттің бірі – тазалық сақтау. Өйткені, тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс тастау әдебін қалыптастыру адам баласының өресінің биіктігін көрсетеді.

Осыған орай «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жыл басынан бері Тараз қаласы бойынша 2 айлық сенбілік ұйымдастырылып, 29 мың адам қатысты. Шара барысында кәсіпорындар мен мекемелерге және барлық бизнес өкілдеріне тазалайтын орындары бекітіліп, 15 шақырым арық жүйесі, 230 шақырымдай қала көшелері және 400 мың шаршы метрге жуық саябақтар тазаланды. Аталған екі ай көлемінде қаладан 1 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Күні кеше, 21 маусымнан бастап «Таза қазақстан» экологиялық акциясы аясында тағы 1 айлық сенбілік жарияланды. Осы сәтті пайдаланып барша қала тұрғындарынан қала тазалығына жауапкершілікпен қарауын сұраймын. Әр бір тұрғын өз ауласын таза ұстауға, әр азамат қоғамдық орындарда тазалық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуға тиіс. Қала көркі – тазалықта екенін айтқым келеді.

Қорыта айтқанда, облыс орталығында атқарылған жұмыс аз емес. Десек те, алдағы уақытқа қойған жоспарларымыз, жемісті жобаларымыз бұдан да ауқымды. Дегенмен, бюджет мүмкіндігіне байланысты қаладағы барлық мәселені бір-екі жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Сондықтан, баршаңызды облыс орталығы – Тараз қаласының дамуы үшін бірге жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі.

Баспасөз конференциясының соңында Бақытжан Әмірбекұлы жиылған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған және әлеуметтік желілерден келіп түскен сауалдарға жан-жақты жауабын беріп, көтерілген мәселелер міндетті түрде назарға алынатынын жеткізді.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment