«Жомарт жан» 30 студенттің оқу ақысын төлеп берді

«Достық» үйінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын қортындылауға арналған «Жомарт жан» орталығының «Еңбек елдің – ертеңі» атты шарасы өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – ел бірлігін, қоғамдық келісімді нығайту жолында еңбек етіп жүрген азаматтарды құрметтеу және еңбек құндылығын насихаттау болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, басқарма басшылары, «Жомарт жан» орталығының меценаттары, саяси партиялар мен «Атамекен» ҰКП өкілдері, этномәдени бірлестік басшылар мен мүшелері, студенттер қатысты. Шара барысында достық үйінің ішкі көрінісімен танысқан қатысушылар одан әрі «Болашаққа жол – жұмысшы мамандықтарынан басталады» атты колледждер және ҚХА жанындағы қолөнер шеберлері клубының көрмесін тамашалады.
Маңызды жиында «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» бейнеролигі көрсетіліп, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жиынға қатысушыларды құттықтап, белсенді меценаттарды марапаттады.

– Бұл – ел бірлігін, өңіріміздегі татулық пен ынтымақты дәріптейтін маңызды мереке. Қазақстан Халқы Ассамблеясы үш онжылдық бойы түрлі этностарды бір шаңырақ астына біріктіріп, еліміздің тұрақтылығы мен келісіміне қызмет етіп келеді. Әсіресе көпұлтты біздің өңір үшін бұл институттың рөлі ерекше. Біздің облысымызда 80-нен астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп, облыстың дамуына өз үлесін қосып келеді. Тараз төрінде ұлттық мәдениеттердің тоғысуы – бірліктің шынайы белгісі. Қоғамдық келісімді нығайту мақсатында өңірде 1 093 іс-шара өткізіліп, оған 108 мың адам қатысты.
Бүгінгі «Еңбек елдің – ертеңі» шарасы еңбек адамын ұлықтауға, ел дамуына үлес қосқан жомарт жандарды құрметтеуге бағытталған. Шын мәнінде, Жамбыл жері – ерінбей еңбек еткен азаматтарының арқасында өркендеген өңір. Тәуелсіздік жылдарында облысымызда өндіріс, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік салалар қарқынды дамыды.
Бұл – әрбір жамбылдықтың маңдай терінің нәтижесі. Еңбек адамына құрмет көрсету – ел ертеңіне инвестиция салу. Жұмысшы мамандықтарының беделі артқан жерде экономика да, қоғам да өседі. Біз Жамбыл облысында осы бағыттағы қолдауды күшейтіп, кәсіби техникалық білім беру мен жұмысшы кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлудеміз, – деді Серік Жақсылықұлы.
Жастардың беделін арттыру және жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында «Жомарт жан» аймақтық орталығының демеушілері техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 30 студентінің 1 жылдық оқу ақысын төлеп берді. «Жомарт жан» орталығы төрағасы Жалил Аббосов жоба аясында сөз сөйлеп, студенттерге сертификат табыстады. Сертификатқа ие болғандар арасынан Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Р.Нұрматов және Жаңатас көпсалалы колледжінің студенті Р.Франк ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғыс айтты.
Жұмысшы мамандықтарының жылына орай ұйымдастырылған жиында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева «БолашақHads» жастар клубын таныстырды. Сонымен қатар шарада ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілхан, «Днепро» украин мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Федор Клименко және «Жомарт жан» орталығының мүшесі Юрий Минаков сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Арайлым Бақытжанқызы

Comments (0)
Add Comment