Жолдауды жіті түсінсек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қоғам арасында қызу талқыға түскені рас. Мұны біз саяси құжатты түсіндіруге жұмылған ақпараттық топтың жиынынан көріп те жүрміз. Онда тұрғындардың көпшілігі зейнетақы мәселесі бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салуда.

Дәрмен ЕРБОЛОВ

Осындай жиын Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында жалғасты. Алдымен мекеме қызметкерлері түсіндіру жұмыстарына келген маманның баяндамасын тыңдады.

– Мемлекет басшысы Жолдауда елдегі ахуалды негізге ала отырып, елдің алдағы белесі жайында нақты міндеттерді көрсеткен. Мұғалімдердің жалақысын көтеру, жемқорлықпен күресудің жаңа тәсілін енгізу, жауапсыз несие беруді заң жүзінде тоқтату, тұрғындарға зейнетақы қорының тиісті бөлігін алуға мүмкіндік жасау мәселесінен бөлек, әр салаға жеке-жеке тоқталған. Президент Жолдауында жастар мәселесі, халықтың әлеуметтік жағдайы, шағын және орта бизнес өкілдерінің ахуалы да қалыс қалмаған. Қазіргі таңда Жолдаудағы мәселелерге оң пікір білдірмейтіндер бар. Бұл ең әуелі Жолдауды жіті түсінбеудің салдарынан туындайды. Осы орайда түсіндіру жұмыстарына жұмылған ақпараттық топтың негізгі міндеті – бас құжатты халыққа кеңінен насихаттау болып отыр, – дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Медет Үкібаев.

Осыдан кейін филармония қызметкерлері сала маманына зейнетақы мәселесі бойынша сұрақтарын қойды. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың игілігіне беріледі», – деді. Осы ретте сала маманы Медет Үкібаев Жолдаудағы мәселені филармония қызметкерлеріне толық түсіндірді.

– Мәселен, жиырма жастан асқан азаматтың зейнетақы қорында жинақталған сома 1 млн 720 мың теңгеден асса, үстіндегі бөлігін үй алуға немесе емделуге жұмсай алады. Сондықтан әр жастағы азаматқа зейнетақы қорындағы қаржыны алудың өз есебі бар, – деді ол.

Артынша филармония қызметкерлері өз пікірлерін айтты.

– Қазір осы мәселеге қатысты пікірлер сан алуан. Мен де әріптестерім мен қала тұрғындарының пікіріне қосыламын. Себебі бүгінгідей қысылтаяң шақта әр азаматтың зейнетақы қорындағы қаражатты алуға мүмкіндігі болса, бұл үлкен көмек болар еді. Бірақ таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, тұрғындар зейнет жасына шыққанда төленетін ақшаны орынсыз пайдаланса, қарттық келгенде қиналып қалмай ма деген ой туады. Әрине, мұның барлығын биліктегілер алдын ала саралап, туындайтын мәселелерді ескерсе керек. Сол үшін де бәрі өз орнымен болғаны дұрыс, – дейді ҚР мәдениет қайраткері, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Рәзия Арғынқызы.

Жиынды қорытындылаған түсіндіру тобының мүшесі Медет Үкібаев зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану бойынша мәселелердің әлі де болса қаралып жатқанын тілге тиек етіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін негізге алып, басшылыққа жеткізетінін айтты.

Comments (0)
Add Comment