Жолдау жан-жақты насихатталуда

Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған қалалық ақпараттық топтардың өкілдері өткен аптада бірнеше мекеме қызметкерлерімен кездесіп, бас құжатты насихаттады.

Зере ҚУАНЫШ

Қала бойынша саяси құжатты түсіндіру және насихаттау мақсатында бес ақпараттық топ құрылған болатын. Осыған орай қалалық ақпарат тобының мүшелері әр мекемеге бөлініп, белгіленген кесте бойынша әр түрлі сала қызметкерлерімен кездесті. Сондай кездесудің бірін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова өкізді. №19 орта мектепте өткен жиынға мектеп мұғалімдері қатысты.

– Ел Президенті маңызды құжаттың тұтастай білім және ғылым саласына арнағаны көңілімізді қуантты. Әлемді жайлаған індеттің кесірінен білім беру жүйесі өзгеріске ұшырап, жаңа форматта өрбігені баршаға мәлім. Президент мұны өз Жолдауында тілге тиек етті. Ұстаздар жалақысының аздығы мәселесі де Жолдауда көрініс тапты. Бұған арнайы тоқталған Президент келер жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға артатынын және осы мақсатта 1,2 триллион теңге бөлінгенін жеткізді. Бұл ұстаздар қауымына үлкен үміт сыйлайды әрі осы мамандыққа түскісі келетін жастардың қатарын көбейтеріне сенім мол. Сонымен қатар Президент 2025 жылға дейін 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және тәрбиемен 100 пайыз қамтамасыз етуге басымдық берді. Сол арқылы жекеменшік-әріптестік негізіндегі балабақшалар санының артуына жол ашылмақ. Яғни, бұл бәсекеге жол ашады. Ал бәсеке болған жерде сапаның артатыны екі бастан белгілі. Жолдауда бұдан бөлек спорттық секцияларды көбейту, жоғары оқу орындарының сапасын арттыру, ғылым саласын дамыту сынды өзекті мәселелер сөз болды. Қорыта айтқанда, Президент Жолдауы еліміздің білім саласының келешегі кемел болатынын көрсетті. Бұл өз кезегінде бәрімізге зор жауапкершілік жүктейді, – деді Ұлана Сламбекқызы.

Сондай-ақ жиында қатысушылар тарапынан жарыссөзге шығып ойын ортаға салған азаматтар да болды.

Жалпы қалалық ақпараттық топ қазан айының 26-30 күндер аралығында түрлі еңбек ұжымдары мен мекеме қызметкерлерімен барлығы 50-ге жуық кездесу ұйымдастырыпты. Солардың ішінде қалалық «Жастар ресурстық орталығында» өткен жиында орталықтың басшысы Абзал Есіркепов жастармен кездесіп, Жолдаудан туындаған міндеттерді ортаға салды. Ал Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясында өткен жиында мектеп директоры Ләззат Қызылқұлова бас құжаттағы білім саласы туралы айтылған бөліммен таныстырды. Ашық әрі еркін форматта өткен жиында әр ұстаз өз көкейлеріндегі сауалдарды жолдап, ойларын ортаға салды. Сондай-ақ мұндай жиын №7 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, №2 қалалық сотта, «Қоғамдық келісім» КММ-де, «Тараз» кәсіпқой футбол клубында, «Нұр банк» АҚ-ның қалалық филиалында өтті.

Жалпы Жолдауды түсіндіру мақсатында бүгінгі күні қала көлемінде 200-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған қаланың 6 000-нан аса тұрғыны тартылыпты. Ал жергілікті басылымдарда 56 материал, ақпараттық агенттіктерде 29, телеарналардан 27 сюжет көрсетілген. Әлеуметтік желілерде 100-ден астам пост жарияланған. Сондай-ақ 2 бейнеролик «JAMBYL», «77 ТV» телеарналарының эфирінен күніне 2 рет жиілігімен берілуде. Осы материалдар әлеуметтік желілерде де көрсетілуде. Сонымен қатар билбордтарға 9 баннер мен пилондарға 4 баннер орнатылыпты. Ағымдағы жылдың 6 қарашасына дейін пилондарға қосымша 4 баннер мен шағын архитектуралық нысандарға 5 баннер орнатылады.

Comments (0)
Add Comment