Жолдасы жүкті екенін білген соң кетіп қалған: Жатыр ісігіне шалдыққан тараздық келіншек 40 жасында үшем босанған

Ләйлә Самыратбаева бір күнде үш бірдей бақыттың құшағына бөленген жалғызбасты ана. Жастай тұрмысқа шыққан оны орталарында бала болмаған соң күйеуі тастап кеткен. Отандық дәрігерлер жатыр ісігі деген диагноз қойып, көп уақыт өмір сүре алмайтынын айтқан. Алайда ол бала сүю деген арманынан ешқашан бастартпапты. Өз мақсатына жету үшін соңына дейін күрескен әйел басынан өткен қиыншылықтары туралы Stan.kz ақпарат тілшісіне айтып берді,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.

Бірнеше жыл осы дертпен күресіп, өзін дәрменсіз сезінген әйелдің ауруын емделуге барған жері жоққа шығарған. Бала сүюге қабілетті екенін естігенде Ләйлә өмірінің  ең басты мақсаты –  балалы болып, ана атанар күннің алыс емес екеніне қуанады.

Әйел күйеуімен ажырасқан соң басқа ер адаммен көңіл жарастырып, үйленетін болып шешеді. Ұзақ уақыт емшіге барып емделгеннен кейін Ләйлә ақыры жүкті болып, бірден үшем босанады. Бірақ бұл жолы да әйелді сүйіктісі тастап кетіп қалады.

Алайда 40 жасқа дейін бөпелі болуды аңсаған келіншек құрсағында үшемнің жатқанын естігенде өмірдің басқа қиындықтарын ұмытып кетеді. Ең маңыздысы құрсағындағы үшемді аман-есен дүниеге алып келуді ғана ойлайды.

“Балаларым құрсағымда жатқанда дайындала бастадық. Бөпелерім қиналып  қалмасын деп қаражат жинадым. Баспанам жоқ, өзіміз пәтерді жалдап тұрамыз. Бірақ балаларымның амандығының қасында басқа қиындықтардың түк еместігін білемін. Балаларымның аттарын Нұриман, Нариман, Нұрислам деп інім қойды. Олардың тегі өз атымда. Жұрт «үшеуі бір бірінен айнымайды екен, қалай ажыратасыз?» деп сұрайды. Мен анамын ғой. Өзім бірден ажыратамын. Бір баланың өзін қараудың өзі оңай емес, үш бірдей бөпені бағу тіпті қиын екен”, – дейді үшемнің анасы.

Әйелдің айтуынша, балаларды анасы екеуі бірге қарайды.

“Олардың қасында біреуіміз отырғанда екіншіміз тамақ істеп, кір жуамыз. Мен WhatsApp әлеуметтік желісінде «үшемдердің аналары отыратын группаға қосылғанмын. Сол жерде бір-бірімізден кеңес сұрап, үшемдерге қатысты мәліметтермен бөлісіп, білген-түйгенімізді үйретіп отырамыз. Тіпті сол группа арқылы балаларыма киім де алып тұрамыз. Кез келген қолдау біз үшін үлкен көмек. Мен құрсағыма сәби біткенде осы балалардың амандығынан өзгені сұрау артық ойлап, барлық тауқыметке дайын едім. Бірақ ай сайын жалға алған пәтердің төлемі оңай болмағандықтан, жанымызға батқаны баспана мәселесі болып тұр”, – дейді Ләйлә.

Келіншектің әкесі өмірден озған. Қасында қарт анасы, қарайласып тұратын бауырлары бар. Анасы балалардың қасында жүріп қызына қолғабыс етеді.

Үшемді  жаялығы мен киімдерін ауыстырып, далаға серуендеуге шығарайық деп шештік.

Сол сәт Ләйла біздің түсірілім топқа «сіздердің де көмектеріңіз қажет. Ал байқап көріңіздер, үшем баққанның қандай екенін» деп әзілдеді. Шынында да оларды бағып-қағу оңай емес. Бір баланың күртешесі мен етігін киіндіріп болғанша, екінші бала шешіп үлгереді. Үшіншісіне қараймын дегенше біреуі құлап, жылап жатады. Аяғы шыққан балалардың бітпейтін қимыл-қозғалысы да көп.

Үшемнің бірі түсіріп жүрген камераның соңынан қуып, қызығып, оператордың соңынан қалмаса, екеуі жатырқап жылап қашып жүр. Алайда далаға шығу бұл үш құлыншақ үшін үлкен мереке іспетті. Жадырап сала берді. Мәре-сәре ойнап кетті. Күн суық болғандықтан, далаға жиі шықпайтыны көрініп тұр.

“Жиен немерелерімді сондай қатты жақсы көремін. Қызымның ана атанғанының өзі біз үшін де,  өзі үшін де үлкен мәртебе. Қызымның жағдайын қатты түсінемін. Балаларына қарайласқаныммен, аяғым ауырады, отырып-тұруым қиындау. Ұшып-қонып, бар тірлікті жасайтын Ләйләнің өзі. Енді осы перзенттеріме Алла денсаулық беріп, баспаналы болса деп тілеймін”, – дейді қарт ана.

 

 

 

Comments (0)
Add Comment