Жамбылда жолдар кезең-кезеңімен ашылуда

Ауа райының нашарлауына байланысты (жаңбыр,  қар) облыс әкімінің тапсырмасымен Жамбыл облысы аумағындағы жолдарды тазалау,  күтіп ұстау шаралары күшейтілді. Жауапты мекемелермен тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылуда.
Кеше,  яғни,  биылғы жылдың 9 желтоқсан күні сағат 22:45-тен бастап Жуалы ауданында ауа райының күрт нашарлауына (қалың қардың жаңбырға ауысуы және минус температура) байланысты республикалық маңызы бар «Алматы–Термез–Ташкент» автожолының 534–593 шақырымындағы Айша бибі ауылы – Түркістан облысының шекарасы аралығындағы учаскеде ауыр жүк көліктерінің қозғалысы уақытша тоқтатылған болатын.
Сонымен қатар қалың қар мен боран салдарынан 9 желтоқсан сағат 23:00-ден бастап республикалық маңызы бар «Алматы–Ташкент–Термез» автожолының 159–238 шақырымындағы Кенен ауылы – Қайнар ауылы (жаңа «Қордай» асуы) учаскесінде де барлық көлік түрлеріне қозғалыс шектелді. Көлік қозғалысы баламалы бағыт – ескі «Қордай» асуы арқылы жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда жолдарда жиналған, тұрып қалған жүк көліктері жоқ. Жолдар кезең-кезеңімен ашылуда.
Айта кетейік,  бүгінде өңірдегі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 4 401 шақырым.
Республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау жұмыстарын «ҚАЖсервис» ЖШС-ның Жамбыл облыстық филиалы атқаруда. Қыс маусымына дайындық аясында мекеме 6 жылу пунктін және 14 өндірістік базаны әзірледі. Жолдарды тазалауға 90 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, қосымша 10 техниканы (8 жүктиегіш, 2 автогрейдер) жалға алу туралы келісімшарт жасалды.
Инертті материалдар қоры: құм – 20 549 м³, тұз – 5 709 тн, көмір – 63 тн, химиялық реагент – 125 тн.
Жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстауға 385,5 млн теңге қарастырылған. Бұл жұмыстарға 21 мердігер ұйым тартылып, 178 бірлік техника жұмылдырылды. Қысқы маусымға қажетті инертті материалдар толықтай әзір: 14 925 тн құм және 1 500 тн тұз жасақталған.
Тараз қаласы бойынша «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС 2025–2026 жылдың қысқы кезеңінде қаланың қарын күреуге және тұз аралас құм себуге арналған 50 арнайы техниканы қолданады. Қажеттілікке қарай қосымша ауыр техника (автогрейдер) жалға алу үшін тиісті келісімдер жасалуда. Қоймадағы материалдар қоры: құм – 5 176 м³, тұз – 1 530 тн.
Тараз қаласы мен барлық аудандарда қар тазалау жұмыстары қарқынды жүруде.
Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары!
Баршаңызды ауа райының қолайсыздығына байланысты жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз!

 

Жамбыл облысының әкімдігі

Comments (0)
Add Comment