4 желтоқсанда кешке пиротехникалық бұйымдар тиелген көлік өртеніп, Нұр-Сұлтан – Щучье тас жолында қозғалыс уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ерекше жол-көлік оқиғасының куәгерлері өртті видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жүктеген.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның Бурабай ауданында Нұр-Сұлтан – Щучье тас жолының 212-ші шақырымында болғанын жеткізді.
«Жолдың 30 шаршы метр аумағында пиротехникалық бұйымдар тиелген DAF жүк көлігінің жартылай тіркемесінде өрт болды, салдарынан көліктің тіркемесі толығымен жанып кетті. Өрт 22.05-те ауыздықталды. Жолдағы қозғалыс сағат 22.40-та қалпына келтірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлар қызметі (19 қызметкер мен төрт техника) жұмылдырылды», – деді департамент өкілдері.