Жолаушылар жайлылығы – басты орында

Қаланың күнделікті өмірі қарбалас тіршіліктен, үздіксіз қозғалыстан құрылған. Таңертеңгі жұмысқа асыққан жолаушыдан бастап, кешкісін үйіне қайтқан тұрғынға дейін – бәріне ортақ бір қажеттілік бар. Ол – сенімді, жайлы және қолжетімді қоғамдық көлік. Сондықтан автобус күн сайын мыңдаған адамның басты қатынас құралына айналып отыр.

Оның үстіне жыл өткен сайын Тараз қаласында халық саны артып, соған сай жолаушы ағыны да көбейіп келеді. Таңғы және кешкі қарбалас уақытта автобустардағы орын тапшылығы, оларды ұзақ күту, маршруттардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер тұрғындардың жиі шағымына айналғаны жасырын емес. Сондықтан автобус санының артуы бір ғана көлік жүйесіне емес, тұтас шаһардың тыныс-тіршілігіне оң әсер етері сөзсіз. Біріншіден, бұл – уақыт үнемдеу. Яғни, жолаушылар автобус күтіп ұзақ тұрмайды, діттеген жеріне уақытында жетеді. Екіншіден, экологиялық жағынан тиімділігі – жеке көліктерден бас тартып, автобуспен жүру ауа сапасын жақсартады. Үшіншіден, экономикалық тұрғыдан оңтайлы тұсы – халықтың көлікке жұмсайтын шығыны азаяды, ал жаңа автобустар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады.
Аталмыш өзекті мәселе жергілікті биліктің назарынан тыс қалған емес. Тараз қаласын дамытудың үш жылдық жоспарында да бұған баса мән берілген. Нәтижесінде бұл бағыттағы үш жылдық жоспар екі жылда орындалды.
Дегенмен, жыл басында Тараз қаласына қосылған он төрт елді мекеннің тұрғындары тарапынан соңғы кездері шағым жиілеген болатын. Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жолаушылар тасымалының жай-күйімен танысу үшін қала әкімі Бақытжан Орынбековпен бірге екі бағыттағы қоғамдық көлікке мініп, тұрғындармен тілдесті.
«Талас» станциясынан бастап қозғалған алғашқы бағытта (№62 маршрут) облыс басшысы қоғамдық көліктің сапасы, қозғалыс жиілігі мен халықтың жолға жұмсайтын уақыты жөнінде жолаушылардың пікірін тыңдады. Тұрғындар автобустар арасындағы уақыт жиілігі көңілден шықпайтынын айтып, аялдамалар салу, осы бағыттағы автобустардың санын арттыру мәселелерін көтерді.

Келесі кезекте аймақ басшысы Қызыл жұлдыз елді мекеніне қатынайтын автобусқа (№1 маршрут) мініп, бұл бағыттағы да ахуалды бағамдады. Ондағы көліктер ескі, тар, халыққа ыңғайсыз екені анық байқалды.
– Облыс орталығына жаңадан қосылған алқап тұрғындарынан қоғамдық көлікпен қамтуға қатысты шағым көп. Соны көзбен көру мақсатында бүгін арнайы шықтым. Тұрғындар орынды мәселе көтеріп отыр. Жақында сатып алынатын автобустарды бірінші кезекте осы мәселелерді шешуге, көлік тапшылығы қатты сезілетін аумақтарға беру қажет. Тозығы жеткен аялдамаларды реттеу маңызды, – деген облыс әкімі қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, өткен жылы қаладағы автобустар саны 330-дан 437-ге дейін, күнделікті қызмет көрсетуге шығатын автобустар саны 270-тен 360-қа дейін артты.
Жалпы, 2023 жылдан бүгінге дейін Тараздағы қоғамдық көлік парктері 290 жаңа заманауи автобуспен толыққан. Ағымдағы жыл соңына дейін тағы 70 автобус жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол бойынша тұрғындар сұранысына сәйкес жаңа маршруттар ашылып, қаланы қоғамдық көлікпен қамту мәселесі толықтай шешілмек.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment