Жол жөндеу жұмыстары жоспарлы жүруде

Жол жағдайы – қай кезде де маңыздылығын жоғалтпай келе жатқан мәселенің бірі. Сондықтан да «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» дейміз. Расында, қаланың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көріністі осы жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының икемділігі де жайлы жолдың көмегімен болары анық.

Бұл ретте тұрғындардың бар тілері – күнделікті өмірде қажетті дүниелердің барлығы, оның ішінде өзіміз жүріп жүрген жолдың жанға жайлы болуы. Аталған жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек екенін айтқан еді.
«Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», – деген болатын.
Жоғарыда айтқанымыздай, халық қатынасын қамтамасыз етіп отырған жол мәселесі қай кезде де назардан тыс қалған емес. Осы себепті де ел Президенті бұл жайтты жыл сайынғы Жолдауларында үнемі көтеріп отырады. Мәселен, өткен жылы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да Қ.Тоқаев автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиістігін еске салған. «Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақытылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет», – деп нықтап айтқан еді.
Бұл тұрғыдан келгенде Тараз қаласының дамуы мен көркеюі бағытында жол құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл шаралардың барлығы былтыр қабылданған Тараз қаласының үш жылдық даму жоспарында тайға басқан таңбадай анық көрсетілген болатын. Атап айтсақ, 2023 жылға 144 көше, бұрылыс және тұйықтарды орташа жөндеуден өткізу, Саңырық батыр және Шостакович көшелерін қайта жаңғыру, «Барысхан» және «Бурыл» тұрғын алқаптарында жол құрылысын жүргізу жоспарланған еді.
Ал биыл 107 көше бұрылысы, 6 жаяу жүргіншілер жолы, «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптары мен 28 саяжайдың жолдарына шағал төселіп, бас-аяғы 22 жоба бойынша жұмыс жүреді деп күтілуде. Одан бөлек, А.Асқаров, Қолбасшы Қойгелді және Рысбек батыр көшелері қайта жаңғыртылады. 2025 жылы 86 көше орташа жөндеуден өтіп, 4 көше қайта жаңартылмақ.
Қазіргі таңда қала аумағында 878 көше, 3 даңғыл, 465 бұрылыс, 50 тұйық пен 49 өткел – жалпы 1 445 көше жолы бар. Оның ішінде асфальтталған көшелер саны – 838, ал шағал төселген жол- дар – 607. Жолдардың жалпы ұзындығы 1 888,5 шақырымды құрайды.
Жол жабыны төселмеген көшелердің санын азайту мақсатында өткен жылы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 145 көше, бұрылыс, тұйық пен өткелді, сонымен қатар 6,9 шақырым жаяу жүргіншілер жолын жөндеу үшін 45 жоба қолға алынған болатын. Бүгінгі күнде 45 нысанның 43-і аяқталып, 139 көшенің жолы тақтайдай тегіс болды. Жалпы алғанда, 77,8 шақырым жол жөнделді. Қалған 2 нысандағы құрылыс биыл аяқталмақ.
Сапалы жол жабынының төселуін көптен күткендердің бірі – «Бурыл» алқабының тұрғындары еді. Өйткені бұл алқапқа халық қоныстанғалы бері бірде-бір көшеге асфальт төселмеген. Өткен жылы жүргізілген жоспарлы жұмыстың нәтижесінде аталған аумақтағы бірқатар көше асфальтталып, бурылдықтардың кедергісіз қатынауына жағдай жасалды.
Жалпы аталған «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабына арналған жоба бойынша 33,7 шақырым жолға, яғни 75 көшеге асфальт жабынын төсеу қарастырылған. Десе де, былтыр тұрғындар сұранысына орай, қоғамдық көлік жүретін негізгі 5 көшені асфальттау жоспарланған еді.
Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде, аталған алқап көшелеріне асфальт жабындысын төсеу жұмыстарына «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты деп танылған болатын. Нәтижесінде, 3,1 миллиард теңгеге келісімшарт жасалған. Өткен жылға жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Айта кетер жайт, бұл сома тек 5 көшедегі жол құрылысына арналған. Алайда мердігер компания өз қаражаты есебінен қосымша 8 көшеде жұмыс жүргізіп, бас-аяғы 13 көшеге асфальт төселген.
Бұл ретте алқап тұрғындары көп жылдан бері кезегін күткен мәселенің шешілуіне қозғау салған әкімдікке де, жұмысты сапалы жүргізіп берген жолшыларға да айтар алғыстары шексіз болып отыр.
– Біз «Бурылға» қоныстанғалы 11 жылдан асты. Сол уақыттан бері мұндай тегіс жол бізге арман болып келген. Өйткені балалар мектепке, жоғары оқу орнына барарда лай-батпақты басып жүруге мәжбүр болатын. Ендігі кезекте олар да, біз де бұл ыңғайсыздықтан құтылып отырмыз. Сол себепті аталған істің жүзеге асуына себепкер болған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді алқап тұрғыны Зәбира Жақсымбетова.
Сонымен қатар өткен жылы қаланың негізгі көшелерінің бірі болып сана-латын Желтоқсан көшесінің Төле би даңғылы мен Ы.Сүлейменов көшелері арасындағы бөлігін жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілді. Көшенің аталған бөлшегінде оқу орындары, денсаулық сақтау нысаны және мемлекеттік мекемелердің орналасуы көлік ағынының тығыздығын туындатқан еді. Осыған байланысты ұзындығы жарты шақырым болатын жолды кеңейтіп, жабынын жаңарту бойынша басталған жұмыстарды «Bgrass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Акгем Строй» ЖШС техникалық қадағалауымен жүргізіп шықты.
Бұдан бөлек, ұзындығы 5,6 шақырым болатын 2 көшені қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді. Нәтижесінде, мердігер «Арайстроймаркет-2003» ЖШС Саңырық батыр көшесі бойынша 2023 жылға жоспарлаған жұмыстарын аяқтады. Аталған көшенің жөндеу жүрген бөлігінің ұзындығы 3 шақырым 600 метрді құрайды. Техникалық қадағалаушы – «Құрылыс Экспертиза» ЖШС. Мұндағы құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жолдың ені 14 метрге дейін кеңейіп, көлік қозғалысына ерекше екпін береді.
Облыс орталығындағы күрделі жөндеуді қажет еткен көшелердің бірі Шостакович болатын. Өйткені шағынаудандарды жалғап жатқан көшемен адамдар да, көліктер де көп жүреді. Көше тар болғандықтан, кептеліс те жиі орын алып жатады. Былтыр осы олқылықтың орны толып, аталған көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер «UNISERV» ЖШС Әл-Фараби көшесінен бастап Саңырық батыр көшесіне дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тәмамдады. Осылайша қайта жаңғырту жұмыстарына 2023 жылға бюджеттен 781 345,0 мың теңге бөлініп, толығымен игерілген.
Сондай-ақ 2023 жылы «Нұрлы Жол-7» ЖШС 29 904 шаршы метрді ағымды жөндеуден өткізсе, үнемделген қаражат есебінен «RusStroy» ЖШС 4 622 шаршы метр, «НұрАбдрахман жолдары» ЖШС 5 800 шаршы метр аумақта жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Облыс орталығы тұрғындарының санының артып келе жатқанын ескере отырып, шаһарда жаяу жүргіншілер жолын салу да назардан тыс қалған емес. Әсіресе мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандарға баратын жолдарға айрықша көңіл бөлініп отыр.
Нәтижесінде, өткен жылы қалада жалпы 11 жоба бойынша ұзындығы 14 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынды. Оның ішінде ұзындығы 8,7 шақырымды құрайтын 9 жоба бойынша орташа жөндеу және ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын 2 жоба бойынша қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осылайша Жүргенов, Братская, Иманалиев, Желтоқсан, Қ.Сәтбаев, Қосанов, Сәрсенбаев, Саңырық батыр, Шостакович, Жамбыл мен Төле би даңғылдарының қиылысы, №45 мектеп және №45 балабақша маңы, №7 және 9 ықшамаудандардағы мектеп пен балабақшаларға баратын және Б.Момышұлы көшесі 4-бұрылысының тұрғындары жаяу жүргіншілер жолының игілігін сезінуде.
Сонымен қатар қаланың Бас жоспарына сәйкес, шаһар аумағына Байзақ пен Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен мен екі саяжай қосылуы есебінен тұрғындардың саны 570 мыңнан асып жығылады деп жоспарлануда. Осының әсерінен шаһарда көлік қозғалысы көбейері сөзсіз. Сондықтан ел аузында «За линией» аталып кеткен теміржолдың арғы бетіндегі аумақ пен орталықты байланыстыратын жол өткелі салынбақ.
Осы мақсатта Абай даңғылы бойында 2 көпір салуға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге, мемлекеттік сараптамадан өткізуге жергілікті бюджеттен 65 000,0 мың теңге бөлініп, жобалаушы мекеме «ДӘН-Қо» ЖШС-мен жалпы 58 499,9 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда Абай даңғылындағы жол өткелін салуға құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылып отыр. Ал Абай даңғылынан №14 ықшамауданға өтетін көлік өткелінің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Алдын ала жоспар бойынша аталған құжаттар ақпан айында мемлекеттік сараптамаға ұсынылып, қорытындысы сәуір айында алынады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Тараз қаласынан Алматыға қарай шығатын Талас өзені арқылы өтетін 2 көпірді қайта жаңғырту бойынша мердігер «ДӘН-Қо» ЖШС-мен шарт жасалып, жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, сараптамаға ұсыну жоспарланып отыр екен.
Жолдың жайын қозғаған кезде тек оның жөнделуі мен жаңаруын ғана айтып қоймай, көліктер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз болуы жағын да қарастырып кеткен абзал. Аталған мақсатта өткен жылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 320 млн теңге қаралған. Оның ішінде 53,3 млн теңгеге Тараз қаласы Полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімшесінің нұсқамасына сәйкес, мердігер «Строй Монтаж Group» ЖШС қаңтар-ақпан айларында 275 дана жол белгісін орнатқан. Сондай-ақ жол көлік оқиғалары орын алатын Ташкент-Қазыбек би, Крупская-Көшек батыр, Айша бибі-Әбішев көшесінің 2-бұрылысы секілді аса қауіпті учаскелерде 3 жаңа көлік бағдаршамы орнатылған. Ал Абай даңғылы мен Сыздықов көшесінің 1-бұрылысы, А.Асқаров көшесінің аяғындағы «Родничок» саяжайының маңы секілді тұстарға 2 жаңа жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам қойылған.
Келесі кезекте қалған 266,7 млн теңгеге Тараз қаласы Полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясы және Жамбыл облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының келісімімен жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген. Нәтижесінде, жеңімпаз-мердігер «Строй Монтаж Group» ЖШС-мен «Тараз қаласында 2023 жылға арналған бағдаршамдарға техникалық қызмет көрсету, орнату және қалпына келтіру қызметтері» бойынша 81,48 млн теңгеге келісімшарт жасалған.
Қазіргі таңда мердігер 339 дана жол белгісін, 300 метр жасанды кедергі орнатып, 217 дана жол белгісін түзеткен. 53 141,2 шаршы метр жолды таңбалау жұмыстарын да жүргізіп үлгерген. Одан бөлек, бағдаршамдарда сақтандырғыш (предохранитель), кабель, секция, жарықдиодты шамдар, ӘЖБ (әмбебап жол бақылаушысы), варистор, клеммник, линза, автомат, жаяу жүргінші бағдаршамын ауыстыру, таймерлерді жөндеу және өзге де қажетті жұмыстар атқарылған.
Бұдан бөлек, қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 2024 жылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қала әкімдігінің экономика бөліміне 780 000,0 мың теңгеге бюджеттік өтінім берген. Сонымен қатар «ДорПроект-2020» ЖШС 2024 жылға жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге кіріскен.
Ал биылғы қаңтар-ақпан айларында пролонгация есебінен 150 метр жасанды кедергісін, 290 жол белгісін, жаңа 1 дана көлік бағдаршамын орнату және бағдаршамдарды күтіп-ұстау жұмыстары жоспарланып отыр екен.
Аталған жұмыстарды үзбей жалғастыру мақсатында тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Тараз қаласы Полиция басқарма-сымен тұрақты байланыс орнатқан. Нәтижесінде, тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, 2024 жылы 1 723 жол белгісін, 1 000 метр жасанды кедергі орнату, 70 000 шаршы метр жолды таңбалау, 1 дана бағдаршамға «Қызыл плюс» белгісін орнату секілді жұмыстарды атқару қажет етіліп отыр екен. Осы ретте полицейлер қаланың ескі айналма жолының Жамбыл даңғылымен, «Қайнар» алқабымен, А.Асқаров көшесінің аяғымен түйісер тұстарына және Жібек жолы көшесі мен Б.Хмельницкий көшелерінің қиылысына 4 дана көлік бағдаршамын орнатуға кеңес берген. Сонымен қатар бөлім алдында Байзақ батыр, Тәуке хан, Ы.Сүлейменов және А.Асқаров көшесі, Төле би даңғылы бойында арнайы белгіленген жерлерге 7 дана жаяу жүргіншілер бағдаршамын орнату міндеті тұр. Сонымен қатар Байзақ батыр, Қазыбек би, Қолбасшы Қойгелді, С.Сейфуллин, Әл-Фараби көшелері мен Абай және Төле би даңғылдарының бойынан бекітілген жерлерге 8 дана проекциялы жаяу жүргінші өткелін салу да мақсат етілген. Айта кетер жайт, өткен жылдың аяғына дейін Тараз қаласы Полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімшесі берген 345 нұсқаманың 100-і орындалып үлгерген.
Міне, қала жолдарын жөндеу мен қазылған жерлерді қалпына келтіру жөніндегі өткен жылы атқарылған істер ауқымы осындай. Жұмыс көлемі аз болмады. Қала көшелерінің дұрыс кейіпке еніп, маңайының абаттандырылып, тұрғындарға жайлы болуы осы жұмыстардың ойдағыдай әрі сапалы атқарылғанына байланысты екені белгілі. Десе де, 2023 жылдың бедерінде жүзеге асырылған осынау жобалардың арқасында көне шаһардың көшелеріне әр кіріп қалды. Облыс орталығы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, келімді-кетімді жолаушылардың да көп болатыны анық. Сондықтан қаланың гүл жайнап, әсем болып тұруы тараздықтар үшін тым маңызды.

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment