Тараз қаласын дамытудың 3 жылдық жоспарында жолдарды жөндеуге ерекше екпін түсірілген. Осы бағытта алдағы жоспарлар айқындалып, межелі міндеттер белгіленді. Соның нәтижесінде бүгінде шаһардағы жол жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Солардың бірі – О.Иманәлиев көшесі. Мұнда бұған дейін жол жөндеуші мекеме жаяу жүргіншілер жолын ретке келтірген болатын. Енді бірер күн бұрын мердігер компания көшеге асфальт төсеу жұмыстарын бастады.
«B grass» ЖШС-нің мердігерлігімен қолға алынып жатқан құрылыс жұмыстарының жалпы ұзындығы 1 шақырым 50 метрді құрайды. Техникалық қадағалаушы – «ALILFE» ЖШС. Қазір жол құрылысына 12 техника, 15 жұмысшы тартылған.
Облыс орталығындағы күрделі жөндеуді қажет ететін көшелердің бірі Д.Шостакович болатын. Өйткені ықшамаудандарды жалғап жатқан көшемен көлік те, адам да көп жүреді. Көше тар болғандықтан, кептеліс те жиі орын алады. Міне, биыл осы олқылықтың орны толып, аталмыш көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде.
Жаздың алғашқы айында басталған құрылыс жұмыстары қазір қарқынды. Мұнда жол жабындысының екінші қабаты төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынуда.
Ұзындығы 2 шақырым 800 метр болатын жол жөндеу жұмысын «UNISERV» ЖШС жүргізуде. Техникалық қадағалаушы – «Қабылан эксперт» ЖШС. Бүгінгі таңда құрылыс алаңында 14 техника, 20-ға жуық адам жұмыс істеуде.
Құрбанәлі Шахабай