Жол сапасы бақылауда

Облыс орталығында автокөлік жолдарының орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде мердігер компаниялар ондаған көшенің асфальтын жаңартқан.

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

Мәмбет батыр көшесі мен Жамбыл даңғылының қиылысында автокөлік жүргізушілері үшін шағын, бірақ өте маңызды жол бөлігі ашылды. Мұнда үнемі «Ауыл-Береке» базарынан келетін көліктерден ұзыннан ұзақ кептеліс болатын. Қозғалысты сәл жеңілдету үшін Мәмбет батыр бойымен автовокзал бағытына бұрылыс жолы салынды.

– Жұмыстың жалпы құны 13,5 миллион теңгені құрады. Топырақ деңгейін көтеруге, сондай-ақ қиылысқа кіреберісті кеңейту, жол белгілерін орнату және жаяу жүргіншілер жолдарын жабдықтадық. Бізде барлық нысандарда ауысыммен жұмыс істейтін 52 адам еңбек етеді, – деді «Тараз көлік жолы» ЖШС директорының орынбасары Батырбек Батчаев.

«Тастақ» алқабында бірден Волков, Пацаев, Добровольский және Ровненская көшелеріне тас жол төселіпті.

– Бұл жұмысты аяқтауға бізге үш ай мерзім берілген болатын. Алайда біз өз бұл шаруаны бір айда тындырдық. Бұрын бұл жолға қиыршық тас төселген болатын. Ал қазір асфальт төселген соң, ауданның ажары өзгерді. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бізге алты адам келді, үшеуін тұрақты жұмысқа қалдырдық, – деді «Айя-сервис» ЖШС басшысы Бекир Аладдинов.

Сонымен қатар мердігер мекеменің жұмысшылары жергілікті «Салы Ата» мешітінің алды мен автотұрақ жолдарын тегін асфальттап, алқап тұрғындарының алғысын алыпты.

«Тараз көлік жолы» ЖШС Самарқанд көшесінен Аппаев көшесіне дейінгі аралықтағы Абай көшесін кеңейту жұмыстарын жүргізген. Енді мұнда жол төселімінің ені 12 метрді құрайды, бұл қосымша екі автомобиль жолағын қосуға мүмкіндік беріп отыр. Төселген тас жолдың ұзындығы – 2385 метр. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 227 миллион теңге қаражат бөлініпті. Айта кету керек, жұмысшылар бұл тас жолға екі қабат асфальт төсепті.

– Жұмыс тобы барлық жұмыс процесін бақылап отырды. Жол сапасы орталығымен бірлесе отырып, асфальттың температурасынан бастап құрамына дейін барлығын тексердік. Зертхана талаптарға толық сәйкестік туралы қорытынды берді. Ал құрылысшылар жолдың сапасына 3 жылға дейін кепілдік беріп отыр, – деп түсіндірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Әжібаев.

«Тараз Прогресс» ЖШС-нің «Шалғай Қарасу» алқабы мен мен темір жол желісінің маңындағы жолды жаңартқан. Галунчин және Целиноград көшелерінің жол бөлігіне асфальт төселіп, оған бюджеттен 12,6 миллион теңге бөлініпті.

– Біздің учаскелерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген 13 жұмысшы еңбек етті. Олардың үшеуі штатта қалды. Жергілікті асфальт сапалы екенін атап өткім келеді. Егер битумның сапасы сәл жоғарыласа, нәтиже көпшілікті таң қалдыруы мүмкін, – дейді «Тараз Прогресс» ЖШС-нің директоры Сергей Леонтьев.

Comments (0)
Add Comment