Жол салу – үйге «пол» салу емес

«Жол қадірін жүрген біледі». Тақтайдай тегіс жол жүргізушіні де, жолаушыны да жан рахатына бөлейтіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде жол апаттарының алдын алуға да ықпал етеді. Жалпы, өткен жылы өңірде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85-тен 90 пайызға, ал көше желілері 76 пайызға өскен. Соның есебінен аймақ еліміз бойынша 2-орынға шықты.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс 52 миллиард теңгені құрайтын 82 жобаны іске асыруды ұсынып отыр. Егер бұл жобалар мақұлданса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 2025 жылға қарай 100 пайыздық межені бағындыру көзделуде.
Жылдан жылға құлпырып, сұлуланып келе жатқан көне шаһардың жолдары да соған сай болуы тиіс. Жүйткіген жолдар сырттан келетін туристердің де қызығушылығын тудырып, алаңсыз демалуына жол ашады. Қолдағы бар мәліметтерге сүйенсек, облысқа келетін туристердің саны 100 мыңға жетіп жығылады. Демек, шаһардың көрікті жерлерін көргісі келетіндердің қатары ұлғайғанын осы сандар айғақтайды. Сондықтан да қаладағы жолдардың сапасы жіті назарда болғаны жөн. Қалалық тұрғын жай-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің дерегінше, шаһар бойынша 2019, 2020, 2021 жылдарға жол құрылысы бойынша 26 жоба бекітілген. Бұл жобаға қаладағы 78 көше кірген. Әсіресе, жол машақатымен кездескен «Тайвань», «Залиний», «Шалғай Қарасу» алқаптары мен Қойгелді, Әйтиев сынды көшелер осы жобаға енгізілген. Жалпы 56,6 шақырымды құрайтын жолдардың құрылысына қазынадан 1521 миллиард теңге қарастырылып отырған көрінеді. Жуырда шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев облыс орталығындағы құрылысы жүріп жатқан жолдармен танысып, мердігерлерге жұмыстарды күн суытпай аяқтауды тапсырған болатын.
Сапасыз жол суырып алып, қайта қаға салатын еден емес. Сондықтан да оның сапалы болуы аса маңызды. Өйткені кем-кетігі көп жолдар көлік апаттарына да себепші болатын жағдайлар аз емес. Өкінішке орай, соңғы жылдары облысымыз жол-көлік оқиғасы бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл тұста шаһардағы көрсеткіш те көңіл жабырқатады. Облыстық Полиция департаменті қызметкерлері тарапынан өткен жылы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автомобиль жолдарына 1711 тексеру жұмыстары жүргізіліп, 195 жауапты маман әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Демек, бұл сапасыз жолдардың мәселесі әлі де күрмеулі тұрғанын көрсетеді.
Салынған тегіс жолдың қалпын бұзбай, оған зиян келтірмеу де кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Ұлттық жол активтері сапасы орталығы облыстық филиалының дерегінше, жол сапасының бұзылуына ауыр жүк көліктерінің тигізіп отырған кесірі орасан. Мәселен, жыл са- йын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізілетін көрінеді. Бірақ осы жолмен ауыр жүк көліктері жүргендіктен, жол ақаулары пайда болуы да жиілеген. Талдау көрсеткендей, 60 пайыз автожолдардың бүлінуі ауыр жүк көліктерінің көбеюінен болып отыр екен.
Жол – экономиканың күретамыры десек, олардың сапалысы қауіпсіздікке кепіл болады. Сондықтан да жол құрылысында олқылықтарға жол беруге болмайды. Өйткені, мұндағы қателік адам өмірімен өлшенуі мүмкін.

Құрбанәлі Шахабай

Comments (0)
Add Comment