Жол картасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

«AMANAT» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.

Басқосуға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары және «АМАNAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қатысты.
Әуелі сөз алған шаһар басшысы «AMANAT» партиясының Тараз қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 2024 жылғы орындалу барысы туралы баяндады.
– Аймақтық Жол картасы аясында қалада бірқатар жұмыс атқарылуда. Есепті кезеңде 62 көрсеткішке қол жеткізу көзделіп, оның 33-і орындалса, 14-і орындалу үстінде, 6-ның жүзеге аспау қаупі бар.
Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілер арасында 17 меморандум жасалып, 21 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдау аясында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 62 мың адамға дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарланса, іс жүзіндегі нәтиже 70 мың адамға жетті.
Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру көрсеткішіне келсек, 2024 жылға қала ішіндегі жолдардың кем дегенде 45 шақырымын жөндеу көзделсе, ағымдағы жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтіп, 165 көшеге шағал тас төселді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 69 пайызға дейін артты.
Сонымен қатар шаһарға 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, биыл 155 автобус пайдалануға берілді. Осылайша межеленген жоспар артығымен орындалды.
Бұған қоса Жол картасында жыл сайын 2,5 шақырымнан астам жылу желілерін күрделі жөндеу және реконструкциялау белгіленген болатын. Осы мақсатпен ағымдағы жылы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы 4,6 шақырымды құрайтын «М-1» жылу магистралі қайта жаңғыртылды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы өзге де салаларда атқарылған ілкімді істерді тілге тиек етті.
Келесі кезекте фракция мүшелері көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
Жиынды қорытындылаған партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Жол картасын жүзеге асыру бағытында қала әкімдігімен бірлесе қолға алынған жұмыстар өз жалғасын табатынын жеткізді.

Аман ЕСЕН

Comments (0)
Add Comment